Астана қаласы,
Қабанбай батыр к-сі,
«Радуга» тұрғын үй кешені, 5/1

info@aqniet.com

«Aqniet» ҚҚ теологы Павлодар облысындағы «АП-162/3» түзету мекемесінде дәріс оқыды

«Өңірлерде түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасы шеңберінде Павлодар облысындағы «Aqniet» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» ҚҚ өкілдігінің теолог-консультанты Бейсенбин Ербол Касенұлы «АП-162/3» РММ-де қылмыстық жазасын өтеп жатқан сотталған діндарлар үшін «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды!» тақырыбында ұжымдық теологиялық сабақ өткізді.

 

Бүгінгі уағызымыздың тақырыбы тәртіп, тәрбие жайлы болмақ! Күллі адамзатқа ортақ құндылықтардың бірі - дін. Дін рухани байлық пен ізгіліктің, татулықтықтың, сабырлықтың, төзімділіктің, барша жақсылық атаулының бастау жолы. Ислам дінінің де ең басты ұстанымдары бейбітшілік, әділеттілік, сабыр, білімділікпен қатар тізбектеп айтатын болсақ, адамзат баласының ең жоғарғы құндылықтары болып табылады. Алла Тағала қасиетті Құранда былай деп айтады: «Негізінде Алла әділеттілік пен игілік-жақсылықты және де ағайын-туысқа қарасып, жәрдем етуді әмір етуде. Және де арсыздыққа, жамандық жасауға һәм азғындыққа тиым салуда. Сөздерінде тұрар, ойланар деп Ол сендерге насихат беруде» (Нәхл сүресі 90 аят). Яғни, діннің басты тақырыптарының бірі адам баласының тәрбиеленуі. Ал тәрбиелену үшін алдымен тәртіпке бағыну мәселесін түсіну керек. Қазақта «екі аққудың бірі басшы» деген даналық бар. Сондықтан әрбір қоғамның өзінің тәртібі, жүйесі болмақ.

 

Жалпы діннің барлық болмысы адам баласын тәрбиелеуге негізделеді десек артық айтқандық емес. Тәрбие еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін қажет. Дегенмен ең маңыздысы өскелең ұрпақтың ұлттық-рухани тәрбиені бойына дарытып өсуі бәрәнен де маңызды. Өйткені, тәрбие болғанда ғана, адамдық қасиет жүзеге асып, өмірдегі адамның орны айқындалады. Қазақтың батыр тұлғаларының бірі Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпсіз ел болмайды. Тәртіпке бағынған құл болмайды!» деп тәртіпке бағынудың құлдық еместігін атап көрсеткен. Тәрбие жайында мұсылман ғалымдар төмендегідей пайымдаулар жасайды. «Ислам дінінің көрнекті өкілі Имам Ағзам Абу Ханифа: «тәрбие тұлғаны тәрбиелейтін немесе бұзатын нәрсені білдіреді» десе, Мауәрди, тәрбие тұрғысында былай деген: «Тәрбие тірек сияқты. Алла сол арқылы ақылды кемелдендіреді».

 

Ибн Сина тәрбиеге «Қандай да бір нәрсені, әдетке айналдырғанша қысқа немесе ұзақ уақыт қайталау», -деген анықтама берген. Құранды тәпсірлеуде танымал болған Бәйзауи деген ғалым, тәрбиені «Бір нәрсені бірте-бірте дамыта отырып, кемелдікке жеткізу» деп түсіндірген. Сонымен қатар дінде адам тәрбиесі нәрестенің ана құрсағына түскеннен басталуы керек деген көзқарас бар. Бұл, тәрбиенің ананың қанымен және сүтімен даритындығын, адал тағам мен жақсы сөздің өзі құрсақтағы нәрестеге оң ықпалын тигізеді деген пікір. Қысқаша айтқанда, тәрбиенің сөздік мағынасын назарға ала отырып таным жасайтын болсақ, жеке адамның, сенімнің, қоғамның, қоршаған ортаның қойған талаптарына сай өзінің іс-қимылдарын, мінез-құлқын қалыптастыруы, қойылған шарттарға бейімделуі деуге болады.

 

Тәрбиенің мақсаттары да әртүрлілігімен ерекшеленеді. Кейбір ата-аналар балаларын, өмір мектебіне дайындау үшін тәрбиелейді. Кейбірі ғалым болуы үшін тәрбиелейді. Ал енді біреулері еліне, халқына қызмет ететін азамат болсын деп тәрбиелейді. Адамдар әртүрлі дәуірлерде заманның талабына сай тәрбиені алуан түрлі мақсаттарда қолданып келген. Қазақ халқы жаугершілік заманда ер баланы атқа мінуге, қару қолдануға тәрбиелесе, бейбітшілік заманда білім алуға, адамгешілікке, парасаттылыққа тәрбиелеген. Тәрбиенің жүйелі түрде берілуін сонау ежелгі гректерден көруге болады. Олардың түсінігінде ең құрметті адамдар, тәрбиенің талаптарын орындағандар болып саналған.

 

Қай кезеңде болмасын қоғамда тәрбиенің орны ерекше болған. Әр елдің, халықтың қанына сінген тәрбие беру ерекшеліктері бар. Ал ислам дінінде бұл тәрбие жүйесі өте сапалы дәрежеде құрылған және өзіндік түсініктерімен ерекшеленеді. Европалық үлгідегі тәрбиелеу жүйесінде тәрбие беруден көрі білім беру бағыты басым. Ал мұндай білім мен ғылымның белгілі дәрежеде кемшілігі болады. Себебі тәрбиесіз берілген білімнің қоғамға оң ықпал етпейтіндігін әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы және қоғамға опат әкеледі» десе, Шәкәрім Құдайбердіұлы «тәрбиесізге берілген білім оққа айналады, яғни адамзат үшін қатер тудырады» деген тұжырым жасаған.

