Астана қаласы,
Қабанбай батыр к-сі,
«Радуга» тұрғын үй кешені, 5/1

info@aqniet.com

«Ақниет» ҚҚ теологы «Жусан» репатрианттарымен теологиялық сабақ өткізді

«Өңірлерде түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің біріңғай механизмдерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасы аясында Атырау облысы бойынша «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығының теолог-маманы Мұхит Меруерт Ахметқызы 157/11 түзету мекемесінде қылмыстық жазасын өтеуші «Жусан» репатрианттарына «Исламдағы әйел мәртебесі» тақырыбында on-line форматында лекция өткізді.

 

Алла Тағалаға сансыз мадақ, шексіз шүкіршілік болсын. Алла Тағаланың сүйікті елшісі, адамзаттың асылы Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын. Жаратылыс тұрғысынан ер кісі де, әйел кісі де Алла Тағаланың пендесі. Алла Тағала қалағанын ер, қалағанын әйел етіп жаратады. Дегенмен, ер мен әйел тең емес, әрқайсысы өзіне тән қасиеттерімен ерекшеленеді. Егер бір-бірінен ешбір айырмашылығы жоқ өзара тең жаратылыс болғанда, Алла Тағала еркек-әйел етіп бөліп жатпай, бәрін біркелкі етіп жаратар еді.

 

Еркек пен әйел өздеріне тән табиғатындағы ерекшеліктерін ескергенде ғана екеуі бір-бірін толықтыра түседі. Қазақ «екі жарты бір бүтін» деген. Әйел денедегі жүрек болса, еркек сол денедегі ақыл іспетті. Жүрек ақылсыз, ақыл жүрексіз ғұмыр сүре алмайды. Жүректі ақылдан жоғары, яки ақылды жүректен артық деп айту мүмкін емес. Екеуі өз міндеттерін атқарған кезде ғана дене дұрыс қызметін жалғастыра алады.

 

ҒИБРАТТЫ ҚИССАЛАР:

 

Бірінші қисса:

 

Жабир ибн Абдулла (р.а.) былай деп баяндайды: «Бір күні Әсма бинт Язид (р.а.) Пайғамбарымызға (ﷺ) келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Сіз маған ата-анамнан да артық қымбатсыз. Мен Сізге барша мұсылман әйелдердің атынан келіп тұрмын. Анығында Сіз – еркектерге де, әйелдерге де ортақ болып жіберілген Алланың Пайғамбарысыз. Бізді мазалайтын бір нәрсе бар. Біздің, яғни әйелдердің көп уақыты үйде өтеді. Біз күйеуіміздің разылығын іздейміз, бала сүйіп, ұрпақ жалғастырамыз. Ошағымыздың түтінін түтетіп, күйеуіміздің дүние-мүлкіне бас-көз боламыз. Соған қарамастан, біз жасай алмайтын кейбір амалдарды ер кісілер жасайтындығы үшін олардың Алладан алатын сауаптары бізден асып кетеді.

 

Олар күнделікті бес уақыт намаздан бөлек жұма намаздарына қатысады, науқастардың көңілін сұрап барады, жаназа намаздарына қатысады, қажылық парыздарын өтеп, құрбан шалады. Олар сондай сауабы мол амалдарды жасап жатқанда біз үйде қаламыз. Олардың бала-шағасына қарап, киімдерін тігеміз. Біз осы үшін олардың алып жатқан қыруар сауаптарының бір үлесін болса да ала аламыз ба?» - деп сұрайды. Бұл сұрақты естіген Пайғамбарымыз (ﷺ) сахабаларына қарап: «Сендер бұдан артық сұрақ қойған әйелді бұрын-соңды көріп пе едіңдер?» - дейді. Сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Әйел адам осындай сұрақ қояды деп ешқашан ойламап едік», - дейді.

 

Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ) Әсмаға (р.а.) бұрылып: «Мені жақсылап тыңда және мұны өзге әйелдерге де жеткіз. Егер әйел адам күйеуіне бойсұнып, оның үйдегі тірліктерін жасаса, көңілін тойдырып, оны разы етсе, онда ол да Алла жолында құлшылық етіп жүрген күйеуі секілді сауаптарға ие болады!», - дейді. Мұны естіген Әсманың жүзіне ерекше қуаныш, жымиған күлкі пайда болады. Қатты қуанғаннан көңілі көтеріліп, кетіп бара жатып қайта-қайта «Лә иләһә иллә Алла» (Алладан басқа Құдай жоқ), «Аллаһу Әкбар» (Алла Ұлы)» деумен болады.

