Астана қаласы,
Қабанбай батыр к-сі,
«Радуга» тұрғын үй кешені, 5/1

info@aqniet.com

Павлодар облысы «АП-162/1» түзету мекемесінде жазасын өтеушілерге теолог онлайн дәріс өткізді

Павлодар облысындағы «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» ҚҚ өкілдігінің теолог-консультанты Ермек Сыздық «Аймақтарда діни және оңалту әрі түсіндіру жұмыстарын жүргізуің бірыңғай механизменен қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасы шеңберінде «АП-162/1» РММ-де қылмыстық жазасын өтеушілерге «Мұсылманның мұсылманға бес ақиқаты» атты oнлайн дәріс оқыды.

 

 

Шынтуайтында әрбір мұсылман адамның өзінің мұсылман бауырының алдында белгілі бір орындауы тиіс амалдары мен ақысы бар. Олар: сәлем бергенге сәлемін қайтару, шақырса шақыруына жауап беру, насихат айту, түшкірсе (Алла рахмет етсін! / мейірімін төксін! деп) дұға жасау, ауырса зиярат ету, жаназасына қатысу сынды ақылары. Бұл туралы Имам Бухаридің Әбу Хурайрадан (р.ғ.) жеткізген мына хадисінен:

 

حَقُّ الْمُسْلِمِ عَلَى الْمُسْلِمِ خَمْسٌ : رَدُّ السَّلَامِ وَعِيَادَةُ الْمَرِيضِ وَاتِّبَاعُ الْجَنَائِزِ وَإِجَابَةُ الدَّعْوَةِ وَتَشْمِيتُ الْعَاطِسِ

 

«Мұсылманның мұсылманға бес ақысы бар: сәлем қайтару, ауырған адамды зиярат ету, жаназаларға еру (қатысу), шақыруға жауап беру және түшкірушіге дұға айту (ярхамукалла деу)» немесе Имам Муслимның риуаятындағы мына хадистен байқауға болады:

 

حَقُّ الْمُسْلِمِ عَلَى الْمُسْلِمِ سِتٌّ قِيلَ مَا هُنَّ يَا رَسُولَ اللَّهِ : قَالَ  إِذَا لَقِيتَهُ فَسَلِّمْ عَلَيْهِ وَإِذَا دَعَاكَ فَأَجِبْهُ وَإِذَا اسْتَنْصَحَكَ فَانْصَحْ لَهُ وَإِذَا عَطَسَ فَحَمِدَ اللَّهَ فَسَمِّتْهُ وَإِذَا مَرِضَ فَعُدْهُ وَإِذَا مَاتَ فَاتَّبِعْهُ

 

«Пайғамбарымыз ﷺ: «Мұсылманның мұсылманға алты ақысы бар», - деді. Сахабалар: «Олар қандай ақылар, уа, Алланың елшісі?», - деп сұрады. Сонда пайғамбар ﷺ: «Егер жолықтырсаң сәлем беруің, егер сені шақырса жауап беруің, насихат сұраса насихаттауың, егер түшкіріп, артынан (әлхамду лилла деп) Алланы мадақтаса оған (Аллның рахметі болсын/ярхамукалла) деп дұға жасауың, егер ауырса зиярат етуің, ал егер қайтыс болса (жаназасына) еруің (яғни қатысуың)», - деп жауап берді».

 

«Мұсылманның мұсылманға ақысы» деген - мұсылманның абыройына, құрметіне, затына қатысты ақылары меңзелуде. Және де ол айн парызды (барлығына бірдей міндетті), кифаяи парызды (барлығына міндетті, бірақ ішінен бірі істесе қалғандарының мойындарынан түсетін міндеттілік) және де мәндупті (сүннет, мұстахап сияқты қосымша толықтауыштарды) де қамтиды.

 

Осылардың ішіндегі ең көп танылған, сахих риуаяттарда жеткен бірнешеуіне жеке-жеке тоқталамыз.

