Астана қаласы,
Қабанбай батыр к-сі,
«Радуга» тұрғын үй кешені, 5/1

info@aqniet.com

Шымкент қаласы «ИЧ-167/4» мекемесінде теолог жазасын өтеуші азаматшаларға дәріс оқыды

Шымкент қаласында орналасқан ИЧ-167/4 түзеу мекемесінде сотталған азаматшалармен «Исламда жауапкершіліктің маңызы» тақырыбында топтық кездесу өткізілді. Кездесуде «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы ҚҚ аймақтық өкілдігінің басшысы Дәлелхан Оспанов лекция оқыды.

 

 

Дініміз барлық пайдалы істерді құлшылық қатарына жатқызған, әрі ісіне ұқыптылық көрсетіп міндетін сапалы орындауды әмір етеді. Пайғамбарымыздың «Алла әрбір істе ихсанды парыз қылды» (Муслим, Сайд,57) сөзімен адамзаттың әрбір ісі мен қызметі өзінің тәртібі мен шарттарына сай, беріліп орындауын меңзейді. Тағыда пайғамбарымыз «Алла Тағала істеген істеріңіздің жақсы болуымен әрі сапалылығымен разы болады» (Бәйхаки, Шуабул-иман,4/334) - деп бұйырған.

 

Бір істі бастау немесе жаңалық ашу адамзаттың қасиеттерінен. Ісіне ұқыпты болу бұл адамзаттың жауапкершілігінен. Ислам діні, мұсылмандарға әрбір істі жауапкершілікпен орындауға және одан да жақсысын жасауға үндейді. Дініміз мақсатсыз, пайдасыз және немқұрайдылықпен қараған істі құлшылық қатарына жатқызбаған. Ислам діні ылғида жақсылыққа жол сілтейді. Иманымыздың берік, іс-әрекетіміздің ұқыпты, сауда саттықта тура және өнерде үйлесімділіктің болуы осы дәстүрлі дінімізде соның ішінде Ханафи мәзһабы бойынша баяндап кеткен әмірлерінен.

 

Бір нәрсені бастау үшін алдымен ниетіміз таза болу керек. Бұл жерде адамның «қалау және қайрат көрсету» факторы да өте маңызды. Өйткені «қалау мен қайрат көрсету» адамды жетілдіріп, іскерлік қасиетіне бөлендіреді. Жүрегі таза әрбір мұсылман қандай қызметте болмасын жұмыс уақытысын тиімді пайдаланумен сәттілікке қол жеткізетіндігін білу керек. Негізінде Мұсылманның қызмет кезеңіндегі ерекшелігі ұқыптылық пен туралық болып есептеледі.

 

Енді Құраннан мұсылманның өмірлік қағидаларын белгілеп берген бірқатар аяттарға тоқталып өтелік:

 

- Адамның жаратылу мақсаты және оның салих (ізгі істер) амалдар жасауы: «Біз адам баласының қайсысы жақсы амал істейді деп сынау үшін жер үстіндегі нәрселерді жердің көркі қылдық» (Кеһф-7), «Ол сондай Алла, ізгі іс жүзінде қайсыларың жақсы, сынау үшін өліммен тіршілікті жаратқан. Ол, тым үстем , аса жарылқаушы» (Мүлк-2).

 

- Иманды адамның ісінде ұқыптылық пен сапалылық болу және өзіне берілген нығметтермен мүмкіншіліктерді орынды пайдалану: «Расында Дәуітке (ғ.с) өз жанымыздан ізгілік бердік: Әй, таулар, құстар! Онымен бірге үн қосыңдар, - дедік. Және оған темірді жұмсаттық. Кең сауыттар жаса, оны тоқығанда мөлшерле. Оң істеңдер. Әрине не істегендеріңді толық көрушімін» (Сәбә-10,11).

 

- Барлық істе Алла Тағаланың разылығын мақсат тұту және ақырет күнін ескеру: «... Елірме! Расында Алла, еліргендерді жақсы көрмейді – деді. Алланың саған берген дәулетімен ақырет жұртын ізде де дүниедегі несібеңді де ұмытпа. Алла, саған жақсылық еткендей сенде жақсылық істе, сондай-ақ жер жүзінде бүліншілік ізденбе! Алла бұзақыларды сүймейді» (Қасас-76,77), «…Шын мәнінде мен сендерден еркек, әйел амал істеушілердің амалын зая қылмаймын» (Әли Имран-195), «Еркектен немесе әйелден кім иман келтіруші болып, ізгі істерден істесе, міне солар жәннәтқа кіреді.

 

Түк де әділетсіздікке ұшыратылмайды» (Ниса-124), «Иман келтіріп, дұрыс іс істегендердің және жақсы амал істеген кісінің еңбегін жоймаймыз. Міне бұлар үшін астарынан өзендер ағатын Ғадн жәннәттары бар. Олар онда алтыннан білезіктермен безенеді; олар жұқалы-қалыңды жасыл жібектен киімдер киеді де олар онда, жұмсақ орындықтарға сүйенеді. Нендей жақсы сауап, нендей айбат жастанатын орын!» (Кеһф-30,31).

 

- Істің берекетті болуы, осы дүниеде және ақыретте пайдасының тиюі әрі жақсылығын көруіміз Алла Тағаланың және пайғамбарымыздың көрсетіп кеткен жолымен шыңдалады: «Әй, мүминдер! Алладан қорқыңдар да дұрыс сөз сөйлеңдер. Алла істеріңді оңалтып, күналарыңды жарылқайды. Сондай-ақ кім Аллаға, елшісіне бой ұсынса әрине ол; ұлы табысқа ие болады» (Ахзап-70,71).

 

Түйіндеп келгенде ғалым ғылыми еңбектерінде, саудагер саудасында, жұмысшы жұмысында, мемлекет қызметкері қызмет орнында яғни әрбір адам баласы өзінің ісінде дініміздің әмір еткен «іске ұқыптылық және сапалылық» қағидасын ұстана отырып «ихсанға» (шынайылылыққа) қол жеткізу негізгі мақсаты екендігін ұмытпауы керек.