 

Екінші қисса:

 

Алла Тағала әуелі Адам атаны жаратады. Алайда жұмақтағы Адам ата қанша нығыметтерді көрсе де дара жүруден жалғызсырайды. Сөйтіп ол ұйықтап кеткен кезде Алла Тағала оның қабырғасынан Хауа ананы жаратады. Ұйқысынан оянғанда сомдалған сұлу мүсінді көріп, Адам таңырқай қалып «Не үшін жаратылдың?» – деп сұрайды. Сонда Хауа анамыз: «Сен маған тұрақтауың үшін» деп жауап береді. Осы сөзді ғалымдар былайша тәпсірлеген екен: «Алла Тағала Адам атаға серік болып, көңілінің тыныштық табуы үшін Хауа анамызды жаратып берген». Осыған дәлел ретінде Құранда «Рум» сүресінің 21-аятында Алла Тағала: «Әрі сендердің тыныштық тауып, орнығуларың үшін өздеріңнен жұбайлар жаратуы және араларыңда сүйіспеншілік пен мейірім-жанашырлық пайда етуі де - Оның белгілерінен. Ақиқатында ойланып ақылға салатын адамдар үшін мұнда дәлел-ғибраттар бар».

 

ӘЙЕЛ КІСІНІҢ ҮШ МӘРТЕБЕСІ:

 

Қыз мәртебесі

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ): «Кімнің үйінде қыз бар болса, ол үйге күн сайын көктен он екі береке түседі. Ол үйге періштелер тынбай (үздіксіз) келіп тұрады. Әрбір күн, әрбір түн сайын олар (сол қыздың) ата-анасына бір жылдық құлшылықпен тең сауап жазып отырады» - деген (Әбу Һурайра).

 

Келесі хадисте: «Қыз баланы жақсылап тәрбиелеп, Алла Тағала берген нығметтермен молшылықта жегізіп, киіндірсе, бұл қыз ол үшін берекет болады, тозақтан құтылып жәннатқа оңай кіруіне себеп болады» (Табарани).

 

Айша (р.а.) анамыз айтады: «Бір күні маған пақыр, кедей әйел екі қызымен келіп, тамақтандыруын өтінді. Мен олардың әр біріне бір құрмадан бердім. Әйел өзіне тиесілі құрманы аузына сала бергенде балалары құрма берші деді. Құрманы өзі жеместен екіге бөліп, қыздарына берді. Бұл жәйт мені қатты әсерге бөледі, мен оны Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) айттым. Сонда Алланың Елшісі (ﷺ): «Шын мәнінде, сол әйелдің істеген жақсы ісі үшін Алла оны жәннатқа кіргізіп, тозақ отынан аман сақтайды», - деді (имам Муслим риуаяты).

 

Тағы бір хадисте: «Үш қызына қажеттіліктен құтылғанға дейін жақсы қараған, ішіп-жегізіп, киіндірген адам әлбетте жәннатқа қол жеткізеді» деген (Әбу Дәуід).

 

Демек, қыз бала әке-шешесінің жәннаты, тозақ отына қалқан. Міне ислам бізге оның мәртебесін осылайша баяндайды. Сондықтан үйімізге қыз келсе, ол үшін қуанып, Аллаға мадақ айтуымыз керек. Әрине, оның өскенде тәрбиесі әке-шешесінен сұралады, солар жауапты болады.

 

Әйел мәртебесі

 

Ардақты Алла Елшісі (ﷺ): «Әйел - ер кісінің екінші жартысы» деген. Алла Тағала әйел баласын өте нәзік әрі әлсіз етіп жаратты. Оған табиғи рең беріп, көркемдеді. Толағай-тағдырдың салмағын нәзік жүрегімен көтере білсін деп оның тұла бойын төзімді етіп жаратты. Дүниеге адам әкелуді, әр ауыртпалықты жеңсін деп Алла Тағала оған мықты қажыр берді. Ерінің иманының толығуына, нағыз ер болып қалыптасуына әсер ететін де осы әйел. Омар ибн Хаттабтың (р.а.) риуаятында Алла Елшісі (ﷺ): «Иманды әйел - қайырлы іс жасамайтын 1000 еркектен де қайырлы» деген.

 

Әйел заты ерінің көмекшісі, қолдаушысы, ол басшылық етіп отырған отбасының ұйытқысы. Хадисте: «Менің үмметімнің ең жақсы әйелдері, күйеулеріне сәлемі түзу (яғни, бойсұнушы) және қанағатшылдары» деген (Айша анамыздан).