 

1) Сәлем беру.

 

Мұсылман адамның мұсылман бауырының алдындағы ақысынан саналатынның біріншісі - екеуі жолығып қалған сәтте сәлемді бірінші беруге асығуы. Сәлем «әс-сәламу алейкум» деп қысқа, немесе «ас-сәламу алейкум уа рахматулла» деп орташа, немесе «ас-сәламу алейкум уа рахматулла уа баракатуһ» деп толық айтылады. Егер біреу сәлем берсе оған жауап қайтару уәжіп болады, ал егер көп адамдар ішінде сәлем берілсе бір ғана адам қайтарса жеткілікті. Себебі ол парыз кифаи (кей ғалымдар парыз айн болып қалай береді деген).

 

Әдеп бойынша бірінші болып отырған адамға тұрып тұрған адам, көпшілікке аз адам, жаяу адамға ат үстіндегі адам сәлем береді. Бұл туралы хадистерде айтылған.

 

Бұхар жырау бабамыз өзінің өлең шумақтарында:

Өзек қуа ағады,

Өзен судың сағасы.

Алыстан сәлем береді,

Әдепті елдің баласы.

 

2) Шақыруға жауап беру

 

Мысалға мұсылман бауырың үйлену тойына шақырса, ешбір салмақты сылтау табылмаса, немесе баруына тосқауыл болар нәрсе болмаса ол тойға баруы керек. Мұндағы тосқауыл дегеніміз - спиртті ішімдіктер, ұятсыз би сияқты шариғаттың тыйым салатын нәрселері. Жалпы Алла Тағаланың ашуын шақыратын күнәлі істердің ордасынан ұзақ болған жөн.

 

3) Насихат айту

 

وَإِذَا اسْتَنْصَحَكَ فَانْصَحْ لَهُ

 

«Егер сенен насихат сұраса насихат айт», - деген хадистегідей...

 

Имам Науауи (р.х.) осы хадисты: «Егер сенен насихатты, тура бағытты талап етсе, онда оған насихатыңды айт, турасын айт, жағымпазданба, алдама, және де насихат айтуға сараң болма деген мағынада», - деп баяндаған. Мұсылман адам дәл осы жауапкершілікке ерекше көңіл аударуы керек. Себебі насихатты сенгендігінен, көзқарасына қанағаттанғандықтан сұрайды. Сол себепті насихат айтарда ерекше ықыласпен, насихат сұралған мәселе жайында білгеніңізді еш жасырмай айтуыңыз керек. Мейлі ол сауда-саттық болсын, мәміле бабында, келін таңдау, жұмысқа тұру сияқты үлкенді-кішілі мәселелерде болса да.

 

Ақылдасу - ол да насихат болып саналады. Ибн Ражаб әл-Ханбали (р.х.) былай деді: «Насихаттың ең күштісі - Пайғамбарымыздың ﷺ:

 

إذا استَنْصَحَ أحدُكُم أخاه، فليَنْصَحْ له

 

«Егер біреуіңнің  (мұсылман) бауыры насихат сұраса насихат айтсын!» деген хадисіндегідей қандай да бір мәселесінде кеңес сұраушымен ақылдасу. Немесе:

 

إنَّ من حقِّ المسلم على المسلم أنْ ينصحَ له إذا غابَ

 

«Мұсылманның мұсылманға ақысы болып саналатын нәрсе – оның жоқ болғанында да насихатта болуы» - деген хадистегідей жасауы. Бұл хадистегі мағына: «Егер мұсылман бауырының жоқ кезінде ол туралы жаман нәрселер айтылса, оның абыройын сақтап, әлгі жаман нәрселерді айтқызбауы, егер оның жоқтығында біреу оған жамандық тілесе, оны болдырмау. Расында адамның өзі жоқ кезінде насихатта болуы оның шынайы насихатшы екенін білдіреді. Себебі адамның өзінің барында насихат жасап, жоқ болғанында артынан басқа нәрсе істеген болуы да мүмкін. Хасан (р.х.) пайғамбарымыздың ﷺ кей сахабаларының: «Алламен ант етейін, Алланың ең жақсы көретін құлдары–Аллаға құлдарын, Алланы құлдарына жақсы көрсетіп, жердің бетін насихатпен толтырғандар,»–деген сөздерін жеткізген».

