Астана қаласы,
Қабанбай батыр к-сі,
«Радуга» тұрғын үй кешені, 5/1

info@aqniet.com

«Ақниет» ҚҚ теологы Павлодар облысындағы «АП-162/4» түзету мекемесінде дәріс оқыды

«Өңірлерде түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасы шеңберінде Павлодар облысындағы «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» ҚҚ өкілдігінің теолог-консультанты Сыздық Ермек Қуатұлы «АП-162/4» РММ-де қылмыстық жазасын өтеп жатқан діндар азаматтарға арналған «Мәулітті тойлау жөнінде ислам ғұламалары» атты on-line дәріс оқыды.

Ғалымдардың мерекені атап өтуге байланысты көзқарасы мен дәлеліне тоқтала кетейін. Біріншісі, дүйсенбі күнгі ораза. Жоғарыда хадисте келтіргеніміздей, Адамзаттың Асылы дүйсенбі күні туған күнін атап өту үшін ораза ұстаған. Бұл хадистің сахихтығында ешқандай күмән жоқ. Әрі дүйсенбі күні ораза ұстау төрт мазһабта да сүннет. Пайғамбарымыз (ﷺ) жылда бір рет қана емес, шүкіршілік ретінде әр апта ұстау арқылы бүкіл үмбетке сүннет еткен. Пайғамбарымыздың (ﷺ) ораза ұстап атап өтуі, басқа ізгі амал істеуге болмайды деген сөз емес. Пайғамбар үмбетінің осы күні сауап ниетімен ораза ұстауы, шариғатқа қайшы келмейтіндей түрде атап өтуі, ақирет үшін оңтайлы пайдалануға тырысуы бидғат емес, қайта Құран, мәуліт оқыту, салауат айту, конференциялар, кездесулер өткізіп діни уағыз-насихат жасау сауапты іс болмақ. Бұлардың бәрінің астарында Пайғамбарымызды (ﷺ) еске алу бар. Ашура күні ораза ұстау.

Ибн Аббастан (р.а.) риуаят етілген мына хадисте былай делінеді: «Пайғамбарымыз (ﷺ) Меккеден Мәдинаға келген кезде, еврейлердің Ашура күні ораза ұстап жатқанын көрді де: «Ораза ұстап жүрген бұл күндерің қандай күн?» - деп сұрады. Олар: «Бұл - ұлы күн, өйткені бұл күні Аллаһ тағала перғауын мен оның жұртын суға батырып, Мұса пайғамбар мен оның қауымын құтқарған еді. Мұса пайғамбар осы күні Аллаһ тағалаға шүкір ету ниетімен ораза ұстайтын. Міне, біз де ораза ұстаймыз», - деп жауап берді. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Мұса пайғамбарға біз сендерден де жақынбыз», - деп осы күні ораза ұстады әрі мұсылмандарға осы күні ораза ұстауды бұйырды».

Ғалымдар осы хадиске сүйене отырып белгілі бір күні нығметке бөленгендіктен және қатерден аман қалғандықтан сол күнді еске алу мақсатында салих амал жасаудың игі шара екендігін көрсетеді дейді. Мұхаммед әл-Әләуи «Пайғамбарымыз (ﷺ) тарихта орын алған маңызды діни оқиғалар мен олардың болған уақыты арасында байланыс бар екенін ұқтыратын. Сол оқиға орын алған уақыт келген кезде, ол оқиғаны еске алып, ұлықтау үшін маңызды мүмкіндік ретінде бағамдайтын, өйткені сол сәттер, әлгі оқиғалар үшін бір себеп. Осы қағиданы Пайғамбарымыздың (ﷺ) өзі белгіледі, өйткені бұны ашура күні ораза ұстау арқылы нақты көрсетті», - дейді. Міне, біздер үшін де мәуліт күні осындай бір еске алу мен ұлықтау үшін ең пайдалы бір уақыт мерзімі болғандықтан, оны атап өту Пайғамбарымыздың (ﷺ) ұстанымы мен Құран рухына сай.

