Астана қаласы,
Қабанбай батыр к-сі,
«Радуга» тұрғын үй кешені, 5/1

info@aqniet.com

«AQNIET» АНОО» ҚҚ-ның өкілдері сотталғандарға дәріс оқыды

«Өңірлерде түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» жобасы аясында Шымкент қаласындағы «AQNIET» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» ҚҚ өкілдігінің басшысы Тайтелиев Файзулла Тәжмұхаммедұлы, сонымен қатар, теологтар Оспанов Дәлелхан Қоңырбайұлы және Абулхайров Исмайл Ибрагимұлы «№ 53 мекеме» РММ-де сотталғандар үшін «Мұсылман мұсылманның бауыры» атты тақырыпта дәріс оқыды.

«Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер. Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар» (Әли-Имран сүресі, 3/103-аят).

«Өздеріне ашық дәлелдер келгеннен кейін сондай бөлініп, қайшылыққа түскендер тәрізді болмаңдар. Міне соларға зор азап бар» (Әли-Имран сүресі, 3/105-аят).

Нұғман ибн Бәширден (р.а.) риуаят етілген бір хадисте Алла Елшісі былай бұйырған: «Мұсылмандар бір-бірлерін жақсы көруде, бір-бірлеріне қамқорлық көрсету және бір-бірлеріне қамқорлық көрсетуде бір дене сияқты. Дененің бір жері ауырғанда, басқа ағзалары да осы себебінен ұйқысы қашып, дене қызуы көтеріледі». Міне осы хабарлардың барлығы иман келтіргендердің бір-бірімен бауыр екендігін әрі жығылғанына демеу, сүрінгеніне сүйеу болу керектігін айқын көрсетсе де неге екені белгісіз қазіргі таңдағы Ислам әлеміне назар аударатын болсаңыз ең алдымен олардың мың түрлі тармаққа бөлініп алғандары байқалады. Өкінішті-ақ.

Жарайды, кітабы бір, құбыласы бір, сенімі бір болған Ислам әлемінің мұндай халге қалай түсті? Мұның басты себебі не? Ислам әлемі бірігіп бір атаның баласындай бола ала ма? Ислам әлемінде бұрын-соңды мұндай жағдай болған ба?

Дәл бүгінгідей болмаса да бөлінушілік болған. Батыстан келген крест жорығы Ислам әлеміне үлкен соққы болып тиді. Алайда бұл кезде де мұсылмандардың арасында бөлінушілік, алауыздық жоқ емес-тін. Ол кезде Аббаси мен Фатимиттердің халифалығы бар болатын. Османлылардың дәуірінде кемшліктер мен олқылықтар бар болғанымен мұсылмандар бір шатырдың астында еді. Яғни бірлік бар болатын. Қазіргі таңда мұсылмандар арасында саяси, экономикалық, мәдени, әлеуметтік бір сөзбен айтқанда, кез келген салада бөлінушілік белең алды.

Құран мен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистері мұсылмандарды бірігуге, ынтымақ пен ауызбіршілікке шақырады: «Түп-түгел Алланың жібіне жабысыңдар да бөлінбеңдер. Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар» (Әли-Имран сүресі, 3/103).
Алланың Елшісі аяттағы «Алланың жібі» деген сөзді «Құран» деп тәпсірлеген. «Өздеріне ашық дәлелдер келгеннен кейін сондай бөлініп, қайшылыққа түскендер тәрізді болмаңдар. Міне соларға зор азап бар» (Әли-Имран, 3/105).

Келесі бір Құран аяттарында мұсылмандардың бір-бірлерінің бауыры әрі досы, қамқоршысы екенін білдірген: «Шын мәнінде мүминдер бауыр. Сондықтан екі бауырыңның арасын жарастырыңдар. Алладан қорқыңдар. Мүмкін игілікке бөленерсіңдер» (Хұжрат сүресі, 49/10-аят). Ислам дінін қабылдаған Жапон елінің азаматынан «Исламды қабылдауыңа не себеп болды?» деп сұралғанда «Шын мәнінде мүминдер бауыр» (Хұжрат сүресі, 49/10-аят) деген аятты оқығаннан кейін Мұсылман болдым» деп жауап берген екен. Өйткені мұндай бауырмашылық адамдардың ұлты, түрі мен түсі, тегі, ағайын-туыстыққа қарамайды. Алайда дініміз талап еткен бауырмашылықтың үлгісін бір-бірімізге көрсете алмасақ, ондай жағдайда әлі де Ислам жайлы мәліметіміздің аздығын, дінімізді дұрыс тани алмағанымызды білдіреді. Бұл бауырмашылықтың негізі имани достықта.

Құран Кәрімнің келесі бір аятында бұл жайлы былай баяндаған: «Иманды (мүмин) ерлер мен иманды (мүмин) әйелдер – бір-біріне дос, қамқоршы» (Тәубе сүресі, 9/71-аят). Ал осы достықты баянды етіп ұстап, араға жік түсірмеу үшін өзара талас-тартысқа бармау керектігін былай білдірген: «Аллаға және Оның Елшісіне бойұсыныңдар және өзара тартыспаңдар. Олай болса рухтарың түсіп, күш-қуаттарың кетіп қалады». (Әнфал сүресі, 8/46-аят).

