Астана қаласы,
Қабанбай батыр к-сі,
«Радуга» тұрғын үй кешені, 5/1

info@aqniet.com

«Aqniet» ҚҚ өкілі «Ontustik» телеарнасында сөз сөйледі

«Өңірлерде түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» жобасы аясында Шымкент қаласындағы «Aqniet» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» ҚҚ өкілдігінің басшысы Оспанов Дәулелхан Қоңырбайұлы «Ontustik» телеарнасындағы «Дәстүр тағылымы» телевизиялық бағдарламасының шеңберінде пікірталасқа қатысты. Теледидар эфирінде Дәлелхан Оспанов «Дәстүр мен дәстүр бірлігі - Ұлт болашағы кепілі» тақырыбында сөз сөйледі.

 

Жүргізуші: «Дәстүрді дәріптейік» деп алған сөбебіміз - өз халқымыздың салт-дәстүрін, тілін, дінін сыйлап, мәртебесін көтеру. Салт - сана мен дәстүр бізді басқа халықтардан ажырататын бірінші белгі. Дәстүр ата- бабаларымыздың дүние танымымен астарлас. Ғасырлар бойы ұрпақтан - ұрпаққа жалғасып келе жатқан қасиетті қазынамыз. Басқа халықтардан ерекшелеп тұратын ұлттық құжатымыз. Оны сыйлау, болашақ ұрпаққа аман-есен жеткізу - біздің міндетіміз. Сондықтан дәстүрімізді дәріптеп, салтымызды сыйлауға бәріміз жауаптымыз.

 

Батыр атамыз бауыржан Момышұлы былай деген екен: «... Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім, енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқам. Екінші - немересіне ертегі айтып беретін әженің азаюынан қорқам. Үшінші - дәмді дәстүрді сыйламайтын балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді де болса шауып тасуға даяр. Қолына кітап алмайды, үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әже, әке жоқ ». батыр атамыздың осы бір көңіліне қаяу алған сөзі неге бізге ой тастап, намысымызды оятпасқа.

 

Ендеше бүгінгі бағдарламамызда «Дәстүріңді дәріптей біл» деген тақырыпта ой қозғамақпыз. Олай болса қонақтарымызбен таныс болыңыздар: Төлеби ауданының бас имамы С. Анарбаев, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ дінтаушы Айдос Уралбаев. Қазақ халқының салт – дәстүрін, әдет ғұрпын дәріптеуде алдымен неден бастауымыз керек?

 

Қонақ: Қазақ халқының салт - дәстүрін, әдет ғұрпын ауылдан табуға болады. Қазір осындай ұлттық қазына - байлықтарымызға немқұрайлы қараушылар көбейіп келеді. Үлкен кісілердің бойында үлкендік қасиет болса дейсің. Дана қариялрымыз күннен-күнге азайып барады. Қазіргі жастар бір істі бастамас бұрын ата-әжелерімізден ақыл-кеңес алуы керек. Өйткені, олар ата - баба дәстүрін бізден көп біледі. Үлкендермен ақылдаспау, адамды табысына қарай бағалау, ұлтымыздың кері кетуіне, өз ерекшелігінен «тоналуға» жетелейді. Осы орайда үлкенннің батасын алу деген бар.

 

Халқымыздың өте ертеден келе жатқан ұлттық салт - дәстүрдің бірі бата беру, ізгі тілек білдіру. Бата сөзі, бір жағынан, халық шығармашылығына жататын тілі көркем, мазмұны келісті сөз үлгісі болса, екіншіден, тәлім-тәрбиелік мәні айырықша байырғы мұралардың бірі. Ескінің қалдығындай елеусіздеу көрініп, ресми тәлім-тәрбие саласында , ғылым білімде жете көңіл бөлінбейді. Соның салдарынан болса керек, халық шығармашылығына жататын жұмбақ, мақал-мәтел , тұрмыс - салт жырлары тәрізді жанрлардың қатарынан бата тілектер шетқақпай қалып, оқулықтарға енбей қалды. Бір жақты бағаланып, сыңаржақ сипатталып келген мұндай мұраларды қайта қарап, «ақтаңдақтардың» астынан аршып алып, рухани өмірімізді байыты түсуіміз керек. Бата-тілек білдіру тұрмыс - салтымызда өміршең болғандықтан осы күнге шейін қолданылып келеді.

