Астана қаласы,
Қабанбай батыр к-сі,
«Радуга» тұрғын үй кешені, 5/1

info@aqniet.com

«Ақниет» ҚҚ теологы Павлодар облысындағы «АП-162/4» түзету мекемесінде дәріс оқыды

«Өңірлерде түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасы шеңберінде Павлодар облысындағы «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» ҚҚ өкілдігінің теолог-консультанты Бейсенбин Ербол Касенұлы «АП-162/4» РММ-де қылмыстық жазасын өтеп жатқан сотталған діндарлар үшін «Өмiрдiӊ құндылығы мен қадыр қасиетi» тақырыбында ұжымдық теологиялық сабақ өткізді.

 

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

 

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауаттар мен сәлемдер болсын! Ассаламуалейкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ! Қадірменді жамағат, құрметті бауырлар, баршаңызға күндердің төресі қасиетті жұма мүбәрак болсын!

 

Өмір - адам баласына берілген басты құндылық. Адам баласы Алла Тағаланың сыйлаған ғұмырының әр сәтін бағалап, оны өзіне ізгілік амалдар жасауға берілген мүмкіндік деп түсінуі қажет. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мүлік» сүресі, 2-аятында:

 

الَّذِي خَلَقَ الْمَوْتَ وَ الْحَيَاةَ لِيَبْلُوَكُمْ أَيُّكُمْ أَحْسَنُ عَمَلَا

 

«Ол сондай Алла, қайсыларың жақсырақ амал жасайтындарыңды сынау үшін өлім мен өмірді жаратты», - деп айтқан.

 

Адам ғұмыры ізгілікке толы әрі ұзақ болғандығы жақсы. Ардақты Пайғамбарымыз (ﷺ) хадисінде:

 

خَيْرُ النَّاسِ مَنْ طَالَ عُمْرُهُ وَ حَسُنَ عَمَلُهُ

 

«Адамдардың жақсысы өмір жасы ұзақ әрі амалдары ізгі болғандары», - деген (имам Тирмизи). Жаратушымыз берген ғұмырды, уақыт мерзімі жеткенде Алла Тағаланың Өзі ғана алуға хақылы. Сол себепті де асыл дініміз Исламда адамдардың бір-бірін өлтіру немесе адамның өз-өзіне қол жұмсауы харам етілген, үлкен күнә іс болып саналады. Қасиетті Құран аяттарынан өз-өзіне қол жұмсау, яғни суицидті ислам рухына жат екендігін көруге болады. Тіпті кейбір ислам ғұламалары: «Өзін-өзі өлтіру - біреуді өлтіруден де ауыр қылмыс», - деп айтқан. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 195-аятында:

 

وَلاَ تُلْقُوا بِأَيْدِيكُمْ إِلَى التَّهْلُكَةِ

 

«Өз қолыңызбен өзіңізге қауіп төндірмеңіз», - деп, адам баласына өзінің өліміне әкелетін іс-әрекеттерден аулақ болуы керектігін айтқан. Адам баласы өмірдің шынайы құндылығы мен мәнін түсінуі үшін мына жайттарды біліп, амал етуі маңызды болып саналады:

 

Бірінші: Өмірдің аманат екендігін білу

 

Адам баласының дәрежесі өзге жаратылыс атаулының бәрінен де жоғары әрі үстем. Сол себепті де, адам өз өмірін оп-оңай қия салатындай сұраусыз, іздеусіз, бостан-бос жаратылыс емес. Алла Тағала қасиетті Құранның «Исра» сүресі, 70-аятында:

 

وَلَقَدْ كَرَّمْنَا بَنِي آدَمَ

 

«Біз адам баласын ардақты еттік...», - деп, адам баласының басқа жаратылыстардан әлдеқайда артық жаратылғандығын айтқан. Сондықтан әрбір жанның өмірі де өте қымбат. Оның өміріне қол сұғуға, ар-намысына тиюге, малына зұлымдық жасауға, еркінен айыруға дінімізде рұқсат жоқ. Тіпті, адам өмірінің қымбаттығы сонша - жазықсыз бір адамды өлтіру бүкіл адам баласын өлтірумен пара-пар. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мәидә» сүресі, 32-аятында:

 

مَن قَتَلَ نَفْسًا بِغَيْرِ نَفْسٍ أَوْ فَسَادٍ فِي الأَرْضِ فَكَأَنَّمَا قَتَلَ النَّاسَ جَمِيعًا وَمَنْ أَحْيَاهَا فَكَأَنَّمَا أَحْيَا النَّاسَ جَمِيعًا

 

«Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық жасамаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен тең. Ал кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса), барлық адамды тірілткенмен тең», - деп айтқан.

 

Адам баласы өзге жаратылыстардан жоғарылығы оның ақыл-ойы, ар- парасаты, әр нәрсенің қадірін біліп, парықтай алу қабілеті сияқты істерден де анық көрінеді. Ендеше, адам баласы осы нығметтерді берген Жаратушысына шүкірлік білдіріп, өзіне берілген өмір деген аманатты шынайы бағалап, оның құндылығын ұғынуы қажет.

