г. Астана,
ЖК Радуга пр. Кабанбай батыра,
д.5/1, НП-2

info@aqniet.com

Жамбыл облысы «ЖД-158/2» түзету мекемесінде жазасын өтеуші азаматтарға дәріс өткізілді

 

Жамбыл облысындағы «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» қоғамдық қорының Тараз қаласындағы теолог-консультанты Сержан Құлтаев Республикалық «ЖД-158/2» түзету мекемесінде жазасын өтеуші азаматтарға «Құрандағы пайғамбарлар туралы қиссалардың қазақ мәдениетіндегі рөлі» тақырыбында дәріс оқыды.

 

Қазақ дүниетанымының бастауларына қарасақ, біз оның тек-тамырында биік руханияттың, терең мәдениеттің жатқандығын пайымдаймыз. Бағзы заманнан бері қазақ әдебиетінің, мәдениетінің, даналық парасатының, салт-дәстүрінің өркендеп дамуына ықпал еткен сондай асыл қазынаның бірі - ХІІІ-XIV ғасырларда Рабат Оғыз шаһарында өмір сүрген Нәсіреддин Рабғузидің «Қисса сүл-әнбия» кітабы. «Қисса сүл-әнбия» еңбегінің жүздеген жылдар бойы Ислам дінін ұстанатын түркі халықтарының арасына кеңінен тарағандығының бір себебі - оның Құран рухымен суғарылғандығында. Өйткені бұл кітап Құрандағы дүниенің жаратылысын, пайғамбарлар өмірін, олардың тағылымды іс-әрекеттерін таразылай отырып,  ең ұлы мұраттарға ұмтылуды үйретеді.

 

Құран кәрім - Ислам діні аясындағы ұлыстардың рухани мәдениетіне ықпал еткен ең басты кітап, діни-дүниетанымдық, моральдық-этикалық, социо-психологиялық бастау. Кез-келген халықтың мәдениетінің өзегінде ұстанған дініне сәйкес қасиетті мәтіні, яғни киелі кітабы тұрады. Қазақ халқының діни танымында Құран хикаяларының желісінде қалыптанған қиссашылдық дәстүр, қасиетті мәтіндегі сюжеттерді ұлттық образдарға айналдырып, Құран қиссаларындағы пайғамбарлар мен әулие-әнбиелердің дара тұлғасын, ерендік, адалдық, шыншылдық қалпын ұлт рухының қайнар бұлағы ретінде идеалдандырды.

 

Құран кәрімде: Әзіреті Адам және екі ұлы, Нұх, Хұд, Салық, Ыбырайым, Смағұл, Ысқақ, Лұт, Жақып, Жүсіп, Шұғайып, Мұса, Дәуіт, Сүлеймен, Аюп, Жүніс, Зәкәрия, Жақия, Ғайса, Мұхамбет секілді пайғамбарлардың қиссалары өте көп орын иеленеді. Олардың ішінде кейбіреулері ерекше аталып, кеңірек баяндалады.

 

 

Ислам мәдениетінде «Ісраилият» деп аталатын қиссашылдық дәстүр медреселерде «Қисса сүл-Әнбиямен» көрініс тапса, халық шығармашылығында жыраулық мектептер арқылы өркен жайды. Себебі, дәл осы үрдіспен ұлт өзінің тарихи миссиясын есінен шығармай ұрпақтан ұрпаққа жеткізеді. Құрандағы қиссалармен тығыз доктриналық байланыста өрбитін діни дастандарымыз бен аңыз әпсаналарымызда әлемнің онтологиялық мәнін Мұхамбет пайғамбардың нұрымен, Адам атаның даналық хикметімен, Нұқ Пайғамбардың кемесімен түсіндіретін шығармашылық сарын байқалады. Бұл - әлемді мәденилендіретін шығармашылық ізденістің діни дүниетанымнан бастау алатындығын көрсетеді. Көктер мен жердің жаралуы және аң-құстың пайда болуы жайлы ойлар рухани негізбен өріле баяндалғанда ерекше діни дүниетаным қалыптасары сөзсіз.

 

Рабғузидің «Қисса сүл-Әнбиясында» көсіле баяндалатын жаратылыс жайлы ойлар мифтік санамен байланыста болғанмен діннің догмаларын терістемейді. Мысалы, Исламның Алланы бір деп тану, пайғамбарды хақ деп нану, кітаптарға сену, ақиретке және өлген соң қайта тірілуіге сену, тағдырға мойынұсыну сынды иман шарттарына қайшы келмейді. Керісінше, Құранның ұғымдарын барынша байытып, детальдармен, сюжеттермен толықтыра түседі. Қиссадан  бір мысал: Нұх пайғамбар кеме жасап жатқанда, бір қылжақбас күнде оны мазақ етіпті. Оның құйтырқы сөздеріне Нұх шыдай алмай, кейде жылап жібереді екен. Ол: Мына жындының ісін қараңдар, су жоқ жерге кеме жасап жатыр. Кемеге барлық жануарды жинамақшы. Кемеде қасқыр мен қой, түлкі мен тауық қайтіп бірге тұрады? - деп әжуалайды екен.

 

Бір күні апат басталып, барлық жануар Алланың әмірімен кемеге мінеді. Кеменің есігі жабылар соңғы сәтте Жебірейіл періште бір мақұлықты сүйреп әкеліп:

– Әй, Нұх, мынау сені әжуалап, талай рет жылатқан қылжақбас. Момынды мазақтаған, Құдаймен ойнағанмен бірдей. Сені нала қылғаны үшін Алла оны маймылға айналдырды. Оны ала кет. Топан судан қалай аман қалатыныңа куәгер болсын, - дейді.

 

Қылжақбас адам маймылға айналып, хайуандардың қарасын көбейтеді. Содан бері өзі де елдің мазағына ұшырап келеді екен… Дін психологиясының зерттеулерінде «ойланушы мақұлық» саналатын адамның өмір мен өлім, әділдік пен қиянат, адалдық пен сатқындық жайлы ізденістеріне тиянақты діннен табатындығы айтылады. Себебі, өнер, музыка, кино, тіпті көркем әдебиеттің де бұл мәселеде қуаты діни жүйедегідей емес. Адам санасының екі қыры іспеттес «миф» және «логос» онымен бірге жасайтын танымдардың ізі.

 

Логостың арқасында рационалды пайымдаушы адам қоршаған ортаның кірпішіне айналып, тіршілігін дөңгелетеді. Құпиясы терең жанның бұлқынысы мифтің бастауына ұмтылады. Мифтің сананың жүйеленген формасы ретінде діни дүниетаным оның трансценденттік болмысына нәр береді. Сондықтан да «орта жастағы дағдарыс» мәселесін терең зерттеген психолог ғалымдар әлем жайлы, өлім мен өмір жайлы, адамдық мұраты жайлы толғанбаған, діни тәрбиесі тым жұтаң адамдардың қырық жастан асқан соң  тез шөгіп қалатынын айтады.

 

Карл Густав Юнг: «Әрбір тұлғаның игерген мамандығы оны қырық жасқа дейін тоқыраудан аман сақтайды. Ал одан кейінгі өміріне мән кіргізетін, тоқыраудан сақтап қалатын жалғыз жолды діннен табады» деген. Осы арада қиссаның маңыздылығы айқындала түседі. Кешегі өткен қариялардың тұғырлы тұлғасын сомдаған бұл ерек жосын жас ұрпақтың жадында қайта жанданса игі.

 

«Өңірлерде түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасын Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қамқорлығымен «Ақниет» АНОО» ҚҚ іске асыруда.