Астана қаласы,
Қабанбай батыр к-сі,
«Радуга» тұрғын үй кешені, 5/1

info@aqniet.com

«АП-162/4» түзеу мекемесінде жазасын өтеуші азаматтарға теолог «Ханафи мазһабының негіздері» атты онлайн дәріс өткізді

Павлодар облысындағы «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» ҚҚ өкілдігінің теолог-консультанты Ермек Сыздық «АП-162/4» РММ-де қылмыстық жазасын өтеп жатқан азаматтарға «Ханафи мазһабының негіздері» атты on-line дәріс оқыды.

 

Қазіргі кездегі кейбір дінге жат ағым өкілдерінің мұсылман қоғамын даурықтырып жүрген мәселелерінің бірі - мазһабсыздық, мазһабты мойындамау. Яғни мазһаб ұстанудың қажеті жоқ, пайғамбарымыздың (с.ғ.с) оның сахабаларының кезінде мазһаб мүлдем болмаған, Құран алдымызда, хадис кітаптарда жинақталған, тіпті мазһаб имамдарының өзі оларға тақлид жасауға тыйым салған, «егер сахих хадис көрсеңдер менің сөзімді тастаңдар» деген сөздерін келтіріп, әлсіз адамдардың жүрегіне күмән ұялатуда.

 

Олардың ойынша, әрбір адам ешбір ғалымның айтқанына сүйенбей, Құраннан, хадистерден үкімдерді тікелей алып, амалға асыра беруі қажет. Осы және басқа да кертартпа ойларын алға тартып, енді-енді дін жолына түсіп, Алланың әмірлерін орындауға бет бұрған мұсылман жастарының жүректеріне сызат салуда. Олар мазһабпен үкім ететіндерді діннен бөлек ағым сияқты көрсеткісі келіп: сен «әһлу сунна уәл жамағаны» ұстанасың ба, әлде Әбу Ханифаның жолын ұстанасың ба, деген сұрақтарын қояды…

 

Исламның алғашқы дәуірінде мазһабтардың болмауын ол мазһабқа қажеттілік болмағандығымен түсіндіруге болады. Себебі ол кездегі дінге, Құран аяттарына, хадистерге деген түсінік қосымша талқылауды, зерттеуді қажет етпейтін. Кейінгі дәуірлерде ислам қанат жайып, дінге кірушілер саны көбейген кезде олардың деңгейі Құран мен хадистерді тікелей түсінетіндей дәрежеде болмады, оларға дінді түсіндіруші ғалымдар қажет болды.

 

Әлбетте Құран, хадис, сахабалардың үкімдері ислам шариғатының негіздері, бірақ оны түсіну кез келген адамның шамасы келмейтін әрекет. Оны тек таңдаулылар ғана түсіне алады. Атақты ғалым Суфиян ибн Уйайна: «Хадис - фиқһ ғалымдарынан басқаны адастыруы мүмкін», деп айтқан. Бұл дегеніміз хадисті түсіну оны орынды қолдану тек ғұламалардың қолынан келетін іс. Алғашқы дәуір ғалымдарының фиқһ саласында айтқан сөздері, үкімдері осы Құран мен хадисті түсінуден туындаған мәселелер, өйткені олар қазіргі кейбір ғалымсымақтар секілді емес, діннің атынан сөйлеудің қадірін түсінген адамдар. Керісінше, біз олардың сөздеріне жармасуымыз қажет, дін бізге солар арқылы жетті.

 

Мазһабтардың жеке мектеп ретінде пайда болу тарихына қайтсақ, Табиғиндер кезеңі фиқһ мәзһабтардың негізі қаланған және жеке дара мәзһабтардың ортаға шыға бастаған дәуірі ретінде де өте маңызды. Сол дәуірде өмір сүрген Хасан Басри, Суфиян Сәури, Ибраһим Ән-Наһаий, Шағбий секілді көптеген ұлы тұлғалардың әрбірі мұжтәһид болып, жеке мәзһабқа ие болды, алайда шәкірттерінің аздығынан, үкімдерінің жазбаша түрде біздің уақытқа дейін жетпегендігінен бұл ұлы ғалымдардың мектебі ғасырлар өте жойылған. Ханафи мәзһабының имамы Әбу Ханифа да осы кезеңде өмір сүрген табиғиндер буынынан.

