Астана қаласы,
Қабанбай батыр к-сі,
«Радуга» тұрғын үй кешені, 5/1
info@aqniet.com
«Өңірлерде түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасы шеңберінде Павлодар облысындағы «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» ҚҚ өкілдігінің теолог-консультанты Бейсенбин Ербол Касенұлы «АП-162/1» РММ-де қылмыстық жазасын өтеп жатқан сотталған діндарлар үшін «Сабырлық - имандылықтын белгiсi» тақырыбында ұжымдық теологиялық сабақ өткізді.
Сабыр - Алла тағаланың тағдырына разы болу, жазғанына, бергеніне қарсы шықпау дегенді білдіреді. Сабыр - бүкіл жақсылықтардың кілті. Сабырлық жөнінде Жаратушы Иеміз Хақ Тағала Құран кәрімнің «Бақара» сүресінің 45 және 155-аяттарында: «Сабыр және намазбен жәрдем тілеңдер. Расында намаз ынталылардан бас-қаларға ауыр келеді»; «Әрине сендерді қayiп-қатер, ашаршылық және малдардан, жандардан, сондай-ақ, өнімдерден кеміту арқылы сынаймыз, (Мұхаммед, (ﷺ) сондай жағдайларда) сабыр етушілерді қуандыр!».
Және «Анфал» сүресінің 46-аятында: «Аллаға әлі Елшісіне бой ұсыныңдар, өзара жанжалдаспаңдар, онда үрейлесіңдер де құттарың қашады және сабырлы болыңдар. Расында Алла, са-бырлылармен бірге», - деп Жаратушы Иеміз сабырлы болуды да бұйырып, сабыр мен намаз арқылы көмек сұраудың жолын көрсетіп, бір-бірімізбен жанжалдаспауымызды бұйырып тұр. Ал, Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) өзінің хадисінде: «Сабырлық – иманның жартысы», - деген болатын, Қожа Ахмет Йассауи бабамыз «Не болса да, сабыр қыл», Жүсіп Баласағұн атамыз «Сабыр етсең – ісің оңға асады, шүкір қылсаң – жамандық та қашады», - деп адамды әрдайым қандай жағдай болмасын сабырлыққа шақырып, сабырлықтың жақсылығын және ол иманның бір бөлігі екенін айтып жеткізген.
Өйткені қайғы-қаза, бәлекет жағдайларда адамға сабырлық қажет етіледі. Біз пендеміз, өмірді Жаратушы Иеміз біздерге нәсіп етті, түрлі жақсы-жақсы нығметтерді төгіп шашып қойды. Әрине, біз сол жақсылықтарға Аллаға мың шүкіршіліктерімізді айтамыз және айтуымыз міндетті-ақ. Алайда, өмір - сынақ, жақсылықпен қоса қиындықтар да болып тұрады. Сол қиындықтарға мойымай сабырлық таныту - біздің ісіміз. Былайша айтқанда, кезінде бабаларымыз қанша қиыншылық көрсе де, қиыншылықтарға сабыр етіп, сол қиыншылықтан өту жолдарын іздеп, бұл қиындықтың арты жақсылық болатынына үлкен үмітпен Жаратушы Иеміз Алла тағалаға сиынып, бойында имандылықтың жемісімен сабырлықтың үлгісін көрсете білген.
Сопы Аллаярдың «Сабатул Ажизин» және Тажуддин Жалшықұлдың «Рисалаи Азиза» кітабында сабырлық жайында: «Ей, пенде, кел енді өзіңді бүкіл болмысыңмен қоса Аллаға тапсыр. Ол сүйіктің Алланың өкімдеріне бойұсынып, жіберген бәлелелеріне төзімділікпен сабыр ет. Сабырсызданып қайғыға салынып кетпе. Ей, пенде, сенің жаратылуың негізі пенделік. Сондықтан, сенің жаның да тәнің де - Тәңір тағаланың мүлкі. Мұны мықтап біліп ал. Солай болған соң Алла тағала не өкім етсе, соған бойұсын. Басына түскен түрлі бәлелердің бәріне разы болса, олардан зарланып арызданбаса, әрі Алланың берген нығметтеріне шүкір етсе, ондай пенде үшін бүкіл жер беті бау-бақша сияқтанады», - делінген. Суһайб (р.а.) риуаят еткен хадисте Алланың елшісі (ﷺ) айтады: «Мүмін адамның әрбір ісі ол үшін жақсы болатыны таңқаларлық. Әрі бұл тек мүміндерге қатысты: егер де оған жақсы іс кезіксе, шүкір етіп, бұл ол үшін жақсы болады. Ал бір таршылыққа тап болса, сабыр етіп, бұл ол үшін жақсы болады» (Мүслім риуаят еткен).
Сынақ Алла тарапынан келеді. Сынақты адам баласы ысырып яки болмаса кейінге қалдырып қоя алмайды. Сондықтан, Жалғыз Жаратушыға ғибадатты шын ықыласпен, өзіндік қалаумен жасағанымыз абзал. Ол үшін Раббымыз өз пендесін жақсылықпен де, жамандықпен де сынай алады деген сенімді санамыз бен жүрегімізден бір сәтке де шығармауымыз қажет. Сонда ғана иманымыз бекіп, құлшылығымыздың мәні артпақ. Алла тағала хадиси құдсиде: «Менің белгілеген қаза мен тағдырыма риза болмаған, ұнатпаған және жіберген бәлелеріме сабыр етпеген құл менен басқа Құдай іздесін. Жер бетінде құлым ретінде жүрмесін!», - деп бұйырған». Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ): «Дін екі бөлімнен тұрады: бірі - сабырлық болса, екіншісі - шүкірлік», - деген. Сондықтан да адам өзін сабырлыққа шақыратындай бойын, мінез құлқын соған жараса тәрбиелеу қажет. Өйткені сабырлы болмасақ, әрбір болмашы қиыншылықтан жанымыз жараланып, еңсеміз түсіп, өмірден түңілуіміз әбден мүмкін. Ал, сабыр етсек, онда сол қиындығымыз соңы жақсылық болмақ.
«Өңірлердегі түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасын Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қамқорлығымен «Ақниет» АНОО» ҚҚ іске асыруда.