Астана қаласы,
Қабанбай батыр к-сі,
«Радуга» тұрғын үй кешені, 5/1

info@aqniet.com

«Aqniet» ҚҚ теологы діндарларға жиһад ұғымы туралы айтып берді

«Өңірлердегі түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» жобасы аясында Жамбыл облысындағы «Aqniet» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» ҚҚ өкілдігінің теолог-кеңесшісі Құлтаев Сержан Пәрімұлы «ЖД-158/2 мекемесі» РММ-гі діндар сотталғандар үшін «Шынайы жиһад деген не?» тақырыбында дәріс оқыды.

Дәріс барысында Сержан Құлтаев «Жиһад» сөзі араб тілінде белгілі бір нәтижеге, мақсатқа жету үшін яки бір істі істеу үшін бар қажыр қайрат пен ынта-жігерді жұмсау, тырысу, күресу деген мағыналарды білдіреді. Жиһад ұғымының аясы өте ауқымды. Бүгінгі таңда көптеген адамдар жиһадты қару алып соғысу деп біржақты түсінеді. Әрине, мұндай түсінік жиһадтың мағынасын шектейді. Құранда «жиһад» сөзі 35 жерде аталғанымен, төрт жерде ғана тікелей соғыс мағынасында келген. Құранда соғыс ұғымы «харб», «мухарабә», «мағрака», «қитал» терминдерімен білдірілген. Бірақ, жиһад сөзі соғысты да қамтығандықтан, көпшілік «жиһад» делінген кезде тікелей соғысты түсінеді.

Жиһад - адамға Алла тағаланы тану үшін жол ашу дегенді білдіреді. Жаратушыны тануға сауатсыздық, кедейшілік, ерік-ойға, санаға жасалған шектеулер кедергі келтірсе, солармен күресу үшін атқарылатын барлық іс-шара жиһад болып есептеледі. Алла разылығы үшін істелген әрбір іс-әрекет «жиһад» болып саналады. Қандай да болсын қиын жағдайларға қарамастан, күн сайын үздіксіз бес уақыт намаз оқу, кейде ми қайнатар аптап ыстықта ораза ұстау, Алла тағаланы халыққа таныту үшін істелген әрбір іс, қоғамдағы кейбір керітартпа келеңсіздіктерді түзету үшін атқарылған үлкенді-кішілі барлық шара исламдағы жиһад ұғымының аясына кіреді.

Жиһад - ең әуелі өзіңді түзету. Ішкі дүниеңді, жүрегіңді тазарту. Болмысыңды қызғаншақтық, қанағатсыздық, сабырсыздық, жалқаулық, тәкаппарлық секілді күллі жаман қасиеттерден арылтып, олардың орнын көркем қасиеттер егу. Қысқасы, мұсылманның өз нәпсісімен үздіксіз күресі. Себебі, әуелі өз басын түзете алмаған адам, нәпсісін жеңіп, кемел адам болу жолына түспеген жан өзгені қалай тура жолға шақырмақ?!

«Өңірлердегі түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасын «Ақниет» АНОО» ҚҚ Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қамқорлығымен іске асыруда.