Астана қаласы,
Қабанбай батыр к-сі,
«Радуга» тұрғын үй кешені, 5/1
info@aqniet.com
«Жезқазған қаласы ішкі саясат бөлімі» ММ мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің аға-оқытушысы, исламтанушы PhD доктор, Алматы қаласының «AQNIET» ҚҚ теолог маманы Стамбакиев Нұржан Жезқазған қаласындағы медреседе, жергілікті мешіт жамағатына өзінің «Жиһад» атты кітабының презентациясын өткізді. Шара барысында, исламдағы «жиһад» ұғымының кейбір экстремисттік топтар тарапынан қате бұрмаланғандығы турасында сөз қозғалып, дәстүрлі діни танымдағы мағынасы жайында түсіндірілді. Аталмыш шараға медресе ұстаздарымен қатар жергілікті мешіт жамағаттарынан жиналған 25 адам қатысты.
«Жиһад» сөзінің араб тіліндегі мағынасы белгілі бір мақсатты алға қойып, соған жету және бір істі тындыру үшін барын салу, құлшыну, күресу дегенді білдіреді. Қазіргі қоғамда жиһадтты қолға қару алып соғыс салу деп сыңар жақты түсініп, сындарлы көзбен қарайтындардың саны артуда. Қасиетті Құрани Кәримде «жиһад» сөзі 35 жерде айтылса, соның төрт жерінде ғана «харб», «мухарабә», «мағрака», «қитал» деген сөздермен келіп, соғыс мағынасын білдірген. Алайда, жиһад сөзі соғыс ұғымын да қамтығандықтан, естіген елдің есіне сұрқия соғыс салатын сүреңсіз сойқанның көрінісі келетіні өкінішті! Шын мәніндегі жиһад - Алла Тағаланың ақиқатын аңдап, құлдарының Құдайға құлшылық қылуына кедергі келтіретін барлық бөгеттерді болдырмауы болып табылады. Яғни, адамның ақылынан бастап, барлық тыныс тіршілігінде осы қағида қаперге алынады.
Алла Тағаланың разылығы үшін пенденің істеген игі ісінің бәрі «жиһад» болып саналады. Құдайға қылынған құлшылықтың қайсы бірі болмасын, жиһадқа жатады. Демек, жиһад ең әуелі өз нәпсіңмен күресу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Нағыз жиһад жасаушы кісі - өзінің нәпсісімен күресуші», - деп, нәпсімен күрестің маңыздылығын атап айтқан. Және бір хадисте шаршап-шалдығып, соғыстан қайтқан сахабаларына Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «біз қазір кіші жиһадтан үлкен жиһадқа қайттық», - дейді. Сонда сахабалары: «Уа, Расулуллаһ, «үлкен жиһад деген не?», - деп сұрайды таңырқап. Сол сәтте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «ол - өз нәпсілеріңмен күресулерің», - деп жауап береді. Әлбетте, хадисте айтылғандай қолға қару алып, қан майданға аттанғаннан да ауыр күрес, адамның өз нәпсісімен күресі болмақ. Себебі, жаугершілікте жауың жаныңда жасырын емес, ашық айқасқа түссе, нәпсіңнің қалауы қайда екенін аңдамайтының анық. Әлбетте, нәпсімен күрес үлкен жиһад екені шүбәсіз. Тағы бір хадисте: «Жесірлер мен міскіндер үшін жұмыс істеуші кісі Алла жолында жиһад жасаушы адамға тең», - деген.
Осы хадистен жесірін жылатпай, жетімді жебеген жандар да жиһадтық сауаптан құр қалмайтынын, Исламда садақа-сауапты істің барлығы жиһадтық сауапқа кенелетінін түсінеміз. Шала түсінікпен, сауатсыз сенімге бой алдырып, жиһад жайлы жалаң ұғымға ұрынған «жиһадилердің» жасап жүрген жарылыстары жәһаннамға жетелейтін жаман амалдардан екені анық. Осындай ойсыз, оспадарлықтан опық жеп қалмауға қам жасап, ағымдардың арбауынан сақ болайық! Ата бабаларымыздың бастан кешкен ғибратты істері бізге өнеге, бізге үлгі, бізге аманат. Батыр бабаларымыз елін-жерін қорғау үшін басын бәйгеге тігіп, өз жан рахатынан бас тартып, нәпсілеріне жол бермеді. Демек, жиһадтың жарқын үлгісін бабаларымыз көрсете білді.
Ал, кейбір адасқан ағымдар «қазақ халқы таза мұсылман болған жоқ, қазақтар мүшірік болды», деген сияқты санаға сиымсыз сөздермен бабаларымыздың басқан ізін өшіріп, құндылықтарымыздың құнын құрдымға кетіретін сөздер айтады. Тіпті, әке-шешелері намаз оқымаса, олармен бірге бір дастарханға отырмай, жасаған тамақтарын харам деп, ішуден бастартып жатқандардың да бар екенін еміс-еміс естіп қаламыз. Мұндай кері кеткен кесірден сақтанудың жолдарының бірі бабаларымыздың бай мұрасын қадірлеп, сол мұраларды орынды пайдалану. Яғни, бабаларымыздың тағылымды тағдырын өз өмірімізге өнеге ете білуіміз керек.
Кездесу соңында, тыңдаушыларға «Жиһад» және «Намаз оқымайтын адам кәпір дейтіндерге жауап» атты кітаптар таратылды, сондай-ақ, жергілікті жамағат Нұржан Стамбакиевке әртүрлі діни тақырыптарға қатысты сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар ала алды.