Астана қаласы,
Қабанбай батыр к-сі,
«Радуга» тұрғын үй кешені, 5/1
info@aqniet.com
Шымкент қаласында орналасқан ИЧ-167/4 түзету мекемесінде діни экстремизм мен терроризм бойынша сотталған азаматтармен «Жалған халифалықтың шығу тарихы» тақырыбында топтық кездесу өткізілді. Кездесуде Шымкент қаласы Ақниет» ақпараттық-насихаттаушы және оңалту орталығы» ҚҚ аймақтық өкілдік теолог маманы Абулхайров Исмайл Ибрагимович лекция оқыды.
Ислам діні - бейбітшілік пен ынтымақ бірлік діні. Алайда, бүгінгі күнгі Ислам дінін ұстанамыз дейтін мұсылмандардың амал-әрекеттері, өз араларында түрлі ағымдар мен тармақтар, топтарға бөлініп қан төгуге баруы ойландырмай қоймайды. Мұның басты себебі не?! Кінә кімде?! Ислам дінінде ме әлде оны ұстанушыларда ма? Осы сауалдарды тізбектей беруге болады. Ендеше мұның себебіне үңіліп көрелік.
Мұсылмандардың арасында жанжал мен түрлі ағымдар, топтарға бөлінуінің көптеген себептері бар. Оның анық-қаныға көз жеткізу үшін сонау тарих қойнауына терең бойлауға тура келеді. Алайда сол көптеген себептердің ішінен біз бүгін Ислам дініндегі халифат мәселесіне тоқталып, осы ұғымның түпкі мәні мен маңызы, оны дұрыс және бұрыс түсінудің себептері мен нәтижелеріне аз-кем тоқталамыз.
Сөздікте халифа ұғымы
«Халифа» сөзінің түбірі «ха-лә-фә» етістігі. Бұл сөздікте арқадан немесе кейіннен келу деген мағынаға келеді. Нақтырақ айтқанда ха-лә-фа; біреудің орына өту, бір адамнан кейін келіп оның орнын басу, біреудің артынан келу/жүру, орнын басу, уәкіл болу деген мағыналарды білдіреді. Алдына өту, озу, алдынғы қатарда болудың антонимі. Біреу өзге біреудің орнына отырса, біреудің артынан келсе яки оның орнын басатын болса «Пәленше пәленшенің (халефі болды) орнын басты» деп айтылады. (Р.әл-Исфахани, әл-Мүфрәдат, 222 б) Құран Кәрімде осы мағынада бірнеше жерде қолданылған. (қараңыз; Ағраф сүресі, 7/169; Мәриям сүресі, 19/59; Зұхруф сүресі 43/60)
Мұса (а.с.) Тур тауына кетер кезде Харунға (а.с.) «Елімнің ішінде орынбасарым бол» яғни халқымның арасындағы міндетімді сен мойыныңа ал...» деді. (Ағраф сүресі, 7/142) Тур тауынан оралғаннан кейін қауымының бұзауға табынғанын көргенде оларға «менен кейін қандай жаман орынбасар болдыңдар, яғни менен кейін қандай жаман жолға түстіңдер» деді.
Құранда халифа
Құранда «халифа» ретінде екі аятта (Бақара сүресі, 2/30; Сад сүресі, 38/26), көпше түрде «халаиф» төрт аятта (Әнғам сүресі, 6/165; Жүніс сүресі, 10/14; Жүніс сүресі, 10/73; Фатыр сүресі, 35/39), хуләфа сөзі болса үш аятта (Ағраф сүресі, 7/69; Ағраф сүресі, 7/74; Нәміл сүресі, 27/62) келген.
