Астана қаласы,
Қабанбай батыр к-сі,
«Радуга» тұрғын үй кешені, 5/1

info@aqniet.com

«Aqniet» ҚҚ теологы сотталған сенушілерге дәріс оқыды

«Өңірлерде түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасы аясында Маңғыстау облысындағы «Aqniet» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» ҚҚ теолог-консультанты Тулепов Азамат Нұғманұлы қылмыстық жазасын өтеп жатқан сотталғандар үшін «ГМ-172/10 мекемесі» РММ-де «Ұлттық құндылықтар - ұлт қорғаны» атты тақырыпта дәріс оқыды.

Ұлттың ұлт екенін танытатын оның тілі, ділі, діні, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы. Халық аузында жүрген әрбір мақал-мәтелдің немесе тыйымның өз тәрбиелік мән-мағынасы бар. Бірақ, қазіргі жаһандану заманында бұл құндылықтар өз бағасын жоғалтып, өткеннің еншісінде қалып бара жатқандай.

Ақ жаулығын таққан әже мен ақ сақалы мен тақиясы бар атаны бүгінде кезіктіру өте қиын. «Заманына қарай адамы» дегеннің әсері болар. Заман талабына қарай өзгере беретін болсақ, ұлттық құндылық түгілі, шыққан текті ұмыту қиын емес. Өйткені бүгінгі «заманауи» жас отбасылар ата-ана қадірі, туыстық байланыс, салт-дәстүрді біле бермейді.

Әлихан Бөкейхан айтқандай: «Ақыл да, ұсталық та оқумен, істеумен жүре ұлғаяды. Дүниедегі жер билігі ұста да ақылды жұрт қолына ауып барады», - деп ұлт болашағына алаңдайтыны бар.

Мұстафа Шоқайдың «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан, халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын, пайдалы азамат шықпайды», - деген сөзі бар. Сондай-ақ ұлы даланың қасиетті топырағында Әл-Фараби мен Абай, Бекет Ата, Ержан Хазірет, Мағжан мен Шоқан, Әз-Тәуке мен Абылай секілді ұлы тұлғалар дүние есігін ашты.

Ұлттық құндылықтарымыз - Елтаңбамыз бен Туымыздағы бейнелерді тереңінен ұғыну, Әнұранымызды жатқа білу - азаматтық борышымыз.Әрбір азамат құрметтеуге һәм мақтан етуге тиіс мемлекеттік рәміздер - Ту, Елтаңба, Әнұран 1992 жылы 4 маусымда қабылданды.

Халқымыз үшін ең маңызды құндылық, әрине, ұшы-қиыры жоқ ұлан-байтақ жеріміз, көрсе көз сүйсінер табиғатымыз. Осы қасиетті мекенді қорғап қалу үшін біздің ата-бабаларымыз қаншама қан мен тер төккені баршамызға мәлім.

Қазақ даласынан шыққан Ханафи мәзһабының көрнекті өкілдері: Хусам ад-Дин ас-Сығнақи, Әбул-Ғафур әл-Кердери және Қауам әд-Дин әл-Фараби әл-Итқани сынды ғұламалар. Сонымен бірге Имам әл-Матуриди медресесінен сусындаған қазақ халқының рухани көсемдері Абай, Шәкәрім, Ыбырай, Мәшһур Жүсіп сынды аталарымыздың айтуға болады.

Мәселене, қазақ халқының басқа да көптеген көрнекті тұлғалары секілді, Мәшһүр Жүсіптің діни білімі болған. Сол себепті, дін мәселелерінде ол өзінің не айтқанын жақсы білген. Мәшһүр Жүсіп Алланың сипаттарын түсіндіре келіп, былай жазған:

Ол - Алла жисм, жауһар, ғариз емес,
Боларға басқа басқа бөлектенбес.
Алланы еш нәрсеге ұқсатуға,
Еш нәрсе Оған ұқсап жөні келмес.
Бар Құдай көкте де емес, жерде де емес
Мекенін бір Алланың ешкім білмес

Мәшһүр Жүсіптің бұл сөзі сәләфиттік ақиданы айқын түрде жоққа шығарады және оның Әһлү Сунна уәл Жамағаттың таза ақидасын ұстанғандығын білдіреді. Ары қарай ол былай жазады:

Сипаты сегіз болған бірі Кәләм
Сөйлейді, құдіретімен Алла Тағалам,
Сөйлеуі біздей тілмен, жақпен емес
Тіл-жаққа мұқтаж емес секілді адам.
Алды, арты, асты, үсті, оң-солы жоқ
Ауыз, мұрын, аяқ, бас, көз, қолы жоқ
Еш нәрсе ұқсамайды, Ол - еш нәрсеге
Кітаптың айтқанына ойлама көп…

Бұл үзіндіден көріп отырғанымыздай, Мәшһүр Жүсіп басқа да матуриди сеніміндегі Алланың сегіз сипатын атап өткен. Ары қарай ол Аллаға ешқандай тарап тән емес екендігін айтады. Сонымен бірге Мәшһүр Жүсіп ұлы ханафи ғұлама имам әт-Тахауидің әйгілі ақидасын қайталап тұр.

«Өңірлердегі түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасын Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қамқорлығымен «Aqniet» АНОО» ҚҚ іске асыруда.