Астана қаласы,
Қабанбай батыр к-сі,
«Радуга» тұрғын үй кешені, 5/1

info@aqniet.com

Шымкент қаласы ИЧ-167/3 түзеу мекемесінде жазасын өтеушілерге дәріс өткізілді

Шымкент қаласында орналасқан ИЧ-167/3 түзеу мекемесінде діни экстремизм мен терроризм бойынша жазасын өтеп жатқан азаматтармен «Мақтауға ие болған сәләф дәуірі және олардың сенім мәселелеріндегі ұстанымдары» тақырыбында топтық кездесу өткізілді. Кездесуде Шымкент қаласы «Ақниет» АНОО аймақтық өкілдігінің теолог маманы Файзулла Тайтелиев дәріс оқыды.

 

 

«Ас-Салафия» сөзі араб тіліндегі «салаф», «алдыңғы өткендер, бұрыңғылар» яғни «бұрын өмір сүрген бабалар, аталар», сондай-ақ «ізашарлар, жол салушылар, негізін қалаушылар», - дегенді, «ас-Сәләф ас-Салих» термині «біздің заманымыздан алдын өмір сүрген ізгі бабалар, ізгі жол салушылар, ізгі негіз қалаушылар», деген ұғымды білдіреді. Және оларды «алтын дәуір саналған алғашқы жүз жылдықтарда» өмір сүрген мұсылман үмбетінің алғашқы бабаларының тілегі бір адамдар тобы өкілдерінің ең  ізгілері, жақсылары санайды.

 

Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) өзінің сахих хадисінде: «Ең қайырлы буын - менің замандастарым. Одан кейін олардың соңынан ергендер. Сосын бұлардан кейін келгендер» деген. Мұхаммед пайғамбардың бұл хадисіндегі «ең қайырлы буын» деген атқа ие болған алғашқы үш буынды араб тіліндегі «салафу-салихин» деп атайды.

 

Ислам ғұламаларының басым бөлігінің пікірінше ол алғашқы үш буынға:

1) Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) дәуірінде ғұмыр кешіп, оған иман келтіріп, оның жолында жанын қиған және тәлім алған «сахабалар»;

2) Ол сахабалардан кейін табиғин буыны келеді.

 

Табиғиндер сахабалардың жанында аса зеректілікпен тәлім-тәрбие алып, ғылымды, ақида және шариғат мәселелерін үйреніп, алған ілімдеріне аса ұқыптылықпен амал жасаған. Сахабалар уақытында кезікпеген көптеген бейтаныс пікірлер мен шариғаттағы туындаған жаңа мәселелерді шешті. Табиғиндер дәуірінде түрлі діни ағымдар мен философиялық мектептердің пайда бола бастаған кезі еді, айтарлық негізгі дәстүрлі исламға қарсы келетін философиялық ойдан өрбіген (муғтазила, жәбрия, муржиға т.с.с.) басқа ағымдар пайда бола бастады.

 

3) Табиғиндердің соңынан ергендер, олардан түрлі пән бойынша дәріс алып, амалдарына нық берік болған әтбәғут-табиғиндер (табиғиндерге ілесушілер) болды.

 

Бұл кезеңде ілімнің тамыры тереңге жайылып, әртүрлі салаларға бөлінді. Пайғамбарымыздың хадистері кең таралып, арнайы кітаптарда жинақталды. Табиғиндер дәуірінде мәзһабтардың негізі қалана бастаса, бұл кезең - мәзһабтардың бірегей қалыптасып, жан-жаққа етек алып, тарай бастаған кезең болды.

 

Жоғарыда қысқаша тоқталып өткен үш толқынды Алла тағала Құран Кәрімінде, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) өз хадистерінде мақтауға лайық етіп баяндады, өйткені олар, бізге Ислам дінінің таза қалпында сақталып жетуінде негізгі әрі маңызды міндеттерді атқарды.

 

Алтын ғасырда және сахабалардың көпшілігі тірі болған дәуірде мұсылмандар арасында ақаид саласындағы кез келген бір бөлінушілік, шешілмеген бір қиындық болмаған. Өйткені ақидалар (сенім) таза, ниеттер түзу еді. Пайғамбарлық нұрдың әсері әлі де жалғасып тұрған еді. Мұсылман ғалымдар арасында фиқһ мәселелерінде (фуру-и фиқһ) әртүрлі көзқарастар болғанымен ақаидта ой бірлігі болды. Бірақ сахабалар дәуірінің соңына қарай ақаид саласында іріткі мен бөлінушілік бой көрсете бастады. Имам Муслимнің деректерінде көрсетілгендей Абдуллаһ б. Омардың (ө. 73/693) тірі кезінде қадария ағымы (тағдырды мойындамайтындар) пайда болды. Абдуллаһ б. Омарға Мәбад әл-Джуханидің (ө. 80/699) тағдырды мойындамайтыны туралы хабар жеткізген, ол өзін олардан емес екенін, ондайлардың өзінен аулақ болғанын айтқан (Муслим, әл-Иман, 1.).

 

 

Пайғамбардың дүниеден өтуімен уахи қайнарының тоқтауынан кейін мұсылмандар, Құран және хадис мәтіндерімен бетпе бет келіп, бұларды түсіндіру және тәпсірлеуі қажет болды. Адамдардың ойлау қабілеттері мен түсініктері әрқилы болғандықтан, осыған байланысты бір-бірінен өзгеше нәтижелердің ортаға шығатыны заңдылық. Бұл жағдай өздігінен талас тартыстардың пайда болуына алғышарт жасап берді. Сонымен Мұхаммед пайғамбардың қайтыс болуынан кейін ішкі халифат таласы, ішкі соғыстар, пайғамбарлық уағыздың алыстауы, Ислам діні ұсынған ой еркіндігі, сырттан неше түрлі тіл, дін, ұлт және мәдениет өкілдерінің Ислам әлеміне енуі алғашқы ойшылдық әрекеттердің шығуына түрткі болды.

 

Пайдаланылған әдебиеттер: Бәкір Топалұлы «Ислам теологиясына кіріспе» аударғандар, Н.Байтенова, С.Абжалов.