Астана қаласы,
Қабанбай батыр к-сі,
«Радуга» тұрғын үй кешені, 5/1
info@aqniet.com
«Өңірлерде түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасы шеңберінде Павлодар облысындағы «Aqniet» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» ҚҚ өкілдігінің жетекшісі Уныйбаев Ерлан Жиксимбаевич «АП-162/3 мекемесі» РММ-де қылмыстық жазасын өтеп жатқан сотталған діндарлар үшін «Шұлыққа мәсих тарту» ұжымдық теологиялық сабақ өткізді.
Расында намаз - ислам дінінің ең маңызды парыздарынан болып табылады, қиямет күнінде де пенденің ең алғаш сұраққа тартылатыны да осы намаз. Сол себепті де адамның намазы дұрыс болса басқа амалдары да дұрыс дей аламыз, ал егер намазы шала болса, өзге амалдарының да шала болуы әбден ықтимал.
Намаз айтып өткеніміздей маңызды ғибадат, оның өзінің рүкіндері (ішкі парыздары) бар, әрі дұрыс болуы үшін шарттары (сытқы парыздары) бар. Сонымен қатар жағдайларға байланысты машақаты болған амалдарды жеңілдететін белгілі бір рұқсаттар да бар. Осы рұқсат етілген амалдардың бірі масих тарту. Бұл масихты әдетте мәсіге тартады. Сонымен қатар хадистерде масихтың шұлыққа тыртылғаны туралы да айтылған. Бұны фиқх ғұламалары қозғап кеткен. Алайда хадистерде аты аталып, фиқх ғұламаларының сөз еткен шұлықтары бүгінгі біздің шұлықтардан мүлдем өзгеше еді. Себебі ол кездегі шұлық деген нәрсе жүннен тоқылып, суға қайнатылған, өте төзімді, ұзақ жерлерге киюге болатын, бұл күндегі аяқкиімдерге көбірек ұқсайтын аяққа киетін киім үлгісі.
Назарларыңызға үлкен ғұламалар, мазхаб имамдарының шұлық туралы ашықтамалары мен оның айналасында айтқан патуаларын ұсынамыз. Шұлық теріден жасалған немесе сандал аяқкиімі сияқты (төзімді) болғанда ғана масих тартуға жарайды. Бұл Ханафи мазхабының көзқарасы. Ханафи мазхабының ірі ғалымдарының бірі Имам Касани (р.а) «Бәдаиғ әс-сәнаиғ» кітабында айтты: «Шұлықтарға масих тарту бабы: Егер қос шұлық теріден жасалған, немесе сандал сияқты болса, онда біздің мазхаб ғалымдарының барлығы оған масих тартуға рұқсат береді. Ал егер теріден жасалмаған, немесе сандал сияқты (төзімді) болмаса, сол сияқты суды өткізетіндей жұқа болса, онда ғалымдарымыздың бірауыздан келіскен көзқарастары бойынша ол шұлыққа масих тартылмайды.
Ол шұлық қалың болған жағдайдың өзінде де Абу Ханифаның (р.а) көзқарасында рұқсат етілмейді. Алайда Абу Юсуф пен Мухаммадтың (р.а) көзқарастарында рұқсат. Кей деректер бойынша Абу Ханифа ғұмырының соңында өз көзқарасынан қайтып екі шәкіртінің айтқанын айтқан дейді. Абу Ханифа рұқсат емес деген кезінде масіге масих тартуға болатыны хадис мәтінінде түртіп айтылғанын алға тартатын. Ал бұл болса қиясты қабылдамайды дейтін. Жалпы күнделікті жүруге дағдыланған, әрі ұзақ сапар жүруге төзіп береді деген шарттармен мәсіге пара-пар келетін нәрсеге масих тартуға болады, ал егер ондай болмаса масих тартылмайды. Мәлім болғандай мәсіге пара-пар келетін шұлық теріден жасалған шұлық, немесе сандал сияқты шұлық.