Соңғы пайғамбар үмбетінің қараңғылыққа көмілген күллі адамзатты надандық пен адасушылықтан құтқарып, екі дүние бақытының кілтін ұсынған Аллаһ елшісінің туған күніне шүкіршілік мақсатымен ораза ұстап, Жаратқанның разылығына бөленетін өзге де шаралар жасауы Исламның негіздеріне қайшы емес.

Ал хадис саласының майталман ғалымы, хафыз деген атаққа ие болған Ибн Хажар әл-Әсқалани осы хадиске сүйене отырып, ашура күні қалайша Мұхаррам айының онында атап өтілетін болса, Мәулітті де арнайы бір күнде атап өтуге болатындығын айтқан.

Негізінен мәуліт шаралары үмбеттің жүрегінде Пайғамбарымызға (ﷺ) деген сүйіспеншілік сезімін жаңғыртуда. Рамазан әл-Бути «Мәулітті атап өту - Расулаллаһты күллі ғаламға рақым ретінде жібергені үшін Аллаһқа шүкіршілік болып табылады», - дейді. Сондай-ақ, Шейх Мұхаммед әл-Фадыл ибн Ашур (1909-1970) Пайғамбарымыздың (ﷺ) дүниеге келген күнін «Аллаһ тағаланың күндері» дей отырып: «Суюти, Әсқалани және Хайтами секілді ғалымдар мәулітті бидғат деушілерге тойтарыс бере отырып, мәулітті атап өтуді истихсан еткен. Оған «Аллаһтың күндерін еске сал» («Ибраһим» сүресі, 15) деген аятты негіз етіп алған, өйткені Бәйхақидің жеткізуі бойынша, Пайғамбарымыз (ﷺ) осы аяттағы «күндерді» «Аллаһ тағаланың сыйы мен нығметтері (нің ең мол болған күндері)» деп тәпсірлеген. Ал Пайғамбарымыздың (ﷺ) дүниеге келген күні - нығметтердің ең үлкені» дейді.

Жаратқанның осындай үлкен сыйы болған мәулітті шүкіршілікпен, қуана қарсы алу оның ырыс-берекесін арттырып, бізді нығметтердің қадірін білуге баулиды. Cонымен қатар, Пайғамбарымыздың (ﷺ) өзі үшін «ақиқа» құрбандығын шалуы. Жәләлуддин әс-Суюти мәулітті атап өтуге қатысты діни дәлелдің бар екенін былай деп көрсетеді: «Ибн Хажар әл-Әсқаланидің мәулітті атап өтудің дәлелі ретінде алған ашура оразасының тысында, қосымша ретінде сүннеттен мен де бір дәлел таптым. Ол Бәйхақидің тіркеген Әнәс хадисі: Расулаллаһ (ﷺ) пайғамбарлық келгеннен кейін өзі үшін ақиқа құрбанын шалған». Алайда атасы Әбдүлмүттәліп Пайғамбарымыз (ﷺ) дүниеге келгеннен жеті күннен соң оның ақиқа құрбандығын шалған-ды.

Ал ақиқа құрбандығы өмірде бір-ақ рет шалынады. Аллаһ елшісінің екінші рет өзі үшін құрбандық шалуы - Хақ тағаланың өзін күллі ғаламға рақым ретінде жаратқандығына деген шүкіршілігінің белгісі һәм үмбеті үшін де бір үкімге негіз. Өзі үшін құрбандық шалуы өзіне салауат оқығаны секілді. Өзінің дүниеге келгеніне қуанышын көрсете отырып, шүкіршілік мақсатында құрбандық шалуы біздер үшін де Пайғамбарымыздың (ﷺ) жарық дүние есігін ашқан күнінде Жаратқанға шүкіршілігімізді білдірудің мұстахаб екенін көрсетеді. Ал шүкіршілікті бір жерге жиналып ас беру, еске алу т.б. осы секілді Хақ тағалаға жақын болудың белгісі әрі қуанышымызды жария етудің ізгі амал екенін көрсетеді». Және бұдан басқа да дәлелдер жетерлік.

«Өңірлердегі түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасын Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қамқорлығымен «Ақниет» АНОО» ҚҚ іске асыруда.