Астана қаласы,
Қабанбай батыр к-сі,
«Радуга» тұрғын үй кешені, 5/1
info@aqniet.com
Павлодар облысындағы «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» ҚҚ өкілдігінің басшысы Касенов Есбол Айтмұханбекұлы «Өңірлерде түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасын іске асыру шеңберінде «АП-162/2 мекемесі» РММ қылмыстық жазасын өтеп жатқан сенуші сотталғандармен «Алғашқы жат ағымдардың шығу тарихы» тақырыбында ұжымдық теологиялық сабақ өткізді.
Діни радикалдық көзқарас қайдан шықты? Оның түп-негізі қайда жатқаны туралы сөз қозғалды. Оның негізі сонау Пайғамбарымыздың заманында басталғаны туралы айтылды. Соның нәтижесінде ислами ағымдардың алғашқысы Харижиттер тобы пайда болды. Бұл ағым саяси радикалды түсініктің негізінде туындады. Кейіннен дінді желеу ету арқылы сол саяси көзқарастары мен пікірлерін жүзеге асыруға ұмтылғандықтан, Ақида ілімі мен мәзһабтар тарихын алды.
Хауариждер әр уақытта өздерінің белгілі түсінігі болған. Олар: жиһад, батырлық, Алла жолына шақыру, қаһармандыққа үгіттеу.
Әсіресе жас буынның алданып қалу ықтималы болғандықтан, олардың мақсаттарын жақсы білуіміз қажет.
«Харижи» сөзі араб тіліндегі خَرَجَ түбірінен шыққан, кіру етістігінің антонимі саналатын шығу сөзінен туындаған сөз. Іс-қимылды білдіретін «хариж» сөзіне «ي» жалғауы жалғану арқылы туынды сөз болып тұр. Яғни осы топқа қатысы бар адам харижи деп аталады.
Харижи сөзінің көпше түрі «Хауариж». Ал термин ретіндегі анықтамасы харижилер - бұрын хазірет Әлидің қол астында болып, кейін Ислам әскерінің құрамынан шыққан радикал топтың атауы. Өздерінің айтуларынша «Алла жолында бөлініп шыққандар» болғаны үшін осылай аталған. Бұл атау кейін мұсылман үмбетінің мойынсұнған шариғатына қарсы шығып, қару көтерген топтардың барлығына берілген.
Хауариждердің пайда болуын кейбір ғалымдар Сыффин шайқасынан кейін болған десе, ал кейбіреуі Пайғамбарымыздың заманында Зулһуайсирадан және хазірет Османның шейіт болғаннан кейін деген тарихи мәліметтерді алға тартады.
Зулһуайсира
Хадисте анық аталған бұл кісінің Пайғамбар заманында көрсеткен әдепсіздігі Бұхаридың хадис жинағында былай баяндалады: «Әбу Сағид әл-Худриден жеткен хадисте былай делінеді. Аллла елшісі Хунейн шайқасынан түскен олжаларды бөлуді бұйырған кезде Бәни Тәмим тайпасынан Зулһуайсира есімді бір кісі келді де: «Ей, Мұхаммед, Құдайдан қорық, әділ бол!» деп дүрсе қоя береді. Пайғамбар бұл жағдайдан өзін қатты жайсыз сезініп: «Мен әділ болмағанда кім әділ болады?! Егер әділ болмасам, құрдымға кетер едім» дейді. Осы кезде сахаба Омар болған жайтқа қатты ашуланып: «Уа, Алланың елшісі! Рұқсат ет, мына әдепсіздігі үшін мұның сазайын берейін» дейді.
Пайғамбар сабырлы қалпында: «Тимегін оған. Келешекте осындай түсініктегі адамдар пайда болады. Бұл секілділердің намазын көргендеріңде өз намаздарыңа, оразаларын көргенде өз оразаларыңа көңілдерің толмай азсынатын боласыңдар. Бұлар Құранды оқиды, алайда оқыған Құрандары тіл ұшынан әрі аспайды. Мұндай адамдар атылған оқтың шапшаңдығындай шапшаңдықпен діннен шығады. Ол оқтың жылдамдығы сондай аңға тиді ме, тимеді ме деп оқтың ұшын қарағанда қан көрмейсің, яғни қан тиіп те үлгермеген болады. Олардың белгісі араларында қара торы бір адам болады. Оның бір қолының иығы мен шынтағының арасындағы бұлшықеті әйелдің кеудесі секілді немесе кіріп-шығып салбырап тұрған бір кесек ет іспетті болады. Бұлар адамдардың топ-топқа бөлінген кезеңінде шығады» дейді. Хадистің рауиі Әбу Сағид әл-Худри былай дейді: «Мен куәлік етемін, бұл хадисті Алла елшісінің өзінен естідім және Әли ибн Әби Талиб олармен (хадисте айтылған топпен) соғысты. Мен хазірет Әлимен бірге болдым. Сол кезде Әли хадисте сипатталған адам жайлы сұрастырды. Бір кісінің мәйітін әкелді, қарасам, Пайғамбарымыз сипаттаған кісінің нақ өзі».
Ибн Хажар бұл хадиске түсіндірме жасап, Зулһуайсира делінген кісінің Хуркус ибн Зуһайр әс-Сағди екенін айтады. Хуркус Пайғамбарымыздан кейін өмір сүрген, хазірет Омар заманында Ахуазға жіберілген. Ол жерде иран әскерімен шайқасып жеңіске жетеді. Ахуазбен бірге Тустар аймағына дейін созылып жатқан жерді бағындырады. Ол жерден жинаған жизияны халифа Омарға жіберетін. Бұдан кейінгі кезеңдерде Хурмузанға қарсы шайқаста Басра мен Куфа қолбасшыларының қол астында түрлі міндеттер атқарған. Сөйтіп Сыффин шайқасында харижилердің арасынан табылады әрі олардың алғашқыларынан болады. Кейіннен Нәһрауәнда өлтіріледі. Харижиліктің пайда болуы мен қалыптасуында бұл кісінің айтарлықтай орны бар.
«Өңірлерде түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасын Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қамқорлығымен «Ақниет» АНОО» ҚҚ іске асыруда.