 

Жүргізуші: Бүгінгі таңда дінді дәстүрсіз, дәстүрді дінсіз көзге елестету мүмкін емес, себебі, күнделікті ісіміз, әрбір тіршілігіміз Ислам дінімен астасып жатыр. Қоғамның да, діни басқарманың да осы мәселеге көңіл бұрып жатқаны, дін мен дәстүрдің сабақтастығын жаңғырту, қалпына келтіру бойынша қыруар жұмыс атқарылып жатқаны - құптарлық жайт. Бір тәуірі, бұл бағытта көптеген туындылар жарық көріп, басқа да шаралар жүргізіліп жатыр. Ұлттық құндылықтардың, рухани-мәдени өміріміздің қалыптасу барысында дін мен қазақы салт-дәстүрдің өзара сабақтастығының маңыздылығына тоқталсаңыз.

 

Қонақ: Халқымыз - дәстүрді ерекше қадірлеген, қастерлеген, сақтай білген. Дәстүрдің түрі көп. Соның ішінде, «Сөздің көркі - мақал» дегендей, дін мен әдет-ғұрыптардың сабақтастығы халық ауыз әдебиеті - мақал-мәтелдерде де жақсы көрініс тапқан. Мақал-мәтелдер барлық өмір құбылыстарын қамтитын болғандықтан, олардың тақырыптары да сан алуан. Дін мен дәстүрдің тығыз байланысын көрсететін мақал-мәтелдер өте көп:

 

1. Ұлық Пайғамбарымыздың «Сөзінде тұрмау мұнафықтықтың (екі жүзділіктің) белгісі»деген хадисінің мазмұнымен сабақтас «Уәде - Құдай аты», «Ынтымақ - ырыс қазығы, уәде - жанның азығы», «Мақал - сөздің атасы, уәде - ердің опасы».

 

2. Ар-ұят, иман, көркем мінез турасында «Ұяттылық – бастан-аяқ (толығымен) жақсылық», «Мүминдердің иман тұрғысынан ең кемелдісі – мінез-құлқы ең жақсы болғаны» деген хадистерге қатысты - «Жарлы болсаң да, арлы бол», «Ары таза нар жүгін көтереді», «Өлімнен ұят күшті», «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көрерсің», «Жақсы ниет - жарым ырыс», «Ұрлық түбі - қорлық», «Таспен ұрғанды аспен ұр», «Ұлық болсаң кішік бол».

 

3. Ата-ана, туыстық қатынастар туралы «Ата-анаға жақсылық жасау, намаз оқудан, ораза ұстаудан, қажылыққа бару¬дан, ұмра жасаудан, тіпті Алла жолында соғысып шейіт болудан да артық», «Туысқанымен қатынасын үзген адам жәннатқа кірмейді»деген хадистерге қатысты - «Анаңа ауыр сөз айтпа, атаңа ауыр жүк артпа!», «Ана алдында - құрмет, ата алдында - қызмет», «Бөлінгенді бөрі жейді», «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп», «Туғаныңмен сыйыспасаң, кең дүниеге сыймассың».

 

4. Қонақ күтуге байланысты «Кімде-кім Аллаға, ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын құрметтесін, жақсылап күтсін» деген хадиске ұқсас - «Үй баласымен ажарлы, қонағымен базарлы», «Құтты қонаққа - тәтті тамақ», «Қонағыңның алтынын алма, алғысын ал», «Көңіл кең болса, үйдің тарлығы білінбес», «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады».

 

Қорыта айтқанда, келтірілген мысал-дәйектерден халқымыздың ғибратты мақал-мәтелдері – дін мен дәстүр сабақтастығының дәлелі болып табылады.

 

Жүргізуші:

- Ұлттық салт-дәстүр мәселесі соңғы кездері көп айтылып жүр. Қазақы қалпымызды, халықтық құндылықтарымызды сақтау, дамыту тұрғысында не айтар едіңіз?

