Астана қаласы,
Қабанбай батыр к-сі,
«Радуга» тұрғын үй кешені, 5/1

info@aqniet.com

Павлодар облысының теологы сотталған діндарларға дәріс өткізді

«Өңірлерде түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасы шеңберінде Павлодар облысындағы «Aqniet» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» ҚҚ өкілдігінің жетекшісі Уныйбаев Ерлан Жиксимбаевич «АП-162/3 мекемесі» РММ-де қылмыстық жазасын өтеп жатқан сотталған діндарлар үшін «Уәденi орындау» ұжымдық теологиялық сабақ өткізді.

 

Кез келген жағдайда берілген уәдені орындау мұсылмандық міндеттердің ең абзалы. Керісінше әрекет ету мұсылман кісіге жараспайтын жат әдет. Берілген уәдені орындамау Алланың құлға берген ақысын аяқ асты ету деген сөз. Мұсылман кісінің берген сөзінде тұруы діни тұрғыдан бекітілген міндеттердің бірі. Себебі, Құранда былай дейді:

 

وَأَوْفُواْ بِالْعَهْدِ إِنَّ الْعَهْدَ كَانَ مَسْؤُولاً

 

«Сертті орындаңдар. Сөз жоқ, уәде сұралады», («Исра» сүресі -34-аят).

 

وَأَوْفُواْ بِعَهْدِ اللّهِ إِذَا عَاهَدتُّمْ وَلاَ تَنقُضُواْ الأَيْمَانَ بَعْدَ تَوْكِيدِهَا وَقَدْ جَعَلْتُمُ اللّهَ عَلَيْكُمْ كَفِيلاً إِنَّ اللّهَ يَعْلَمُ مَا تَفْعَلُونَ

 

«Қашан серттенсеңдер, Аллаға берген серттеріңді орындаңдар. Анттарыңды Алланы өздеріңе кепіл етіп, бекіткеннен кейін бұзбаңдар», ( «Нахыл» сүресі, 91-аят).

 

Мұсылман адам қолынан келмейтін, істей алмайтын істі орындауға уәде бермеуі тиіс. Сондай-ақ өзі істемейтін шаруаны да айтуы дұрыс болмайды. Өйткені Алла осы мәселеге қатысты Құранда былайша ескертеді:

 

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آَمَنُوا لِمَ تَقُولُونَ مَا لَا تَفْعَلُونَ كَبُرَ مَقْتاً عِندَ اللَّهِ أَن تَقُولُوا مَا لَا تَفْعَلُونَ

 

«Әй, мүміндер! Істемейтін істеріңді неге айтасыңдар. Істемейтін істеріңді сөйлеулерің Алланың қасында зор ашуға себеп болады», ( «Саф» сүресі, 2-3-аяттар).

 

Жер бетіне жіберілген пайғамбарлардың барлығына тән 5 сипат болған болса, соның бірі «сидқ» - турашыл болу. Пайғамбарлар сөзі дұрыс, шыншылдық пен дұрыстықтан айнымаған. Пайғамбарлар өздері елші болып келген қауымға былай дейтін: «.. Мен шынында да, сендерге жіберілген сенімді елшімін» ( «Шуара» сүресі,105-аят).

 

Ешбір пайғамбардың өмірінде уәдесін бұзғандығы яки сөзінде тұрмағаны жайында дерек жоқ. Өйткені олар Алланың сенімді елшілері еді. Оларда кемшілік болмайтын және кемшілікке бой алдырмайтын ұлы тұлғалар болатын.

 

Ардақты Пайғамбарымыздың (ﷺ) өміріне көз жүгіртсек шынайылық пен турашылдықтан танбағанын, уәдесіне берік болғанын көреміз. Біз үшін үлгі алар ұлы тұлға ардақты Пайғамбарымыз (ﷺ) екені белгілі. Олай болса, Пайғамбарын жақсы көретін мұсылман ретінде бізде уәдемізге берік болып, сөз берсек, сөзімізде тұратын болайық.

 

Пайғамбарымыз (ﷺ) бір күні Сафа тауының басына шығып:

- Ей, құрайыш қауымы! Мен сендерге мына таудың артында дұшпан әскерінің келе жатқанын айтсам, сенесіңдер ме? - деп сұрайды. Сол жерге жиылғандар бірауыздан:

- Иә, сенеміз. Өйткені сен бір рет болсада жалған сөйлеген адам емессің, - дейді.

