Астана қаласы,
Қабанбай батыр к-сі,
«Радуга» тұрғын үй кешені, 5/1

info@aqniet.com

«AQNIET» ҚҚ өкілі «Дидар» телеарнасында сөз сөйледі

«Жезқазған қаласы ішкі саясат бөлімі» ММ мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің аға-оқытушысы, исламтанушы PhD доктор, Алматы қаласының «AQNIET» ҚҚ теолог маманы Стамбакиев Нұржан Жақсылықұлы «Дидар» телеарнасындағы «Жұмадағы жүздесу» бағдарламасында сұхбат берді. Сұхбат барысында, көрерменнің көкейінде жүрген дін тақырыбына қатысты мәселелерге кеңінен тоқталып, қазіргі қоғамда дін тақырыбында өзекті болған сұрақтарға тұшымды жауаптар берілді. Сонымен қатар, Стамбакиев Нұржан ағымдағы жылдың 14-15 қыркүйек күндері Астана қаласында өткен «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің» әлемдік бейбітшілікті сақтаудағы маңызы турасында пікірімен бөлісіп өтті.

Жүргізуші: Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудағы маңызы қандай?

Қонақ: Жалпы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі 2003 жылы осы елімізде бастау алған, үлкен бір бастамалардың бірі болып табылады. Содан бері, бұл съезд әр үш жыл сайын өткізілуде. Аталмыш съезд маңыздылығы тек еліміз үшін ғана емес, бүкіл әлем елдері үшін де орны ерекше. Қазіргідей күрделі кезеңде әлемге және біздің өңірімізге ең бірінші кезекте тыныштық, тұрақтылық, береке-бірлік ауадай қажет. Діндердің негізгі миссиясы да осы құндылықтарға қол жеткізу, оларды кеңінен тарату. Қазақстан – жаһандық ауқымдағы конструктивті диалог алаңы. Оның дәлелі, елімізге белгілі дін лидерлері келген болатын. Олардың қатарында Рим Папасы, әл Азхардың шейхы, Бас имам Ахмед әл Тайеб, сонымен қатар Түркия Дін істері басқармасы төрағасының орынбасары доктор Селим Аргун, Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы Шейх-уль-ислам Аллахшукюр Паша-Заде және т.б. тұлғалар бар. Бүгінде әлем тұрақсыз. Қарулы қақтығыстар да, ақпараттық, идеологиялық негізі бар «гибридті соғыстар» да орын алуда. Осындай кезеңде кез келген деңгейдегі басқосуларды, кездесулерді өткізу оңай шаруа емес. Бұл біздің елімізге деген үлкен сенімнің белгісі деп айтуға болады.