 

Екінші: Өзіне қол жұмсаудың жазасының ауыр екендігін ескеру

 

Өмір  атаулы адамға берілген үлкен нығмет болғандықан, ол нығмет жайында міндетті түрде сұрау болады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Тәкәсүр» сүресі, 8-аятында:

 

ثُمَّ لَتُسْأَلُنَّ يَوْمَئِذٍ عَنِ النَّعِيمِ

 

«Ол күні берілген нығметтерден міндетті түрде сұраққа тартыласыңдар», - деп айтқан. Ал өмір құндылығын түсінбей, нығметті бағаламай, өз-өмірін өзі қиған жандар үшін берілетін ақыреттік жаза да өте ауыр. Ардақты Пайғамбарымыз (ﷺ): «Кімде-кім өзін-өзі қандай да бір темірмен өлтірсе, жәһаннамда қолына темір алып мәңгі-бақи өзін-өзі түйреумен болады. Ал, кімде-кім у ішіп өлсе, жәһаннам отында мәңгілік у ішумен қалады. Ал, кім өзін таудан тастап өлтірсе, жәһаннамда да өзін мәңгі отқа лақтырып тұрады», - деп ескерткен.

 

Қазіргі зерттеулерге қарасақ, өзіне қол жұмсаушылардың басым көпшілігі темірден жасалған зат қолданатын көрінеді. Алла Елшісі (ﷺ) жоғарыдағы хадисінде «Өзін-өзі қандай да бір темірмен өлтірсе», - деп осы ақиқатты білдірген. Сондай-ақ, у ішіп, дәрі-дәрмекті мөлшерден тыс көп қолданып немесе газ жұтып, өзге де химиялық заттармен уланып, өзіне қастандық жасайтындар да кездеседі. Хадисте: «Кімде-кім у ішіп өлсе», - деп бұған да ишара жасалған. Ал өзін-өзі көп қабатты үйлерден, басқа да биіктіктен тастап, өз жанын қиятындардың да көп кездесетінін ескерсек, Алла Елшісінің (ﷺ) бұл хадисі сонау жетінші ғасырдың өзінде бұл қатерлі дерттің негізгі түрлерін қамтитын ескерту екенін көреміз.

 

Ислам тарихында орын алған Хайбар соғысы кезінде үлкен қаһармандық көрсеткен Кузман атты кісінің тозаққа түсетінін Пайғамбарымыз (ﷺ) білдірген болатын. Хузайи Әксүм деген сахаба Кузманның соғыстан кейінгі ауыр жарақатына төзе алмай, өз қылышына құлап өлгенін көреді. Кузманның өлімі жайлы Алла Елшісіне (ﷺ) жеткізгенде, ол былай дейді: «Адамдардың арасында сырттай қарағанда жәннат иелеріне тән қайырлы істерді жасап жүргендей көрінетіндер бар. Алайда олар тозақтық...» (Бұхари, Тағдыр, 5).

 

Алланың соңғы Елшісі, сүйікті Пайғамбарымыздың (ﷺ) бұдан өзге бірқатар хадистерінде өзін-өзі өлтірген адамның ақыреттегі азабы жайлы хабар берілген.

 

Үшінші: Тағдыр тауқыметіне сабыр ету

 

Адамның өз-өзіне қол жұмсауының негізгі себептерінің бірі өмірлік қиыншылықтарға сабыр ете алмауынан туындауда. Ал Алла Тағала иман келтірген жан бұл өмірдің уақытша берілген сынақ екендігін түсініп, өзіне берілген сан түрлі тағдыр тауқыметтеріне сабыр ету арқылы Жаратушысы тарапынан зор сыйлыққа бөленетіндігін біледі. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 155-аятында:

 

وَلَنَبْلُوَنَّكُمْ بِشَيْءٍ مِّنَ الْخَوْفِ وَالْجُوعِ وَنَقْصٍ مِّنَ الأَمْوَالِ وَالأنفُسِ وَالثَّمَرَاتِ وَبَشِّرِ الصَّابِرِينَ

 

«Әрине сендерді қауіп-қатермен, ашаршылықпен және малдарыңнан, жандарыңнан, сондай-ақ өнімдеріңнен кеміту арқылы сынаймыз. Сабыр етушілерді (қуант) сүйіншіле», - деп айтқан. Өмір атаулы тек қиындықтардан ғана тұрмайды. Оның жақсылығы мен сынағы қатар жүреді. Мүмин адам жақсылық келген жағдайда шүкір етіп, қиындық келсе, оған сабыр ете білуі керек. Ардақты Пайғамбарымыз (ﷺ):

 

