Астана қаласы,
Қабанбай батыр к-сі,
«Радуга» тұрғын үй кешені, 5/1
info@aqniet.com
«Жезқазған қаласы ішкі саясат бөлімі» ММ мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында, «AQNIET» орталығы ұйымдастыруымен Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің аға-оқытушысы, исламтанушы PhD докторант, РАНТ мүшесі Илимбаев Ризабек Батталұлы «Дидар» телеарнасындағы «Жұмадағы жүздесу» бағдарламасында «Исламдағы әйел адамның құқығы» тақырыбында сұхбат берді. Сұхбат барысында, көрерменнің көкейінде жүрген дін тақырыбына қатысты мәселелерге кеңінен тоқталып, қазіргі қоғамда дін тақырыбында өзекті болған сұрақтарға тұшымды жауаптар берілді.
Жүргізуші: Исламдағы әйел адамның орны мен ролі қандай?
Қонақ: Ислам діні алғашқы уақыттардан бастап-ақ әйел затының жанұядағы әрі қоғамдағы орнын белгіледі. Өзіне тиесілі міндетін нақтылап, ар-ұяты мен абыройын қорғады. Ардақты қыз, адал жар, аяулы ана ретінде беделін өсірді. Дініміздің әйелдерге зор қамқорлық жасауы - барша әйел заты үшін адамзат тарихындағы теңдесіз оқиға болды. Өйткені, өзге елдерде де әйелдің жағдайы тым аянышты күйде еді. Құран Кәрімде 176 аяттан тұратын «Ниса» («Әйелдер»), 98 аяттан тұратын «Мәриям» деп аталатын сүрелер тікелей әйелдерге арналған. Бұдан басқа, «Нұр», «Ахзаб», «Мумтахина», «Тахрим», «Талақ» сүрелерінде де дініміздегі әйел адамның орны туралы кеңінен айтылған. Бұл - Ислам дінінің әйелдерге қаншалықты көңіл бөлгеніне дәлел.
Ислам үкімдерін әйелдер де ер кісілерден кем меңгермеген. Бір ғана Айша анамыздың (р.а.) өзі дінге көп еңбек сіңірген. Сонымен қатар, ол көпшіліктің сый-құрметіне бөленген дін ға-лымы болған, пәтуа беретін биік деңгейден көрінген. Жастарының ұлғайғанына қарамастан кей сахабалар білмеген нәрселерін келіп Айшадан (р.а.) сұрайтын. Келтірген айқын дәлелдері Айшаның (р.а.) пікірін оларға еріксіз мойындататын. Тіпті, хазреті Омардың (р.а.) өзі білмеген нәрсесін хазреті Айша анамыздан (р.а.) үйренетін. Оның әсіресе сүннетке қатысты мәселелерді жиі сұрайтын бірден-бір адамы осы Айша анамыз (р.а.) еді.