Бұл шарттар болмаған жағдайда шұлыққа масих тартылмайды. Бұл тұста үкім өзінің Құрандағы асылына қайтады, яғни дәрет алушы екі аяғын жуады.» Шұлыққа масих тартуға болады, алайда ол үшін шұлықтың іші мен сырты бірдей теріден болуы керек. Бұл көзқарас Малики мазхабына тиесілі. Бұл жайында Малики мазхабының ғалымы Имам Халил (р.а) «Мухтасар» кітабында былай деді: «Еркек пен әйелге, әйел истихада болса дағы, тұрғылықты жерде не сапарда болсын, іші мен сырты бірдей теріден болған шұлыққа масих тартуына болады.» Шұлық дәрет алуы парыз болған жерді жауып, әрі жол жүруге шыдамды болуы керек. Бұл көзқарас Шафиғи мазхабының көзқарасы. Шафиғи мазхабының көрнекті ғалымы Имам Науауи (р.а) «Мажмуғ» атты еңбегінде былай деп жазды: «Қазы Абу Тайиб «Дарет алуы парыз болған жерді жауып, әрі жол жүруге шыдамды болмаса ол шұлыққа масих тартылмайды» деген.
Дұрысы да, турасы да осы Қазы Абу Тайиб, Қаффал және де біраз мухаққиқ ғалымдардың айтқан осы пікірлері, яғни егер ол шұлықпен жол кезіп жүруге мүмкін болса оған масих тартуға болады, кері жағдайда рұқсат етілмейді.» Имам Байхақи (р.а) Ұстаз Абу Уалид Нәйсабуридің бұл сөзді сандал іспетті шұлық деп ашықтағанын жеткізді. Яғни бөлек шұлық пен бөлек сандал емес. Алайда оның дегені «сандал іспеттес (төзімді) шұлыққа масих тартты» дегенге ұқсайды. Осылай дей келе Имам Байхақи осы айтылғанды қуаттайтын Әнәс ибн Мәликтен (р.а) жеткен хадисті жеткізді. Осы жоғарыда айтылғандардан алатынымыз: егер шұлық қалың болмаса, әрі ұзақ жерлерге жүруге төзіп бермейтін болса ондай шұлыққа масих тартылмайды.
Ал біздің бүгінгі қолданыстығы шұлықтарымыз бұл шарттарға тура келмейді. Сол үшін шұлықты шешіп аяқты жуу керек. Кей адамдардың шұлыққа масих тартуы оның рұқсат екеніне дәлел бола алмайды. Ал Ханбали мазхабына келсек, ол мазхабтың имамдары шұлыққа масих тартуға рұқсат берген, алайда олар ол сөздерінде үзақ жолға шыдайтын қуатты шұлықтарды меңзеген. Мысалға, Имам Ибн Қудама Мақдиси (р.а) «Кәфи» атты кітабында мәсіге масих тарту шарттарын айтып келіп былай деді: «Екінші шарт: онымен үзақ жол жүретіндей болу керек. Егер аяққа кең болып түсіп қалатын болса, немесе ауырлылығынан аяқта тұрмайтын болса, онда оған масих тартуға болмайды. Себебі мұндағы қажеттілікті тудыратын нәрсе жүрушінің онымен жүре алуында...» Ибн Қаттан әл-Фаси (р.а) «Иқнағ фи мәсәил ижмағ» атты кітабында айтты: «Барша ғалымдар шұлық қалың болмаса оған масих тартуға болмайтынына бірауыздан келіскен.
Ал шұлыққа жұқа болған күнінде де масих тартуға болады дегендер болса «Мажмуғ» кітабындағыдай Муғирадан (р.а) жеткен: «Пайғамбар (с.ғ.с) қос шұлығы мен қос сандалына масих тартты» деген хадиске сүйенді. Бұлардың айтқандарына жауап ретінде бұл хадисті хадис ғұламалары әлсіз деп тапқаның, олардың ішінде Имам Байхақидің де бар екенін келтіруге болады. Егерде бұл хадисті әлсіз емес деген күнде де, ондағы шұлық ұзақ жүруге төзімді шұлыққа баланады. Осылайша арадағы дәлелдерді ұштастырған боламыз.» Түйін: бүгінгі таңдағы нейлоннан немесе басқа да маталардан тігілген жұқа, әрі ұзақ жүруге төзімсіз шұлықтарға масих тартуға болмайды. Ең дұрысы тек Аллаға мәлім.