عَجَبًا لِأَمْرِ الْمُؤْمِنِ إِنَّ أَمْرَهُ كُلَّهُ خَيْرٌ، وَلَيْسَ ذَاكَ لِأَحَدٍ إِلَّا لِلْمُؤْمِنِ؛ إِنْ أَصَابَتْهُ سَرَّاءُ شَكَرَ فَكَانَ خَيْرًا لَهُ، وَإِنْ أَصَابَتْهُ ضَرَّاءُ صَبَرَ فَكَانَ خَيْرًا لَهُ

 

«Мүмин адамның жағдайына таң қаласың! Шындығында, оның кез келген ісінде хайыр бар әрі бұл, мүминнен басқа ешкімге берілмеген. Егер оған бір жақсылық келсе, ол Аллаға шүкірлік айтады және оның сол айтқанында хайыр бар, ал егер оған бір қайғы келсе, ол оған сабыр етеді, оның бұл ісі де өзіне хайыр болып оралады», - деген (имам Мүслим).

 

Сондықтан, өтпелі қиыншылықтар үшін Алланың адамға берген өмір атты ұлы аманатына қиянат жасауға болмайды. Сондай-ақ, өзін-өзі өлтіру тек өз басын ғана ойлайтын адамдардың ісі. Өйткені, олар өз басына түскен қиыншылықтан құтылу үшін жандарын қияды. Ал артында жүректері езіліп, еңіреп қалған ата-анасын, туыстарын ойламайды. Жалпы қоғам үшін де бұл оңай іс емес.

 

Төртінші: Үмітсіздікке салынбау

 

Адам баласының басына қандай сынақ келмесін, еш уақытта үмітсіздікке салынуына болмайды. Өйткені, әрбір сынақтың артынан келетін жеңілдік бар. Жер бетін басқан түннің қара түнегінен кейін атқан таңның шуағымен айналаның нұрға бөленетіндігі қандай ақиқат болса, қайғы-мұңға батқан жанның да қайғысы сейіліп, артынан жеңілдік келері хақ. Сол келетін жеңілдіктен үмітін үзіп, қайғыға салыну мүмин адамға жарасатын іс емес.

 

Хакім Абай: «Шығар есігін таба алмай, уайым-қайғының ішіне кіріп алып, қамалып қалмақ, ол өзі де бір антұрғандық», - деп, қайғы-мұңға салынып, әрекетсіз жатуды антұрғандық деп сипаттаған. Кейбір дана адамдар басына сынақ келгенде, оған мойымай, мән де бермей: «Өмір - болмашы нәрсеге көңіл бөлу үшін өте қысқа», - дейді екен.

 

Қандай жағдай болмасын пенде атаулы Жаратушысының мейірімінен күдер үзуіне болмайды. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 29-аятында:

 

وَلاَ تَقْتُلُوا أَنْفُسَكُمْ إِنَّ اللهَ كَانَ بِكُمْ رَحِيمًا

 

«Өз-өздеріңді өлтірмеңдер. Расында Алла сендерге ерекше мейірімді», - деп айтқан. Тәпсірші ғалымдар Жаратушы Раббымыздың «өздеріңді өлтірмеңдер» деген тыйымында бірнеше мағына бар екендігін айтады. Ең әуелгі тура мағынасы адамның өзіне-өзі қол жұмсауына, қазіргі заманның тілімен айтқанда «суицидке» тыйым салу. Одан соң «Расында, Алла сендерге ерекше мейірімді» деген сөздердің, аяттың келуі тегін емес. Өйткені адамның өзін өлтіруіне ең алдымен үмітсіздік себеп болады. Сондай-ақ, Алланың адамзатқа нәсіп еткен сан мыңдаған нығметтеріне көз жұма қараушылықтың да әсері жоқ емес. Ал Жаратушымыз Алла Тағала адамзат баласын мейірім әрі махаббатпен жаратқан. Ендеше, бұл аяттан «Алла Тағала сендерге осынша мол нығметті үйіп-төгіп беріп, ерекше мейірім танытқанда, қалайша сендер өздеріңе қол жұмсайсыңдар» дегендей мағынаны да аңғаруға болады.

 

Қадірменді жамағат! Ешкім басына сынақты сұрап алмайтындығы ақиқат. Алайда, қандай да бір пенденің басына сынақ келетін болса, Алла Тағаладан жәрдемін сұрай отыра, тиісті дәрежеде сабыр ете білуі қажет. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әл Имран» сүресі, 139-аятында:

 

وَلاَ تَهِنُوا وَلاَ تَحْزَنُوا وَأَنْتُمُ الأَعْلَوْنَ إِنْ كُنْتُم مُّؤْمِنِينَ

 

«Кейімеңдер де қайғырмаңдар. Егер мүмин болсаңдар, әлбетте үстем боласыңдар», - деп айтқан. Алла Тағала баршамызға ізгі де салиқалы ғұмыр нәсіп етіп, қасиетті жұма күнгі ниет-тілектерімізді қабыл еткей! «Өңірлердегі түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасын Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қамқорлығымен «Ақниет» АНОО» ҚҚ іске асыруда.