 

Мазһаб ғалымдарына еру мәселесіне келер болсақ, қазіргі кездегі ұлы төрт мазһабтың ғалымдары өз заманының ислам ілімінде шоқжұлдыздары болған және ислам дініне басқа ғалымдарға қарағанда ауқымды еңбек жасап кеткен және әрбіреуінің ислам заңдарында (фиқһ) Құран мен сүннеттен бастау алатын бекітілген қағидалары болған. Оларды басқа мазхабтардан ерекшелейтін басты белгілері мемлекеттік деңгейде амалға асырылған онымен үкім етілген және ол кітап күйінде қалып шәкірттері арқылы біздің күнге дейін жеткен.

 

Қазіргі дін ілімі таяз болған, аумалы-төкпелі заманда бір ғалымның үкіміне жүгіну әрбір мұсылман үшін темірқазық іспеттес бағыт-бағдар берер тура жол. Ислам ғұламаларының көпшілігі бірауыздан қарапайым адамдар үшін төрт мазһабтың біріне тақлид (еруді) жасауды міндеттейді.

 

Төменде бір мужтаһид ғалымның айтқанына жүгінуге орай ғалымдардың пікірлері:

Имам әш-Шанқиты: «Қарапайым адамның пәтуа беруге шамасы келетін бір ғалымға тақлид жасауы шариғатта рұқсат етіледі».

 

Имам ибн Қудама әл-Мақдиси: «Фиқһ мәселелерінде тақлид жасау барлық ғалымдардың келісімі бойынша рұқсат етіледі».

 

Имам ибн Абду әл-Бирр: «Қарапайым адамның тақлид жасауына байланысты ғалымдар арасында келіспеушілік болған емес».

 

Осыған орай ұстанған дәлелдері:

Бұл ұстанымдарын олар Құран аяттарымен, хадис, мантықпен (логикамен) қуаттады.

 

Бірінші дәлел:

فَاسْأَلُواْ أَهْلَ الذِّكْرِ إِن كُنتُمْ لاَ تَعْلَمُونَ

 

Егер білмесеңдер, кітап иелерінен сұраңдар.

Алла тағала білмеген адамға білген адамнан сұрауды әмір етеді. Бұл адамдар арасында білімнің бір деңгейде емес екенінің дәлелі. Сондай-ақ әрбір адамның  шамасы ғалым болуға жетпейтіндігінің дәлелі. Бұл жерде аят жалпылама үкіммен айтылған. Дегенмен дін мәселесінде егер адамның жеткілікті білімі болмаса одан білімдірек адамнан сұрауы міндетті амалдардан.

 

Екінші дәлел:

فَلَوْلاَ نَفَرَ مِن كُلِّ فِرْقَةٍ مِّنْهُمْ طَآئِفَةٌ لِّيَتَفَقَّهُواْ فِي الدِّينِ وَلِيُنذِرُواْ قَوْمَهُمْ إِذَا رَجَعُواْ إِلَيْهِمْ لَعَلَّهُمْ يَحْذَرُونَ

 

Сонда әр топтан дін ғылымын үйреніп, олар қайтып келгенде олардың күнә атаулыдан аулақ жүруі үшін ескертулері керек емес пе?

Бұл аяттарда әр топтан бір ғылым ізденуші болу керектігін меңзеп тұр.

 

Үшінші дәлел:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ أَطِيعُواْ اللّهَ وَأَطِيعُواْ الرَّسُولَ وَأُوْلِي الأَمْرِ مِنكُمْ

 

Әй мүміндер. Аллаға бой ұсынып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бой ұсыныңдар.

Бұл жердегі әмір иелері деп кейбір ғалымдар, үмметтің ғалымдарды айтқан. Өйткені, басшы үкім шығарғанмен ғалымдармен ақылдасып шешетіні белгілі.

 

Төртінші дәлел:

وَالسَّابِقُونَ الأَوَّلُونَ مِنَ الْمُهَاجِرِينَ وَالأَنصَارِ وَالَّذِينَ اتَّبَعُوهُم بِإِحْسَانٍ رَّضِيَ اللّهُ عَنْهُمْ وَرَضُواْ عَنْهُ وَأَعَدَّ لَهُمْ جَنَّاتٍ تَجْرِي تَحْتَهَا الأَنْهَارُ خَالِدِينَ فِيهَا أَبَداً ذَلِكَ الْفَوْزُ الْعَظِيمُ

 

Мұһажир, әнсарлардан алғашқы иман келтіргендер және жақсылықта оларға ергендерден Алла разы болды. Әрі олар да Алладан разы болды. Сондай-ақ Алла олар үшін мәңгі қалатын, астарынан өзендер ағатын жәннәттер әзірледі. Осы ірі мұрат.

