Астана қаласы,
Қабанбай батыр к-сі,
«Радуга» тұрғын үй кешені, 5/1
info@aqniet.com
«Өңірлерде түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» жобасы шеңберінде Жамбыл облысындағы «Aqniet» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» ҚҚ өкілдігінің теолог-консультанты Құлтаев Сержан Пәрімұлы сотталған сенушілермен жеке әңгімелесу барысында Құран туралы айтып берді.
Аллаһ тарапынан жіберілген иләһи кітаптардың соңғысы Құран Кәрім соңғы пайғамбар Хазіреті Мұхаммед Мұстафаға түскен. «Жинау, оқу, бір араға жинақтау» деген мағыналарын білдіретін Құран сөзіне термин ретінде былай түсініктеме беріледі: «Хазіреті Мұхаммедке араб тілінде түсірілген, бізге тәуәтур жолымен жеткен, мұсхафтарда (кітаптарда) жазылған, оны оқу ғибадат және адамзат оның ұқсасын келтіруге мүлдем әлсіз болған және Фатиха сүресімен басталып, Нас сүресімен аяқталған Ұлы Аллаһтың сөзі». Құранда мен хадистерде Құран - «Кітап» деген сөзбен де аталған.
Құран Кәрім өзінің бір аятта Рамазан айында, басқа бір аятта қасиетті бір түнде, ал, басқа бір аятта Қадір түнінде түсе бастағанын айтады. Қадір түнінің Рамазан айындағы қасиетті бір түн екеніне назар аударсақ, бұл аяттар арасында еш қайшылықтың жоқтығына көзіміз жетеді. Құран Хазіреті Мұхаммедтің пайғамбарлығы бойынша 23 жылда аят-аят, сүре-сүре болып, бөлек бөлек түскен. 13 жылдай жалғасқан Мекке кезеңінде әсіресе сенім, ахлақ, шіркпен күрес және ғибратты қиссалар басым болып Құранның үштен біріне жуығы түскен.
Мәдинаға қоныс аударған соң үкімдерді қамтитын аяттар көбірек түсті. Сол кезде ғибадаттар, жиһад, отбасы, мирасқа байланысты, сонымен қатар жаза, жазалау, тергеу мен жарғылау тәсілі, қарым-қатынастар мен мемлекеттер арасындағы қатынастарға байланысты принциптер, негіздер білдірілді. Өйткені Мәдинада осы қағидалар орындалатын Ислам мемлекеті құрылған болатын.
Құран Кәрім - ешқашан өзіне ұқсасы шығарыла алмайтын теңдессіз мұғжиза кітап. Хазіреті Пайғамбар былай деген: «Адамдардың иман келтіруіне ықпал ететін бір мұғжиза берілмеген ешқандай пайғамбар жоқ. Маған берілген ең үлкен мұғжиза Аллаһтың маған уахи еткен Құраны. Сол себепті қиямет күні мен пайғамбарлардың ең көп үмметке ие болатындығымнан үміт етемін» - деген.
«Өңірлердегі түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасын Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қамқорлығымен «Ақниет» АНОО» ҚҚ іске асыруда.