Астана қаласы,
Қабанбай батыр к-сі,
«Радуга» тұрғын үй кешені, 5/1

info@aqniet.com

«Ақниет» ҚҚ теологы Орал қаласының Орталық мешітінде жамағатпен кездесу өткізді

«Өңірлердегі түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» жобасының шеңберінде Батыс Қазақстан облысындағы «Ақниет» ақпараттық-насихаттық және оңалту орталығы» қоғамдық бірлестігінің теолог-кеңесшісі Данаева Назгүл Медерқызы «Тәрбиелі қыз, өнегелі келін, салихалы ана, дана әже» тақырыбындағы талқылауын Орал қаласының тұрғындарымен өткізді. Кездесу Орал қаласының Орталық мешітінде өтті.

 

«Тәрбиелі қыз» Қыз - өмірдің гүлі, барлық адамзаттың қадірлеп, аялайтын асыл аруы десек те артық емес. Қыз баланы қазақта кішкентайынан мәпелеп, аялап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген. Жалғандағы нәзіктік пен пәктікті, инабаттылықты әрбір қазақ қызының бойына сіңіріп өсірген. Белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева «Өмірде қыз болу бар да, нағыз қазақ қызы болу мүлдем бөлек» деген пікір айтқан. Сол тәрізді ата-дәстүр, салт-сананы берік ұстанып өскен қазақ қызы қай ортада болсын, өзінің ерекше болмысымен көзге түсетіні анық. Қазақ қызының бойындағы асыл қасиеттерімен бірге сыр-сымбаты да өзге ұлттан дараланып тұруы тиіс.

 

«Өнегелі келін» Әрбір қыздың арманы - тұрмысқа шығып, бақытты отбасын құру, ата- анасының үмітін ақтап, еліне сыйлы, жақсы келін атану. Солай емес пе? Алайда үйлену оңай, үй болу қиын деген бар. Бақытқа қол жеткізу үшін қаншама қиыншылықтар кездеседі. Соларды жеңіп, жақсы келін атану үшін не істеу керек? Сіз енді бір елдің келіні атандыңыз. Қыз күніңіздегі еркелігіңіз бен «ертең істей саламынды» қойыңыз. Онға дейінгі ұйқыны мүлде ұмытыңыз.

 

«Салихалы ана» Салиқалы әйел - осы дүниеде уақытша берілген нығметтердің ең жақсысы.

عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرٍو أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: (الدُّنْيَا مَتَاعٌ وَخَيْرُ مَتَاعِ الدُّنْيَا الْمَرْأَةُ الصَّالِحَةُ) رواه مسلم

Абдулла ибн Амр, Алла оған разы болсын риуаят еткен хадисте, жақсы әйелдің мәртебесі жөнінде Алла Елшісі былай деген: «Бұл дүние өткінші бір ләззәт қана. Ал дүниедегі өткінші ләззәттың ең хайырлысы салиқалы, жақсы әйел».

 

«Дана әже» Ізгі әйел - көркем мінезді болады. Көркем мінез - адам бойындағы ұлы қасиет, әрбір адамның мінез-құлқын Алла Тағала көркем етіп жаратқан.

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ قَالَ: قِيلَ لِرَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَيُّ النِّسَاءِ خَيْرٌ؟ قَالَ: الَّتِي تَسُرُّهُ إِذَا نَظَرَ، وَتُطِيعُهُ إِذَا أَمَرَ، وَلَا تُخَالِفُهُ فِي نَفْسِهَا وَمَالِهَا بِمَا يَكْرَهُ .رواه النسائي

Әбу Һурайра, Алла оған разы болсын риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыздан бір кісі: «Қандай әйел ең жақсы?», - деп сұрағанда, Ол: «Күйеуі оған қарағанда, оны қуантатын; ол оған бір нәрсе бұйырғанда, мойынсұнатын, өзіне және өзінің мал-мүлкіне қатысты бір нәрсе ұнамай тұрса да күйеуіне қарсы келмейтін әйел», - деп жауап берді».

 

Бұл хадистен түсінгеніміз, мұсылман әйел өзінің мал-мүлкін өз қалауы бойынша жаратуға толық қақысы бар. Сонымен қатар күйеуі әйелінің жеке мүлкіне иелік ете алмайтындығы да белгілі. Десе де, парасатты әрі салиқалы мұсылман әйел дүниесін қалай жарататындығы және не нәрсеге жұмсайтындығы жөнінде күйеуімен ақылдасқаны жөн. Себебі мұндай мінез тек жақсы әйелдің бойынан ғана табылатындығы ақиқат. Сондай-ақ мұндай әрекет, күйеуінің әйеліне деген сүйіспеншілігін арттыра түсері анық.

 

Қатысушылар тарапынан берілген тапсырманы нақты орындап, кейін маманмен талқылау орын алды. «Өңірлердегі түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасын Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қамқорлығымен «Ақниет» АНОО» ҚҚ іске асыруда.