Астана қаласы,
Қабанбай батыр к-сі,
«Радуга» тұрғын үй кешені, 5/1

info@aqniet.com

«Ақниет» ҚҚ теолог-маманы мешіт жамағатына лекция оқыды

«Өңірлердегі түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» жобасы аясында «Ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» ҚҚ Атырау облысы бойынша өкілдігінің теолог-маманы Боханов Наркес Бақытжанұлы Атырау қаласы «Иманғали» орталық мешітінің жамағатына «Тәуелсiздiк – тұғырыӊ...» тақырыбында лекция жүргізді.

Отанды сүю тек ішкі сезіммен шектелетін түсінік емес. Ол сөз және іспен көрсетілетін сезім болса, сол мақсатта дін қызметкерлері аянбай еңбек етуде.Елге, жерге деген ыстық ықылас дұға-тілекте шынайы байқалады. Өйткені, дұға – жүректегі шынайы ниетті жеткізу жолы. Ұлан байтақ жеріміздің тыныштығы үшін еліміздің әр аймағындағы мешіттерде тұрақты түрде құран хатым дұғалары жасау да назардан тыс қалған емес.

Қазақстан дербес ел болғалы біршама ұлттар мен ұлыстар бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Елбасы бастамасымен елімізде бірнеше рет дәстүрлі діндер лидерлерінің сьезі өтті. Татулық пен бірлікті ұлықтаған ұлт көшбасшысын халықаралық өзге дін өкілдері де қолдады. Н.Назарбаев отанды сүю, еліңде өмір сүретін басқа дін өкілдеріне деген құрмет пен түсіністік екенін дәлелдеді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім бір муғаһидке зұлымдық етсе, ар-намысына тисе, шамасы келмейтін шаруа міндеттесе қалауынсыз бір затын алып қойса, қиямет күні (муғаһидтің) қорғаушысы мен боламын» деген екен.

Мұғаһид – мұсылман елінде өмір сүретін өзге дін өкілі. Тағдырдың жазуымен елімізді отан етіп жатқан өзге дін өкілдері бар. Ол да Алланың пендесі, адам баласы. Пайғамбар өсиетін өнеге еткен президент бастамасы Тәуелсіз елдің тұтастығы мен бірлігі үшін жалғасып жатыр.

Исламда туған жерге деген сүйпеншілік жер-суының табиғатын жақсы көрумен қатар ел-жұртын жақсы көруі, отандастарымен ара-қатынасты нығайту болып табылады. Отан алдындағы азаматтық парызына адал болуды білдіреді. Отанды сүю – адамзаттың арасына жеккөру, ашу-ыза деген сияқты соғыс отын тұтандыратын нәсілшілдік емес. Хадисте: «Кімде-кім нәсілшілдікке жәрдем беріп, нәсілшілдік үшін ашуланып, соқыр тудың астында өлсе, ол надан өліммен өлген адам» делінген.

Отанды сүю – соқыр сезім емес. Керісінше, әділдік пен туралықта елмен бірге болу. Аббад бин Касир Шамиден:«Уа, Алла елшісі! Кісінің өз ел-жұртын жақсы көруі нәсілшілдік пе?-деп сұрайды. Сонда Пайғамбар: «Жоқ, алайда кім өз жұртына зұлымдыққа жәрдем етсе міне сол нәсілшілдік»,-деген екен.

Тұрақтылық пен ынтымағы жарасқан ел ғана заман көшімен ілгерілемек. Имам Ғазали: «Адам баласы туып өскен жері елсіз шөл дала болса да оған бауыр басады. Отанды сүю адамның болмысында бар сезім. Адам туып-өскен жерінде жаны жай табады. Алыс кетсе сағынып, жау шапса қорғауға, сынаса ашулануға дайын тұрады»,-деп Отанға деген сүйіспеншілікті сипаттайды. Ел тыныштығы мен бірлігі үшін, өркендеп көркейе беруіне үлес қосу әрбір жанның азаматтық парызы.

Тәуелсіздіктің 30-шы таңы Қазақ елі үшін даму мен жаңғыруға жаңаша қадам болғай деп тілейміз. Ел іргесі берік, көк байрағымыз мәңгілік желбірей берсін. Бабадан аманат болған ұлан-ғайыр жерімізде дін мен дәстүріміз әрқашан дәріптеліп, татулықты ту еткен еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Әумин!

«Өңірлердегі түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасын Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қамқорлығымен «Ақниет» АНОО» ҚҚ іске асыруда.