 

Мүшіріктер Пайғамбарымызды (ﷺ) жақсы білгендіктен оның сенімділігіне күмән келтірмейтін. Оның бір рет болса да өтірік айтқанына, уәдесінде тұрмағанына куәлік ете алмайтын. Мекке тұрғындары үшін «сенімді Мұхаммед» ретінде танылды. Мүшіріктер тек өздерінің қыңыр мінезінен Исламды қабыл етуге құлық танытпады. Дәулетті мүшіріктер болса, «Құдай неге бізді елші етіп жібермейді? Біз барлық жағынан пайғамбарлыққа лайықпыз ғой» деген көрсоқырлық сезіммен ақиқатты қабыл еткілері келмеді. Алайда Мекке халқы үшін Мұхаммедтен (ﷺ) сенімді адам жоқ еді. Заттарын аманаттауға келгенде Оған ғана сенетін.

 

Пайғамбарымыз (ﷺ) көрші елдердің басшыларына хат жолдап, Исламға шақырады. Сырттағы жандар жаңа шыққан пайғамбардың кім екенін білу үшін меккеліктерден сұрастыратын. Мүшіріктер Пайғамбар (ﷺ) дағуатын қабыл етпесе де, сұраған жанға жамандайтындай кінәрат айта алмайтын. Сондай көріністің бірі Византия императоры Геракл мен Әбу Суфиян арасында мынандай әңгіме өрбиді.

 

Геракл патша жаңа шыққан пайғамбар жайында нақты мәлімет алу үшін Шам өлкесіне сауда мақсатымен келген меккеліктерді құзырына алып келуін бұйырады. Патша бұйрығына сәйкес құзырына меккеліктерді алып келгенде, Геракл: «Пайғамбарға (ﷺ) туыстық жағынан ең жақыны кім?» - деп сұрайды. Сонда Әбу Суфиян: «Мен», - деп жауап береді. Геракл патша Әбу Суфиянға қарап:

- Өз араларыңда Оның шыққан тегі қалай бағаланады? - деп әуелгі сұрақты сұрайды. Әбу Суфиян:

- Ол өте текті жерден шыққан, - деп жауап бергенде Геракл:

- Ата-бабасының арасында үлкен салтанатқа ие байлар болған ба? - деп сұрайды. Әбу Суфиян:

- Жоқ, - деп жауап береді. Геракл:

- Пайғамбарлық келгенге дейін жалған сөйлеген кезі бар ма? - дейді. Әбу Суфиян:

- Жоқ, - дегенде Геракл:

- Уәдеден тайқып, сертін бұзғанын көргендерің бар ма? – деп сұрағын жалғастырады. Сонда Әбу Суфиян:

- Жоқ, бүгінге дейін болған емес, - деп жауап береді.

 

Ардақты Пайғамбарымыз (ﷺ) уәдеге беріктікті тамаша етіп іс жүзінде көрсете білді. Бірде Пайғамбарымыз (ﷺ) әлдебір кісімен әлдеқандай шаруа қамымен уәделеседі. Ертесінде айтылған жерге Пайғамбарымыз (ﷺ) баруын барғанымен, сөз байласқан кісі келмейді. Уәдеге сай Пайғамбарымыз (ﷺ) оны сол айтылған жерде тапжылмай күтеді. Арада үш күн өткенде әлгі адамның Пайғамбарға (ﷺ) берген уәдесі есіне түсіп, екі өкпесін қолына алып құстай ұшады. Уағдаласқан жерде Пайғамбардың (ﷺ) тапжылмай күтіп тұрғанын көріп, бетінен оты шыға ұялып, Пайғамбардан (ﷺ) кешірім сұрайды. Пайғамбарымыз (ﷺ) оған ақырын ескертіп: «Бұдан кейін бұлай істеуші болма», - дейді.

 

Туралық мұсылман адамды кемелдендіретін әрі жұмаққа жетелейтін жақсы қасиет. Абдуллаһ ибн Мәсғудтан риуаят бойынша Пайғамбарымыз (ﷺ) бір хадисінде былай дейді: «Туралықтан айрылмаңдар. Туралық сендерді жақсылыққа, жақсылық жәннәтқа апарады. Кісі әрдайым тура болып, туралықты іздесе, Алла құзырында турашыл деп жазылады.

 

Жалғаннан сақ болыңдар. Жалғандық адамды жамандыққа, жамандық тозаққа апарады. Адам үнемі жалған сөйлеп, жалғанды іздесе, Алла жанында жалғаншы болып жазылады» (Бұхари, «Әдәб» 69; Мүсілім, «Бирр» 105).