Құранда «халифат» сөзі кездеспегені сияқты, «халифа» сөзі де саяси мағынада келмеген. Алайда адам баласының жер бетіндегі халифа екендігі жиі баяндалған. Кейбір аяттарда бір-бірінің орнын басу деген мағынада, яғни бір қауымның орнын басу үшін екінші бір қауымның келгендігін білдірген. (Ағраф сүресі, 7/69, 74; Жүніс сүресі, 10/14) Құран Кәрімде «халифа» сөзі осы мағынада бірнеше аятта келген. (Сад сүресі, 38/26; Ағраф сүресі, 7/69; Жүніс сүресі, 10/73; Ағраф сүресі, 7/74)
Термин ретінде «халифа» сөзі хазіреті Адам мен оның зияратына яғни оның ұрпағына берілген есім. Олар жер бетінде әділдікпен үкім беру, Алланың үкімдерін орындау, сол жердегі жанды-жансыз жаратылыстарды басқару үшін бір-бірлерінің артынан келіп, бір-бірлерінің орнын басқаны үшін оларды «халифа» деп атаған.
«Халифа» сөзін саяси мақсатта қолдану
Бүгінде әлемнің берекесін кетіріп, ислам дініне күйе жағып, дәстүрлі діннің атына нұқсан келтірген қаншама жалған халифат идеясындағы террористік ұйымдардың идеологиясы тоқтар емес. Мысырда «Мұсылман Бауырлар» тобы, Үндістанда «Таблиғи жамағат» пен «Жамаъатисламия», Египетте «Ат такфир уаль хиджра», Орталық Азия мен Таяу шығыста «Хизб ут-тахрир» ұйымдары пайда болды. Олардың негізгі ұстанымдары «халифатты қайта жаңғыртамыз» деген қате ұранмен жалғасын тапты.
Мұндай ұрандары шариғат заңдарына қайшы келіп, көпшіліктің қолдауына ие бола алмай, мұсылмандардың жік-жікке бөлініп, бір-бірін күпірлікпен айыптауына алып келді. Уақыт өте келе саяси бағыттағы мұндай идеологиялар бүкіл әлемге тарады. Бүгінде саяси бағыты осындай идеологияның жетегінде кеткен адасушылар қоғамның басты мәселесіне айналып отыр. Бұлардың әр елді алатайдай бүлдіруіне алып келіп отырған жағдай – олардың жалған жиһад ұғымын өздерін қолдаушыларға сіңіріп, теріс әрекеттерге ұрындыруы.
Экстремистік ұйымдардың халифат құрамыз деген ұмтылыстары түбірімен қате екені анық. Ғалымдардың айтуы бойынша, халифат құрудың шариғаттағы шарттары мынадай:
Біріншіден, халифат құрылған жердегі мұсылмандардың көзқарасы бір жерден шығып, бірауыздан əлгі жерге жиналу керек жəне барлық мұсылмандар осы халифат үшін жан-тəнімен қызмет етуі керек.
Екіншіден, мұсылмандардың басын біріктіретін халифа (басшы) таңдауы барлық ерлер мен əйелдер қатарынан болған мұсылмандардың ортақ кеңесуі арқылы жүзеге асады. Себебі, Осман халифа осындай жолмен сайланған еді.
Үшіншіден, халифа таңдау тыныштықта, бейбіт заманда жүзеге асатынын мұсылман ғалымдары жоққа шығармайды.
Бүгінгі ғаламторды сараласақ, халифатшылардың əрекеті бүліктен басқа ешқандай шариғат қағидаларына сай келмейді. Бұқаралық ақпарат құралдарында сипаттағандай олардың бар ісі адам өлтіру, соғыс ашу жəне бүлік отын жағу болып отыр.
Аталған шарттарды бағамдасақ, бүгінгі таңда шариғат біздерге халифат құру амалдарын жүктемейтіні анық. Яғни, мұсылмандар үшін ешқандай халифаттың жүзеге асуы міндетті емес. Сондықтан, халифат құрамыз деп жүрген экстремистік ұйым өкілдері ондай ойларынан арылу керек. Ал, егер əділдік, бірігіп кеңесу, ел басшысына бағыну секілді ізгі амалдардан айырылсақ, онда құрдымға кетеміз. Исламда қылыштың күшімен халифат орнамайтыны айтылған. Демек қазіргі халифат мұсылмандардың құтын қашырудан басқа жақсылыққа бастамайтыны мәлім.