Астана қаласы,
Қабанбай батыр к-сі,
«Радуга» тұрғын үй кешені, 5/1

info@aqniet.com

«AQNIET» ҚҚ өкілдері спорт мектебінің жаттықтырушылары және оқушылармен кездесті

«Жезқазған қаласы ішкі саясат бөлімі» ММ мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің аға-оқытушысы, исламтанушы PhD доктор, Алматы қаласының «AQNIET» ҚҚ теолог маманы Стамбакиев Нұржан және «AQNIET» ҚҚ Жезқазған қаласы өкілдігінің жетекшісі Сақан Дастан, Жезқазған қаласы балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушылары және оқушылармен топтық кездесу өткізіп, «Жат діни ағымдардың белгілері және олардан сақтану жолдары» тақырыбы аясында ақпараттық түсіндірме жұмысын жүргізді. Кездесу соңында жастар мен жаттықтырушылар мамандарға әртүрлі діни тақырыптардағы сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Шараға жалпы 23 оқушы, 2 жаттықтырушы қатысты.

«Деструктивті ағымдар қоғамдық қауіпсіздікке, отбасылық құндылықтарға, адам денсаулығына қатер төндіреді. Жат ағымдар қазақ ұлты мен Қазақстанда тұратын барлық этностардың ұлттық құндылықтарын, салт-дәстүрлерін, мәдениетін жоққа шығарады. Кез келген мемлекеттік мерекелерді атап өту, ұлыстың ұлы күнін тойлау, беташар, сәлем салу, сондай-ақ ата-баба әруақтарына құран бағыштау секілді салттарымызды мойындамайды. Зайырлы мемлекетке және зайырлы өмір сүру салттарына барынша қарсылық танытады. Мемлекеттік рәміздерді және түрлі мерекелерді құрметтемейді. Қазақстандағы көпшілік ұстанатын Ханафи мәзһабын жоққа шығарады. Орта Азияда және мұсылман әлемінің басқа аймақтарында орныққан діни мектептерді ешқашан құптамайды. Дәстүрлі исламды ұстанған мұсылмандарды күпірлік жасайды деп айыптайды. Өзге де дәстүрлі діндердің өкілдері мен дін ұстанбайтын адамдарға түсіністікпен қарай алмайды. Замануи мәдениет пен музыка, балет, бейнелеу секілді және басқа да өнер түрлеріне өшпенділік танытады. Олар әскерде қызмет ету, орта білім алу секілді мемлекет бекіткен міндеттерден бас тартады. Медициналық ем-шаралардың: қан құю, вакцинация, ағза мүшелерін трансплантациялау, т.б. түрлеріне түбегейлі қарсы шығады. Білім мекемелерінде биология, дене шынықтыру, ән-күй, сурет салу сияқты пәндерге қатыспауға шақырады».

Діннің атын жамылған жат ағымдардың мүшелері діни сауаты төмен, әлеуметтік тұрмысы нашар жастарымызды қатарларына кіргізу үшін өздерін ақиқат жолындағы шынайы діндарлар етіп көрсетеді. Отанына, отбасына және ата-бабамыз ғасырлар бойы дәріптеген дәстүрлі дініне күмән тудырып, қалыптасқан салт-дәстүрімізге қарсы қояды. Сондай-ақ, бұндай топтағы азаматтар отансүйгіштік, ұлтжандылық сезімдерін бағаламайды әрі мемлекеттік рәміздерді, жергілікті биліктің шығарған заңдарына бағынбайды және мойындамайды.

1. Жастарымыз діни сауатын дұрыс бағытта арттырғаны жөн.
2. Діни тұрғыдан қарым-қатынас жасаған адаммен ішкі дүниеңі назарға алып, бақылауды арттырып: «Не үшін маған оны айтып жатсыз?» «Сізге бұл не үшін керек»?-деген сұрақтармен нақтылаған дұрыс.
3. Оның қойған сауалдары мен жіберген фото, бейне-аудио жазбаларына сыни көзбен қарап, сараптама жасап барып жауап беру.
4. Сізге жанашырлық танытып, көмек қолын созуы да мүмкін. Бұл сізді құрыққа түсіруге жасалған алғашқы қадам екенін ұмытпау керек.
5. Бейтаныс адамдарға сырыңызды айтудан сақтану қажет.
6. Өмірдегі мақсатыңызды тауып, оған жету жолын ойлан дұрыс. Сонда ғана ешбір ағым, әр түрлі ойлар сізді тура жолыңыздан тайдыра алмайды.