Астана қаласы,
Қабанбай батыр к-сі,
«Радуга» тұрғын үй кешені, 5/1
info@aqniet.com
Маңғыстау облысындағы «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» ҚҚ теолог-консультанты Азамат Тулепов «ГМ-172/10 мекемесі» РММ-де қылмыстық жазасын өтеп жатқандарға «Ихсан - рухани тәрбие негізі» тақырыбында дәріс оқыды.
Ихсан - пенденің иманын бекемдеп, құлшылыққа деген құлшынысын арттыратын, адамгершілікке тән игі қасиеттерді кемелдендіре түсетін рухани ілім. Құдіреті күшті Хақ Тағала Құран Кәрімде ерекше мән берген құндылықтың бірегейі де осы - ихсан ілімі. Қасиетті Құранда: «Негізінде Алла әділдікті, игілікті (ихсанды) және ағайынға қарайласуды бұйырады. Сондай-ақ, арсыздықтан, жамандықтан және зорлық-зомбылықтан тыяды. Түсінерсіңдер деп сендерге (осылайша) насихат береді» («Нахл» сүресі, 90-аят) деп баяндалған.
Бірде Жәбірейіл періште сахабаларымен отырған Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ақ киім киген жолаушы кейпінде келіп, көпшіліктің көзінше былай дегенін хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) баяндайды: «Уа, Мұхаммед! Ислам дегеніміз не?» деп сұрайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
- Ислам - Алладан басқа Құдайдың жоқ екеніне, Мұхаммед оның құлы әрі елшісі екеніне куәлік ету. Намаз оқу, зекет беру, Рамазан айында ораза ұстау, шамасы келсе қажылыққа бару деп жауап береді. Әлгі кісі мұны естігенде:
- Рас айтасың, - деді.
Біз оның өзі сұрап әрі жауабын өзі растағанына таңғалдық. Мұнан соң әлгі кісі:
- Иман дегеніміз не? - деп сұрағын жалғастырды. Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
- Аллаға, оның періштелері мен кітаптарына, пайғамбарларына және ақырет күніне, тағдырдың жақсысы мен жаманына сену, - деді. Жолаушы тағы да:
- Рас айтасың, енді ихсан деген не? - деді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
- Ихсан - Алланы көріп тұрғаныңдай оған кұлшылық етуің. Себебі сен оны көрмесең де, шүбәсіз, ол сені көруде.
- Қиямет қашан болады? - деді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
- Сұралған адам сұраушыдан артық білмейді, - деп еді, сонда әлгі кісі:
- Күңнен қожайын туады. Сен жалаңаяқ кедейлердің биік үйлер салғанын көресің, - деп ақырет күнінің белгілерін айтып берді.
Жолаушы кеткеннен кейін аз уақыт өткен соң Пайғамбарымыз:
- Уа, Омар! Сен әлгі кісінің кім екенін білесің бе?», - деді. Мен:
- Алла және оның елшісі біледі, - деп жауап бердім. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шын мәнінде ол сендерге діндеріңді үйретуге келген Жәбірейіл періште болатын», - деп мәселенің мән-жайын түсіндірген еді.
Бұл хадис өте құнды дүниелерді бізге баяндайды. Иман, құлшылық және ихсан мәселесіне тоқталып өтеді. Ихсан - Алла сені бақылап тұрғанын, сен қай уақытта болсын Оның назарында тұратыныңды бір сәт естен шығармау екен.
Міне, иман мен құлшылықтың ләззатын сезіну үшін әуелі адам бойынан ихсан көрініс беруі керек. Өйткені, ихсан - иман мен құлшылықты байланыстырып, ішкі жан дүниені тәрбиелейтін, байытатын рухани ілім.
«Өңірлерде түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай механизмдерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасын Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қамқорлығымен «Ақниет» АНОО» ҚҚ іске асыруда.