 

Адамның жетілуі, тәрбиеленуі, іс-әрекет және қарым-қатынасты реттеу жағына дін ерекше көңіл бөледі. Діни түсінікте адамның мінез-құлқының қалыптасуында тектіліктің үлесін жоққа шығармайды, дегенмен адамның айналасындағы қоршаған ортаның ықпалына ерекше назар аударылады. Осы жайында Құранда былай делінеді: «Шындығында Алла елшісінде (пайғамбар) сендер үшін бір үлгі бар» (Ахзаб сүресі, 21 аят).

 

Сонымен қатар жақсы мен жаманды ажыратып, өзінің бағытын айқындауда адамға ақыл берілгендігін де назарға ұсынады. Адамдарды ойлауға шақырады: «Ал енді олар өздерінен бұрынғылардың соңының не болғанын жер жүзін кезіп көрмей ме? Әрине ақырет жұрты тақуалар үшін қайырлы ойланбайсыңдар ма?.». Осы сияқты 823 жерде білім түбірінен, 49 жерде ақылға салу турасында, 18 жерде ойлануға шақыратын үгіт сөздер Құранда орын алған.

 

Ал пайғамбар дұрыс жолдас таңдаудың да тәрбиеге ықпал ететіндігін мәлімдейді: «Жақсы жолдас пен жаман жолдас мысалы, қолында иіс суы бар адам мен көрік үрлеуші адам сияқты. Иіс суы бар адам саған оны сыйлайды немесе одан сатып аласын немес оның қош иісін сезесің. Ал көрік үрлеуші сенің киіміңді күйдіруі мүмкін немес одан жағымсыз иіс сезесің» дей отырып жақсы адаммен жолдас болудың тәрбиелік мәнін ашып көрсетеді. Құранның аятында: «Шын мәнінде мүміндер туыс-бауыр. Сондықтан екі туыстың арасын жарастырыңдар және Алладан қорқыңдар. Мүмкін игілікке бөленерсіңдер.» (Хужурат сүресі, 10 аят) делінеді.

 

Қоғамның қандай саласы болмасын тәрбие өзінің маңыздылығын жоймайды. Қарапайым адамның жеке бас тәрбиесінен бастап, қоғам алдындағы, құдай алдындағы ұстанымдарына дейін барлық деңгейде, барлық салада тәрбие түсінігі болады және адамның әлеуметтік дәрежесіне қарай да одан ерекше тәрбие түрі талап етіледі. Мысалы: Пайғамбардың мына хадисіне қарайтын болсақ, «Көршісі аш болып өзі тоқ болып түнеген мұсылман емес» дей отырып жауапкершіліктің көршілердің арасында да жоғары деңгейде көрініс табатындығын меңзейді. Әрбір мәнсапқа ие адамның әділ шыншыл, ісіне берік, іскер болуын бұйырады. Бұлардың бәрі бір Алланың әміріне және сауапты амалдар қатарына жатады, өйткені Алла Тағала Майида сүресінің 64-ші аятында былай дейді: «Олар жер жүзінде бұзақылық жасауға тырысады, Алла бұзақыларды жақсы көрмейді».

 

Бұл аяттың мағынасына қарағанда тәрбиенің мақсаты қоғамдағы тыныштықты орнату, тыныштықты бұзатын қылықтардың барлығы дұрыс тәрбиенің қатарына жатпайтындығы анық байқалады. Сол себептен бір адам екінші бір адамды әдейілеп өлтірсе барлық адамдарды өлтіргендей болады делінеді. Сондықтан адам өлтіретіндей төмен дәрежеге түскен адамды істеген ісінің жазасы ретінде өлтіру керек деп бұйырылады. Сонымен бірге, жанұя мемлекеттің тірегі болғандықтан жанұядағы үйлену, ажырасу, мирас, әке-шешеге құрмет ету сияқты мәселелердің барлығында адамның тәлім-тәрбиесінің маңыздылығын қолға алады. Әке-шешеге құрмет ету жайында Құранда былай делінеді: «Раббың өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әек-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер екуінің бірі немесе екуіде жандарыңда кәрілікке жетсе: «Түһ» деме (кейіс білдірме) сондай-ақ ол екеуін зәкіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле» дейді.

 

Қорытындылай келгенде, құндылықтар жүйесінде білімді, ғылымды, тәрбиені, парасаттылқыты, имандылықты, тектілікті,махаббатты, бірлікті, болашаққа сенімділікті, достықты, ерлікті және басқа да құндылықтарды ел даналары кең дәріптеп, осы қасиеттердің еш уақытта жоғалмай, ұрпақтан-ұрпаққа берілер құндылықтар болуын аңсап, өсиет етеді. Себебі, бұлар қай заманда да мән-мағынасын жоймай, қай халықтың болмасын ұлттық ерекшеліктерімен бірге қайнасып, жалғастық тауып өрістей береді.

 

Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Исламның асыл құндылықтарын адамдардың бойына сіңіру үшін басқаларға өнеге көрсете отырып, бар күш-жігерін сарып етті. Алла Елшісі (с.ғ.с.) әрбір кісіге ерекше мән беріп, оның ұстазына айналды. Расулулла (с.ғ.с.) өз іс-әрекетімен және көркем мінезімен көпшілікті тәнті етті. Соның нәтижесінде тұла бойлары асыл қасиеттерге толы сахабалар үмметі пайда болды. Біз де алдымен өзімізді, содан кейін ұрпақтарымыздың бойына жақсы тәрбие мен асыл қасиеттерді сіңіруіміз қажет. «Өңірлердегі түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасын Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қамқорлығымен «Aqniet» АНОО» ҚҚ іске асыруда.