 

Сөзінде тұру ең ғанибет амалдың бірі, ал сертінен бас тарту зор күнә және мунафиқтың белгісі. Пайғамбарымыз (ﷺ) мунафиқтың белгісі жайында түсіндірген кезде уәде беріп, уәдесінде тұрмау екіжүзділіктің нышаны екенін атап айтады. Демек, екіжүзді жан ғана сөзінде тұрмайды деген сөз. Хадисте бұл мәселені былай деп келтіреді:

 

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ عَنْ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ آيَةُ الْمُنَافِقِ ثَلَاثٌ : إِذَا حَدَّثَ كَذَبَ ، وَإِذَا وَعَدَ أَخْلَفَ ، وَإِذَا اؤْتُمِنَ خَانَ

 

Әбу Һұрайрадан (р.а.) риуаят бойынша Расулалла (ﷺ) былай деді:

 

«Мұнафиқтың үш белгісі бар: сөйлеген кезде өтірік айтады, уәдесінде тұрмайды, аманатқа қиянат етеді» (Бұхари, Мүсілім риуаяты).

 

حَدَّثَنَا قَبِيصَةُ بْنُ عُقْبَةَ قَالَ حَدَّثَنَا سُفْيَانُ عَنِ الأَعْمَشِ عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ مُرَّةَ عَنْ مَسْرُوقٍ عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرٍو أَنَّ النَّبِيَّ -صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ- قَالَ: «أَرْبَعٌ مَنْ كُنَّ فِيهِ كَانَ مُنَافِقًا خَالِصًا، وَمَنْ كَانَتْ فِيهِ خَصْلَةٌ مِنْهُنَّ كَانَتْ فِيهِ خَصْلَةٌ مِنَ النِّفَاقِ حَتَّى يَدَعَهَا: إِذَا اؤْتُمِنَ خَانَ، وَإِذَا حَدَّثَ كَذَبَ، وَإِذَا عَاهَدَ غَدَرَ، وَإِذَا خَاصَمَ فَجَرَ

 

Абдулла ибн Омардан (р.а.) риуаят бойынша Пайғамбарымыз (ﷺ) былай деді:

 

«Кімде төрт белгі болса, ол адам шынайы мүнафиқ болады. Ал кімде бұлардан біреуі болса, оны тастағанға дейін екіжүзділіктің белгісі болады: аманат қалдырса, қиянат етеді; сөйлеген кезде өтірік айтады; сөз берсе сөзінде тұрмайды; куә болса, жалтарады» (Бұхари, Мүсілім риуаяты).

 

Алла Тағала уәдесінде тұрған мұсылманды Құранда мақтайды. Аятта бұл турасында былай дейді:

 

مِنَ الْمُؤْمِنِينَ رِجَالٌ صَدَقُوا مَا عَاهَدُوا اللَّهَ عَلَيْهِ فَمِنْهُم مَّن قَضَى نَحْبَهُ وَمِنْهُم مَّن يَنتَظِرُ وَمَا بَدَّلُوا تَبْدِيلاً

 

«Мүміндер арасында Аллаға берген сертін орындаған адамдар көп болды. Олардың кейбіреулері шәһит болып кетті. Енді біреулері (шәһит болуды) күтуде. Олар уәдеден ешқашан тайған жоқ» («Ахзаб» сүресі, 23-аят).

 

Бірде Пайғамбарымыз (ﷺ) Жәбир ибн Абдуллаға екі қолымен ымдай көрсетіп: «Егер Бахрейннен дүние келетін болса, саған мынандай сый беремін», - дейді. Алайда, жылдар жылжып, айлар өтседе Бахрейннен келетін олжаның шеті де көрінбеді. Бұл аралықта екі әлем Сардары да дүниеден озады. Хазреті Әбу Бәкірдің (р.а.) кезеңінде уәде етілген олжа Бахрейннен келіп жетеді. Әбу Бәкір (р.а.) : «Расулаланың берген уәдесі немесе қарызы болса, сол адам бізге келсін», - деп жариялайды. Жәбир мұны естіп: «Пайғамбар маған мынандай сый беремін деп уәде еткен еді», - дейді. Хазреті Әбу Бәкір оған екі уыс ақшаны ұстатады. Санағанда артық та емес, кем де емес, тұп-тура 500 динар шығады. Әбу Бәкір (р.а.) оған: «Осының екі есесін тағы ал», - деп бұйырады. (Риязус Салихин, 2 том, 694 х.).

 

Мұсылманның арманы жәннат болса, жәннатқа жетелейтін амал көп-ақ. Сол амалдың ішінен алты амалды орындаған мұсылманға Пайғамбарымыз (ﷺ) жәннатты сүйіншілеп әрі жәннатқа кіретіні жайында кепілдік беремін деп айтқан болатын. Сол алты амалдың бірі - уәдеде тұру. Олай болса, қадірлі бауырым, жәннатқа жетелейтін осы амалдарды толық орындап, Пайғамбарымыздың (ﷺ) кепілдігімен жәннатқа кіруге асыққан жөн болады.