 

Бір күні Пайғамбарымызға (ﷺ) бір кісі келіп былай дейді: «Уа, Алланың Елшісі! Менің әйелім мен үйге кірген уақытта: «Қош келдің! Менің әрі осы шаңырақтың қожайыны», - дейді. Мұңайғанымды көрсе: «Бұл өмір сені мұңайтпасын, саған арғы дүние жеткілікті болады», - дейді. Сонда Алланың Елшісі (ﷺ): «Оған айтып бар: ол Алланың қызметшілерінің бірі, әрі оған, Алла жолында күресушіге берілетін сый-сияпаттың жартысы жазылады» - дейді.

 

Тағы бір хадисте әйел мәртебесін былайша сипаттаған: «Мына дүниенің салиқалы әйелдері, хор қыздарынан жетпіс мың есе артық болады» (ибн Мубарак).

 

Әйел күйеуінің қамқоршысы, жартысы. Яғни сауап істердің қасында әйелі жүреді деген сөз. Пайғамбарымыз (ﷺ) хадисінде: «Түннің бір жартысында тахажжуд намазын оқуға тұрып әрі күйеуін оятып, екеуі бірге намаз оқыған әйел және күйеуін оятқанда тұрмағандығы себепті бетіне су шашқан әйел Алланың қамқорлығында болады» деген (Әбу Дәуід риуаяты).

 

Келесі хадисте: «Әйелдер үш түрлі болады:

 

1) ыдыс секілді, көтеріп қайта қоя тұғын;

 

2) терісі ауыратын түйе секілді;

 

3) мейірімді және бала туатын. Иманын мықтылау үшін күйеулеріне көмек беретін, мұндай әйел еркек үшін қазынадан да қайырлы»(Байхақи риуаяты).

 

Ана мәртебесі

 

Исламда «Жәннат – аналардың табанының астында» деп ананың тұлғасын ерекше ұлықталған. Пайғамбарымызға (ﷺ) бір адам келіп: «Уа, Алланың Елшісі, кімге жақсылық жасайын?», - деп сұрайды. Пайғамбарымыз: «Анаңа», - деп жауап береді. Әлгі адам екінші рет: «Одан кейін кімге жасайын?», - дегенде, - «Анаңа» деген жауап алады. Әлгі адам тағы: «Одан кейін кімге жақсылық жасайын?», - дегенде Пайғамбарымыз үшінші ретте де «Анаңа», - деп жауап береді. Тек төртінші рет тағы да «Одан кейін кімге?», - деп қайталағанда, Пайғамбарымыз: «Әкеңе», - дейді. Бұл хадис Исламда ананың мәртебесі үш есеге жоғары екенін көркем түрде жеткізген.

 

Ана болу - әйел адамның бақыты. Ананың жауапкершілігі де қиындығы да көп. Сондықтан, Алла Тағала анаға сондай мол сауап береді. «Ана жүкті болған кезде оған күнін оразамен, түнін құлшылықпен өткізгеннің сауабы жазылады. Толғағы басталған кезде, ешбір жаратылыс Алланың оған қандай сый беретінін білмейді. Ол сәбиін дүниеге әкеліп емізе бастағанда, сәбидің әрбір жұтымы үшін, әрбір емізгені үшін оған өліні тірілткендей сауап жазылады» (Абдуррахман ибн Ауф). Келесі бір хадисте «Ана жүктілік кезінде және сәбиді туып асыраған уақытында Алла жолында жүрген жауынгер сияқты. Егер бұл уақытта қайтыс болса, оған шәһидтің сыйы беріледі» деген.

 

УАҒЫЗДАН АЛЫНАР ҒИБРАТТАР:

 

- Әйелдердің күйеулерінің алдында міндеттері болғанындай, ер азаматтардың да әйелдерінің алдында заңды міндеттері бар;

 

- Салиқалы әйелдің мәртебесі - осы дүниеде де, ақыретте де үлкен нығмет;

 

- Күйеуімен жақсы мәміледе болу - мұсылман әйелдің басты міндеті;

 

- Білім алу ер адамға да, әйел адамға да - парыз;

 

- Қоғамдағы кейбір жауапты міндеттердің ер адамға жүктелуі - әйел адамға деген мейірімділік;

 

- Ер адам үшін әйел бойындағы ең басты қасиеттердің бірі - имандылық.

 

ДҰҒА:

 

«Раббымыз! Жұбайларымызды және ұрпақтарымызды көзіміздің қуанышы ет әрі бізді тақуалардың (Өзіңе бойсұнып, жазадан қорқып, сақтанғандардың) алды ете гөр!». «Өңірлердегі түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасын Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қамқорлығымен «Ақниет» АНОО» ҚҚ іске асыруда.