 

Оларға ергендер деген Құранда келген аят, оларға тақлид жасаған деп түсіндіруге болады.

 

Бесінші дәлел: Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) жеткен хадисте: «Менің сүннетіме және менің ізгі халифаларымның сүннетіне жармасыңдар» деген .

 

Алтыншы дәлел: Сахабалар және табиғиндердің кезінде мұсылмандар кез келген жағдайда сахабалардың үкіміне жүгініп, шешімін табатын. Сахабалар және табиғиндер олардың бұл әрекеттерін бұрысқа шығармаған. Сол кезде мұсылмандарға өз алдына үкім шығаруға жол бермеген.

 

Жетінші дәлел: Ғалымдар арасында ілім іздену, талап ету парыз кифая екені яғни, бір адамның орындауымен басқа адамдардан міндет түсетініне өзара келіскен. Егер тақлид рұқсат етілмесе барлық адамдарға ғалым болып үкім шығару міндет болар еді. Бұл сәләфтардың ұстанымына керағар әрекет.

 

Сегізінші дәлел: Егер барлық адам ижтиһад жасау мақсатында діни білімге ден қойып кетсе дүние тепе-теңдігі бұзылары анық. Өйткені, басқа өмірдің тепе-теңдігін сақтайтын кәсіптер көп, егер оларды ешкім істемесе дүние ағымы өзгереді. Бұл әлбетте адамзатты құрдымға апарады. Алла тағала Құран кәрімде:

وَمَا جَعَلَ عَلَيْكُمْ فِي الدِّينِ مِنْ حَرَجٍ

 

Сендерге дінде қиындық қылған емес.

Тоғызыншы дәлел: Алла тағала Құран кәрімде:

لاَ يُكَلِّفُ اللّهُ نَفْساً إِلاَّ وُسْعَهَا

 

Алла (Т.) кісіге шамасы келетін міндетті ғана жүктейді.

Ижтиһад жасау әр адам шамасы келмейтін нәрсе, ол ғалымдардың сипаттарынан, өйткені үкім беру деңгейіне жету үшін өмірінің біраз бөлігін оқу-білімге арнауы ләзім ол болса бүкіл адамға міндет те емес.

 

Ханафи мазһабы келесі негіздерге сүйенді:

Құран кәрім. Ханафи мазһабында Құран кәрім ең бірінші исламның қайнар көзі.

 

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннеті. Имам Әбу Ханифаның ұстанымы бойынша сүннет бір деңгейде емес. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қаули (сөз) арқылы жеткен сүннеті әрекет арқылы жеткен фиғли (іс-әрекетпен) сүнеттен үстемірек, өйткені фиғли сүннеттер тек пайғамбарымызға (с.ғ.с) қатысты болуы мүмкін. Ахад хадиске мутауатир хадис қайшы келсе, онымен амал жасалынбайды. Сол секілді Құран мен хадистерден алынған шариғи қағидаларға хадис ахад қарама-қайшы келсе, негізге алынбайды.

 

Ижмағ. Бұл Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) кейін белгілі бір уақытта мужтаһид ғалымдардың бір шариғи үкімде келісуі. Абу Ханифада ижмағ шариғи дәлел.

Сахабалардың шариғи үкімдері.

 

Қияс - Ислам фиқһында кең таралған ұқсастық бойынша (аналогия) үкім шығару әдісі. Мұсылман ғалымдарының арасында қияс Құран, Сүннет және ижмағтан кейінгі орын алады. Алайда, қиястың рұқсат етілген және тыйым салынған түрлері бар. Тыйым салынған түрлеріне біреудің Құран мен Сүннеттен дәлелі болып тұрып қияс арқылы үкім шығаруы жатады.

 

Истихсан. Жоғарыдағы негіздерде үкім табылмаса истихсан үкімі жүреді. Бұл бір затты екінші заттан қарағанда жақсы деп тану немесе бір мәселеде келген дәледердің арасынан күштірегін таңдау.

 

Әдет-ғұрып. Егер белгілі бір қауымда ғасырлар бойы қалыптасқан өмір салтының нәтижесінде туындаған әдет-ғұрыптары Құранға, хадиске қайшы келмесе қабылданады. Бұл жөнінде ең алғаш рет Ибн Масғут айтқан болатын: «Мұсылмандар жақсы көрген нәрсе ол Алла тарапында да жақсы». Егер Құран аяттарына, хадистерге қайшы келсе ол әдет қабылданбайды.

 

«Өңірлерде түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасын Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қамқорлығымен «Ақниет» АНОО» ҚҚ іске асыруда.