 

Пайғамбарымыз (ﷺ) былай дейді: «Маған мына алты нәрсе үшін кепілдік беріңдер, мен де сендерге жәннатқа кіруге кепілдік берейін:

- Сөйлегенде шындықты айтыңдар;

- Уәделеріңді орындаңдар;

- Аманатқа сенімді болыңдар;

- Ұятты жерлеріңді сақтаңдар;

- Көздеріңді харамға жұмыңдар;

- Қолдарыңды харамнан аулақ ұстаңдар» (Имам Ахмад, Муснәд, 5323).

 

Пайғамбарымыз (ﷺ)және ілгерідегі сәләфтардың өмір жолдарынан уәдеде тұру жайында көріністерден мысалдар келтірсек: Бірінші көрініс: Сахих муслимде келген ұзақ хадисте Хузайфа ибн әл-Яман және Әбу Хусайл деген екі сахаба Меккеден Мәдинаға бара жатқан кездерінде Мекке Құрайыштары ұстап алады. Олардың Мәдинаға бет алып бара жатқанын біліп кері қайтармақшы болады. Олар Құрайыштарға қарсы соғыспасқа Алламен ант етуін сұрайды олар ант еткеннен кейін босатады. Мұсылмандардың кәпірлермен алғашқы соғысы Бәдір соғысында мұсылмандар саны аз бола тұра пайғамбарымыз (ﷺ)олардың берген серттері үшін соғысқа қатыстырмайды. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Сендердің серттерің үшін олармен соғысуға тыйым салынды, Алладан оларды жеңу үшін жәрдем сұраймыз» деді. Бұл мүшріктерге берілген уәде болса да, пайғамбарымыз (ﷺ)уәдені бұзбады.

 

Екінші көрініс: Хижраның алтыншы жылы мүшріктер мен мұсылмандардың арасында Худайбия келісімі болған кезде келісімге сәйкес мүшріктер тарапынан егер біреу ислам қабылдап, мұсылман болатын болса Мадина қаласына барып пайғамбарымызбен (ﷺ)бірге болу тиым салынған болатын. Келісім аяқталғаннан кейін Әбу Жәндал ибн Сухаил деген сахаба Меккені тастап, Мәдинаға мұсылмандарға қосылмақшы болады. Алайда әкесі Сухаил келісімнің өз күшіне енгенін айтып, баласын кері қайтарады. Сол кезде Әбу Жәндал тұрып мұсылмандарға: «Менің мүшріктерге қосылуыма жол бересіңдер ме? Мен мұсылман болып келген жоқпын ба?» дейді. Пайғамбарымыз (ﷺ)мүшріктерге берген уәдесінде тұрып: «Әбу Жәндал сабыр ет, және Аллаға тәуекел қыл, сен және сенімен бірге болған әлсіздерге Алла жеңілдік және шығар жол береді. Біз бұл қауыммен келісімге отырдық, Алламен ант еттік, біз антымызды бұзбаймыз» деді.

 

Үшінші көрініс: Пайғамбарымыздан (ﷺ)тәлім алып, әрбір әрекетіне амал жасауға тырысқан ұлық сахабалар уәдеде тұрудың озық үлгісін көрсетіп кеткен. Парсы еліне ислам жорықтар болған кезде Әбу Убайдата ибн Жарахтың әскерінде бір жауынгер мұсылмандарға шабуыл жасауға ыңғайлы маңызды нүктеде орналасқан бір елді мекенге соғыспауға уәде берген.

 

Соған байланысты Әбу Убайдата ибн Жарах Омардан үкім сұрап адам жібереді. Сол кезде Омар: « Шын мәнінде уәдені Алла мұсылмандар үшін ұлық етті, уәделеріңде тұрыңдар! Алладан оларды жеңу үшін көмек сұраймыз» деді. Неткен керемет мысал. Осындай ұлы тұлғалардың әрекетінен адамдар жаппай дінге бет бұрды, Парсы елі, Византия, Испания, Португаля, мұсылмандардың қарамағына өтті.

 

Төртінші көрініс: Омардың басшылығының кезінде екі жігіт бір адамды жетектеп Омардың алдына алып келіп: «Ей, мұсылмандардың әміршісі бұл адам біздің әкемізді өлтірді» дейді.

 

Омар: «Шынымен олардың әкесін өлтірдің бе», дейді.