 

4)Түшкірушіге дұға жасау

 

Яғни, егер бір мұсылман түшкіріп «әлхамду лиллә» (Аллаға мақтау-мадақтар болсын!) десе, онда хадиста айтылғандай оған дұға жасап «ярхамукалла» (Алла саған рахметін жаудырсын!) деп айтуы. Ол адам бұл айтқаныңа «Яһдика Алла уа юслиху бәләк!» (Алла сені туралыққа бастап, ісіңді оңдасын!) деп жауап береді. Егер адам екі рет қатар түшкірсе жоғарыдағыдай айтылады. Ал одан көп түшкірсе ол үшін дұға жасалады. Оған дәлел Сәләмә ибн Акуаъ (р.а) риуаят еткен мына хадис:

 

عطس رجل عند النبي صلى الله عليه وسلم وأنا شاهد فقال له رسول الله صلى الله عليه وسلم: يرحمك الله ثم عطس الثانية، أو الثالثة فقال رسول الله صلى الله عليه وسلم: يرحمك الله، هذا رجل مزكوم

 

«Пайғамбарымыздың ﷺ жанында болғанымда оның жанында бір адам түшкірді, оған Пайғамбар ﷺ «ярхамукалла» (Алла рахмет етсін!) деді. Сосын ол тағы да екінші, не үшінші түшкіргенінде Пайғамбар ﷺ: «Алла Саған рахмет етсін!, мына адам тымау ғой», - деді».

 

Егер өзге діндегілер түшкірсе «яһдикалла» (Алла сені тура жолға салсын!) деп дұға жасалады. Себебі Пайғамбарымыздың ﷺ кезінде християндар мен яхудилер Пайғамбарымыздың ﷺ қасына келіп «Алла рахмет етсін!» деп дұға жасасын деп түшкіре береді екен, алайда Пайғамбар ﷺ оларға: «Алла сендерді тура жолға бастап, істеріңді оңдасын!» дейтін болған.

 

5) Ауруды зиярат ету

 

Ауырған адамды зиярат ету керек. Себебі кей хадистерде келгендей ауруды зиярат етуге келген адам ол жерден кеткенше жаннат бауларының ішінде болып табылады.

 

Зиярат етіп келген адам ауру адамның бас жағына отырып ол үшін дұға жасағаны мустахаб.

 

6)Жаназаға қатысу

 

Жаназасына қатысып, соңғы сапарына шығарып салу. Егер оны қабіріне шейін апарса жақсырақ. Абу Хурайра (р.ғ.) мына хадисті жеткізді:

 

«Пайғамбар ﷺ: Кімде-кім жаназа намазын оқығанға шейін жаназаға қатысса, оған бір қираттай сауап бар, ал кімде-кім көмілгеніне шейін қатысса, оған екі қират сауабы бар»,-деді. Сонда біреу: «Екі қират қандай?»,- деп сұрады. Сонда ол ﷺ: «Екі алып таудай», - деп жауап қатты.

 

 

Кей даналар: «Кімде-кім Алла үшін мұсылман бауырының алдында ақысын өтесе Алла оған екі рет сауап жазады: өзіңе түскен ақыңды өтегенің үшін және Алланың жаратылысына сол арқылы тигізген пайдаң үшін» деп айтады.

 

Алла Тағала бізге мұсылмандар алдындағы ақымызды өтеген құлдардан жазуын, хақ исламды түсініп, оны өмірімізде көрсете алуды нәсіп еткей!