г. Астана,
ЖК Радуга пр. Кабанбай батыра,
д.5/1, НП-2
info@aqniet.com
«Өңірлерде түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасы шеңберінде Павлодар облысындағы «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» ҚҚ өкілдігінің теолог-консультанты Касенов Есбол Айтмұханбекұлы «АП-162/2 мекемесі» РММ, «АП-162/3 мекемесі» РММ және «АП-162/4 мекемесі» РММ-де қылмыстық жазасын өтеп жатқан сотталған діндарлар үшін «Дін мен дәстүрді дұрыс түсіну» тақырыбында үш дәріс өткізді.
Дін дегеніміз тек сенім жүйесі емес, ол - өмір сүру мәнері, қарым-қатынас әдебі, моральдық нормалар жиынтығы, жақсы мен жаманды, адал мен арамды ажыратушы рухани қағидалар жүйесі. Сондықтан, дін мәселесі - руханият мәселесі.
Дін - бұл сонау Адам (а.с)-нан бергі бізге дейін Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымыз арқылы жеткізіліп келген шариғат аясындағы үкімдер, қоғамдағы ынтымақ пен бірліктер, басшыға бағынып бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүру сияқты нақты қадамдар болса,
Дәстүр - бұл Қазақ ұлтымыздың ертеден сақталып келген әдет-ғұрпы. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші бұл әдет ғұрыптарымыздың басым көпшілігі шариғат шеңберінде үйлесіп келген. Кез келген мәдениетіміздегі құндылықты, салт-дәстүрді алып қарасақ діннен негізін табамыз. Қарапайым халық олардың діндегі сүннет, мұстахат, уәджіп екенін білмеуі мүмкін. Бірақ, ол діндегі негізгі құндылықтардың бірі болып табылады.
Дін мен дәстүр - қашанда бір-бірін қуаттап, қоғамда ынтымақ пен бірліктің, бабаларымыздан қалған асыл құндылықтардың жоғалып кетпеуне үндеп, кейінгі ұрпақтың болашағы жарқын болуына, өткенді ұмытпай, саралап ұлттық ар ожданының жоғалмауына шақырады. Дін мен дәстүр үлкенге құрмет, оларға дауыс көтеріп сөйлеу былай тұрсын, жолда өтіп бара жатса алдын кесіп өтпеуге үндейді. Хадисте: «Береке сендердің үлкендеріңмен бірге келеді» делінсе, дана халқымыз: «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» дейді. Жасы үлкен адамдарды төрге шығарамыз, сыйлаймыз, бас тартамыз. Үлкенді құрметтеу бізде бұрыннан бар еді, ислам енгеннен кейін дәстүрлі құндылық болып қалыптасты. Ислам дініндегі құндылықтар біздің салт-дәстүрімізде де болғандықтан, ол тез сіңіп, халық тез қабылдап алды.
Әдет дегеніміздің жақсысы да болады, жаманы да болады, озығы да болады, тозығы да болады. Мұны түсіндіруді Исламның тарихынан бастайтын болсақ, Араб түбегінде небір жаман әдеттер бар еді. Сонымен қоса жақсы әдеттер де бар еді. Ислам келгеннен кейін оған дейінгі құндылықтарды, халықтың қазынасын Ислам түп-түгел жойып жіберген жоқ. Оның саналы адамзат қоғамына қайшы келетін, шариғатқа кері келетін тұстарынан тыйып, кемшіліктерді атап көрсетіп, ал жақсыларын әрі қарай дамытуға бұйырды.
Соның бір айқын дәлелі Пайғамбарымыз Мұхаммед Мустафа (с.а.у.) өзінің Солиб деген сахабасына: «Әй, Солиб! Исламға дейін надандық дәуірінде жасап келген жақсы істеріңді Ислам дәуірінде де жалғастыр, жұртқа жақсылық жаса, туған-туысқандарыңмен қарым-қатынасыңды орнат, көршілеріңмен жақсы тұр, қонағыңды сыйла»-деді. Демек Ислам діні келгенге дейін қонақ қадірлеу, жақсылыққа шақыру, туған-туысқандармен жақсы қарым-қатынаста болу деген әдеттер де болған. Пайғамбарымыз Мұхаммед Мустафа (с.а.у.) салт-дәстүрге немесе әдет-ғұрыптың барлығына тыйым салған жоқ.
Басымызға іс түсіп, дүниелік бір жағдай бола қалса ең бірінші қасиетті кітабымыз Құран Кәрімге жүгінеміз. Егер Құраннан таппасақ, онда сүннетте оның орны қандай деп хадистен ізденеміз. Егер хадистен де таппасақ онда ғалымдардың ижмағына (бір ауыздан келісіміне) жүгінеміз. Егер ғалымдардың ижмағынан да таппасақ, онда қиясқа жүгінеміз. Ал салт-дәстүр дегеніміз - қосымша дәлелдер. Бұрынғы иманды, сенімі нық халқымыз бұлай жасамайтын еді деп, халықтың бұрынғы дәстүрін, салтын дәлелге аламыз. Ал бұл пәтуәға 4 мәзһаб имамдары түгел келіскен. Жалпы салт-дәстүр біздің ұлтымыздың негізгі ерекшеліктері.