Әлгі адам: «Ия, өлтірдім», деп жауап береді.

Омар: «Қалай өлтірдің?», дейді.

Ол: «Бұлардың әкесі түйесімен менің жеріме кіріп кетті, ескерттім бірақ ескертуіме құлақ аспады, сосын тас жіберіп едім басына тиіп өліп кетті, алайда оны өлтірейін деген ойым болмап еді» дейді.

Омар: «Онда бұл жерде өлген кісінің балалары қасас қылады, өлім жазасы»дейді.

Анау адам тұрып: «Менің жанұяма деп жасырған аз дүнием бар еді соны жанұяма табыстайын, жақындарыммен қоштасайын үш күн мұрсат бер, қайтып келем, олай жасамасам жанұям аштан өледі» дейді.

 

Сол кезде Омар қалың көпшілікке қарап: «Араларыңда бұған кепіл болатын бар ма?» дейді. Адамдардың ешқайсы жауап қатпайды, өйткені оны ешкім білмейтін еді. Кейін ол өлген кісінің балаларына бұрылып: «Мүмкін кешірерсіңдер?» дейді.

 

Олар: «Әкемізді өлтірген адам өлу керек» деп, кешірмей қояды.

Кейін ол адамдарға бұрылып тағы сұрайды: «Кім кепіл болады, бала-шағасы аштан өлетін болды ғой» дейді.

Қалың топтың ішінен Әбу Зар тұрып: «Мен кепіл боламын» дейді.

Омар: «Сен оны білесің бе?» дейді.

Әбу Зар: «Жоқ білмеймін», деп, жауап береді.

Омар: «Сен өлімге кепіл болып тұрғаныңды білесің бе?, дейді.

Әбу Зар: «Ия, білемін, дегенмен оның бойында имандылық белгілерін байқап тұрмын, Алла сүйген құлына жәрдемші болады», деді.

 

Үш күннен кейін келісілгендей барлық адамдар жиналады, соның ішінде өлген кісінің балалары, Әбу Зар да бар. Дегенмен өлтірген адамның қарасы көрінбейді. Ақшам намазына жақындағанда барып, бір адам төбеден көрінеді. Сол жердегі адамдар әлгі адамның уәдесінде тұрғанына таң қалып, риза болады.

 

Өлтірген адам: «Тұрғылықты жерім алыс болғаннан кейін кешіктім, балаларыма бүкіл дүниеді табыс еттім, міне енді өлімге даярмын» дейді. Сенімге беріктігін көрген өлген адамның балалары «біз кешердік» дейді. Сол жерде барша мұсылмандар қуанып көздеріне жас алады.

 

Омар өлім жазасы берілген адамнан: «Сені өлімге кестік, сен өлетініңді біле тұра осында келдің, себебі не?» дейді.

Ол: «Мен сертімде тұрмасам, кейін мұсылмандардың арасында серт жойыла ма? деп қорықтым, сол үшін келдім» дейді.

Кейін Омар Әбу Зарға бұрылып: «Сен бұл адамды танымасаң да кепіл болдың, оның себебі не»? дейді.

Мен: «Кейін мұсылмандарың арасында бауырмашылық, тақуалық әлсірей ме? деп қорыққаннан кепіл болдым» дейді.

Омар әкесі өлген адамның балаларынан: «Сендердің әкелеріңді өлтірді сендер не себептен кешірім жасадыңдар», дейді.

Олар: «Біз егер кешірмесек, мұсылмандардың арасында мейірімділік жойыла ма деп қорықтық, сол себепті кешірдік» дейді.

 

Көріп отырғанымыздай сенімділік, уәдеде тұрушылық және жасалған келісімдерге адал болу жеке әрі қоғамдық өмірдің негізгі тіректерінің бірі болып табылады. Қоғамның тыныштығы әрбір қоғам мүшесінің сенімді болуына, берген сөзінде тұруына және жасаған келісімдеріне адал болуына байланысты.

 

Өкінішке орай мұсылмандардың кейбірі жәннатқа жетелейтін уәдеге беріктік деген қасиетті өз деңгейінде орындай алмауда. Адамға берген уәдесінен тайқыған секілді Аллаға берген сөзінде де тұрмай жатады. Алланың атымен ант ішіп, сөз береді де, сертіне беріктік танытпайтыны өкінішті. Қала берсе намазхан бауырлар арасында мұндай жаман қылықтың көрініс беруі, иманның әлсіздігінен деп білеміз.

 

«Өңірлердегі түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасын Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қамқорлығымен «Aqniet» АНОО» ҚҚ іске асыруда.