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистері Құран аяттарын қуаттап, әрі тарқата отырып бірлікке шақырып, бөлінушіліктен қайтарады. Тирмизи риуаят еткен хадисте Абдуллаһ ибн Омар (р.ғ.) былай дейді: «Омар (р.ғ.) Жәбия деген жерде біздерге насихат жасап Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына сөзін айтты: «…Жамағатпен бірге болыңдар. Бөлінуден сақтаныңдар. Себебі шайтан жалғызбен бірге. Екі адам біріксе шайтан аулақ болады. Сондай-ақ кімде-кім жәннат рахатын қаласа жамағаттан ажырамасын».

«Қоштасу құтбасы» деген атпен Ислам тарихына енген Пайғамбар лебізі барша мұсылмандарға, күллі адамзатқа мәңгі өшпейтін өмір өлшемі секілді болды. Сол құтбада мұсылман мұсылманды бауыр деп есептеу керектігі жайлы айтып өткен: «Сөзіме құлақ қойып, зерделеңдер! Мұсылман мұсылманға бауыр. Олай болса барлық мұсылмандар бір-бірінің (діндес) бауырлары. Діндес бауырларыңның разы болмаған жағдайда ақысын жемеңдер».

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінде мұсылман бауыр болудың негізінде имандылық жатқанын былай жеткізген: «Иман келтірмейінше жәннатқа кіре алмаңсыңдар, бір-бірлеріңді жақсы көрмейінше иман келтірген болмайсыңдар». Алла Елшісі иман келтірудің шарты ретінде мүминдердің бір-бірлерін жақсы көреді деп көрсеткен.

«Мұсылман мұсылманның бауыры. Кімде-кім бауырының мұң-мұқтаждығына жәрдем етсе, Алла да оның мұң-мұқтажына жәрдем етеді». (Бұхари; Муслим). Әнәс ибн Мәлик жеткізген хадисте пайғамбарымыз, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын: «Кімде-кім өзіне қалағанды өзге бір бауырына қаламайынша толық иман келтірген боп есептелмейді»,-деген.

Алла Елшісі (с.а.у.): «Бір-бірлеріңмен (шынайы) қол алысыңдар, іштеріңдегі кекшілдік жойылсын. Бір-бірлеріңе сый-сияпат жасаңдар - сүйіспеншілік артсын және араларыңдағы көреалмаушылық жойылсын» -деген. Ал осы бауырмашылықтың арасын жақындатып, күшейте түсетін ең абзал нәрсе ол - сіздің мінез-құлқыңыз. Сізді адамдар арасында құрметті ететін де – көркем мінез-құлық, адамгершілік. Мұнан жұрдайсыз ба, Алланың да, адамның да алдында абыройға жетемін деп ойламаңыз. Құран бұйрықтарын бұлжытпай орындауға және оның тыйымдарынан үзілді-кесілді бас тарту, сондай-ақ, әлемдегі ең жақсы адам - Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.у.) ілесу арқылы ұят, адалдық, қайырымды болу, жомарттық, сабырлылық, шыншылдық, әділдік, кішіпейілділік сынды қасиеттерді бойыңызға дарытасыз. Себебі, Алла Тағала Кітабында: «...Және сен, шын мәнінде, ұлы мінезге иесің» («Қалам» сүресі, 68/4-аят),-дейді. Оның мінезі мінез-құлықтардың ең абыройлысы, ең құрметтісі, ең игісі әрі ең ұлысы болатын. Пайғамбар (с.а.у.): «Сендердің ең жақсыларың – мінез-құлқы жақсыларың»,-дейді. Олай, болса, жақсы болғыңыз келсе, сізді жақсы көрсін десеңіз, жүрегіңізді көркем-мінез құлықпен көмкеруді бүгіннен бастаңыз. Бұл жолда ең басты тәрбиеші - Құран мен сүннет болмақ...

Мұның барлығы барша үмбетке айтылған нақты үндеулер. Ислам діні мұсылмандардың ынтымақ-бірлігіне баса назар аударады. Сондықтан да Құранның мұсылмандардың арасындағы бауырмашылықты нығайта түсетін дұғасын әрдайым оқып онымен амал етуді ұмытпайық!

«Олардан кейін келгендер: «Раббымыз! Бізді және бізден бұрын иманға келген бауырларымызды кешір! Әрі иманға келгендерге қарсы жүрегімізге жек көрушілік салма! Раббымыз! Ақиқатында, Сен - өте Мейірбан, ерекше Мейірімдісің!» - деп айтады». (Хашр сүресі, 59/10-аят).

«Өңірлердегі түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасын Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің қолдауымен «AQNIET» АНОО» ҚҚ іске асыруда.