Қонақ:

 

-Еліміздің тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына жолдауында: «Біз үшін болашағымызды бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол - Мәңгілік Ел идеясы», - деп атап көрсетті. Мәңгілік ел - халқымыздың ұлттық идеясы, ата-бабаларымыздың асыл арманы, «Қазақстан - 2050» Стратегиясының түп қазығы, жаңа Қазақстандық патротизмді қалыптастырудың алтын өзегі. Отанымыздың барлық азаматтары, соның ішінде жастар осынау ұлы дүбірлі үдерісте бір кісідей жұмылып белсенділік танытулары керек. Біз Елбасы көрсетіп берген айқын жолдан таймай алға жылжуға міндеттіміз. Әрине, басқа елдерге өзіңнің ана тіліңді, ұлттық салт-дәстүріңді, дінің мен діліңді сақтағанда ғана таныла аласың. Қазақы қалпымызды, халықтық құндылықтарымызды сақтау, дамыту бүгінгі таңда сөз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асырылып жатыр. Балабақшалар мен мектептерде, жоғары оқу орындарында елдің болашақ тұтқасын ұстайтын жас өрендерге өз халқының тарихын, әдебиеті мен мәдениетін, әдет-ғұрпын жетік меңгеруге мол мүмкіндіктер жасалып отыр.

 

Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бергі уақытта еліміз ғасырларға татитын, қайшылығы мен бұралаңы мол, жеңістері мен табыстары ұшан-теңіз жолдан өтті. Енді әлемдік деңгейдегі биік асуларға ұмтылып келеміз. Қазақы қалпымызды, халықтық құндылықтарымызды сақтау, дамыту тұрғысында бүкіл білім ошақтары жас жеткіншектердің Отанға деген патриоттық сезімі мен сүйіспеншілігін арттыру, белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ат салысулары қажет. Біздің ұлттық тарихымызды, ана тілімізді, салт-дәстүрлерімізді сіңіруге барынша күш жұмсауға тиіс.

 

Жүргізуші: «Құран», сүннет жолымен ғана жүреміз, мұнан өзгелер тек адасушылар» деген жалаң ұранның аясында адасып жүрген кей жастарымыз дінмен біте қайнасқан салтымыз бен дәстүрімізге бар болмысымен қарсы тұруда. Салт-дәстүрді жоққа шығару шариғатта нақты баяндалған ба?

 

Қонақ: Расында қоғамды береке-бірлікке шақырып, ынтымаққа бастайтын руханият құндылықтарын қадірлеуіміз қажет. «Ата салтың – халықтық қалпың» дегендей, күнделікті әдет-ғұрпымызды етене танып, тәрбиесі мол дәстүрімізге құрметпен қарау қашан да маңызды. Әйтпегенде, ұлттық дүниетанымымыз ұмытылып, бай мұрамыздан біржола қол үзіп қалуымыз ғажап емес. Бұл - бір. Екіншіден, бұл - біздің мәңгілік елдігіміздің кепілі.

 

Сан ғасыр бойы ата-бабаларымыз тұтынып, төл дүниетанымына айналдырған салт-дәстүрлеріміз көп-ақ. Сол салт-дәстүрлерімізді күнделікті өмірімізде тұтыну арқылы халқымызды ұлтжанды етіп тәрбиелеуде де ұлттық негіз бар. Қай халықтың салты мен дәстүріне, әдеті мен ғұрпына қарап та оның ұлттық ерекшелігін айқын аңғаруға болады. Өйткені, салт-дәстүр әрбір ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігі, ата кәсібі негізіне қарай қалыптасатын дүние. Демек, біздің сеніміміз ислам шариғатынан туындаса, ал, салт-дәстүріміз шариғи заңдылықтың аясында қалыптасып, ғасырдан-ғасырға өз жалғасын тауып келеді.

 

Жүргізуші: Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан - 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін - Ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал. Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол - біздің дәстүріміз. Бірақ бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері де бар екенін, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек. Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек», - деп қазақ тарихында Ислам дінінің орнының өте жоғары болғанын атап көрсетеді.

 

Ендеше, халқымызға ежелден-ақ етене мұсылмандық дүниетанымын өскелең ұрпаққа паш етіп, мәңгілік елдігіміздің кепілі сонда жатқанын насихаттау - қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі.

 

«Өңірлердегі түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасын Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қамқорлығымен «Aqniet» АНОО» ҚҚ іске асыруда.