Астана қаласы,
Қабанбай батыр к-сі,
«Радуга» тұрғын үй кешені, 5/1

info@aqniet.com

«Halyq Radiosy» эфирінде «Ақниет» қорының теологы, «Жусан» операциясымен оралған жерлесіміз қонақта

«Halyq Radiosy» журналистері «Резонанс» бағдарламасына қатысу үшін 2019 жылы Сириядан «Жусан» гуманитарлық операциясы аясында Қазақстанға оралған Әсел Игубаеваны және Павлодар облысындағы «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» қоғамдық қорының теолог-консультанты Есбол Айтмұханбекұлы Қасеновты шақырды.

 

Тікелей эфирде Есбол Қасенов «Елдің ұлттық мүдделерін қорғау және халқымыздың береке-бірлігі мен татулығын қамтамасыз ету және бұл тұрғанда әйел құқығын қорғау» тақырыбында сөз қозғады. Өз кезегінде Әсел Игубаева Сириядағы ДАИШ бақылауындағы аймақтардағы әйелдердің жағдайы туралы айтты.

 

Тарихқа қарасақ, Ислам діні келгенге дейін, әлемде әйел баласының кемсітіліп, көп қағажу көргенін байқаймыз. Әйел затын қорлықта ұстау, адам қатарында санамау, арын аяққа таптау, туған әке-шешесінің мұрасынан қағу сынды, т.б. жаман әдеттер араб қоғамында да бар еді.

 

Ал, Ислам діні алғашқы уақыттардан бастап-ақ әйел затының жанұядағы әрі қоғамдағы орнын белгіледі. Өзіне тиесілі міндетін нақтылап, ар-ұяты мен абыройын қорғады. Сүйкімді қыз, сүйікті жар, аяулы ана ретінде беделін өсірді. Дініміздің әйелдерге зор қамқорлық жасауы – барша әйел заты үшін адамзат тарихындағы теңдессіз оқиға болды.

 

Өйткені, өзге елдерде де әйелдің жағдайы тым аянышты күйде еді. Құран Кәрімде 176 аяттан тұратын «Ниса» («Әйелдер»), 98 аяттан тұратын «Мәриям» деп аталатын сүрелер тікелей әйелдерге арналған. Бұдан басқа, «Нұр», «Ахзаб», «Мұмтахина», «Тахрим», «Талақ» сүрелерінде де дініміздегі әйел адамның орны туралы кеңінен айтылған. Бұл - Ислам дінінің әйелдерге қаншалықты көңіл бөлгеніне дәлел.

 

Исламға дейінгі араб қоғамында қыз баланы асыраудан қашатын, ұлды артық көріп, қызды болғанына күйініп, қатты ызаланатындар да бар еді. Бұндай жауыз мінездің асқынғаны сонша - жаңа туған нәзік жанды шарананы шімірікпестен тірідей өлімге қиып, аулаққа апарып көміп тастайтындары да кездесетін.

 

Қыз баланы бетке шіркеу, сүйекке таңба санайтын надандық әрекет Құранда ащы сынға алынған: «Кейбіреулері қызды болғанын естігенде, ашудан жүздері түтігіп, түнеріп кетеді. Бұндай «жаман» хабардың салдарынан ел көзінен тасаланады. Бұл қорлыққа шыдап, оны асырап-бағу керек пе, жоқ әлде топыраққа көміп тастаған дұрыс па? Қараңдаршы, берген үкімдері қандай жаман?!» («Нахл» сүресі, 58-59-аяттар).

 

Ислам діні алғашқы уақыттардан бастап-ақ қыз ба-лаларға мейіріммен, аяушылық пен қарауға шақырған. Тіпті бір жанұядағы балаларды да ұл-қыз деп алаламауға тәрбиелеуінің өзі қыз балаларға дініміздің зор көңіл бөлгенін байқатады.

 

Адамзаттың асылы сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дінді насихаттай бастағанда, әйелдер қауымы да оған өте көп қолдау көрсеткен. Айталық, Хадиша анамыздың (р.а.) Исламды алғаш болып қабылдап, бүкіл байлығын дін жолында сарп еткені белгілі. Осы себепті пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ел менен теріс айналған кезде, Хадиша маған сенді. Айтқандарымды ешкім қабылдамағанда, мені алғашқы болып растаған сол еді», - деп, оны өмір бойы ұмытпай, жақсылықтарын әрдайым еске алып отырған.

 

Қорыта келгенде, Ислам дінінде әйелдің орны ерекше. Сондықтан әйелге деген құрмет зор болуы тиіс. Ислам діні әйелге Алланың аманаты ретінде қарауға шақырған. Ешбір құқығын шектемеген. Қайта өз жаратылысына сай сүйікті жар, аяулы ана ретінде қашан да оның орнын жоғары бағалаған. Қоғам тәрбиесін қыз баланың ұяттылығымен ұштастыра қарастырған. Әйел затын жат пиғылдылардың бұзық әрекеттерінен қорғауға тырысқан. Осындай құрметке лайық бола білу үшін әйелден де белгілі бір міндеттерді талап еткен. Әйелдер қауымының дәрежесін ешбір дін дәл Исламдағыдай биіктете алған емес.

 

«Halyq Radiosy» радиостанциясының тікелей эфиріне Есбол Қасенов пен Әсел Игубаеваның қатысуы «Азаматтық бастамаларды қолдау» орталығының қолдауымен және «Өңірлерде түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасы шеңберінде жүзеге асырылды.