Астана қаласы,
Қабанбай батыр к-сі,
«Радуга» тұрғын үй кешені, 5/1

info@aqniet.com

«Ақниет» ҚҚ теологы Павлодар облысындағы «АП-162/3» түзету мекемесінде дәріс оқыды

«Өңірлерде түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасы шеңберінде Павлодар облысындағы «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» ҚҚ өкілдігінің теолог-консультанты Бейсенбин Ербол Касенұлы «АП-162/3» РММ-де қылмыстық жазасын өтеп жатқан сотталған діндарлар үшін «Мұсылман әдебi және қарым - қатынас» тақырыбында ұжымдық теологиялық сабақ өткізді.

 

Алла Тағалаға қатысты әдептер - әдептердің төресі. Жаратушымен әдеп дұрысталмаса өзге әдептер шикі болып келеді. Бұл басқалармен болатын әдептің дұрысталуының кепілі. Жаратушыға қатысты бiрiншi әдеп: Құлшылықты бір Аллаға арнау.

 

Алланың жеке хақысына байланысты әдептер жиынтығы бар. Солардың алғашқысы әрі ең маңыздысы - құлшылықтың барлық түрлерін тек қана бір Аллаға арнау. Құранда адам мен жынның жаратылуындағы негізгі мақсат құлшылық екенін көрсететін аят бар. Құлшылықтың барлық түрін Аллаға ғана арнау - дініміздің негізгі қағидасы. Онсыз оқылған намаз, тұтылған ораза, берген зекет, жасаған қажылығымызда нұқсан бар. Іргетасы әлсіз болған үйдің берекесі қашатыны секілді құлшылығының негізгі мақсатын түсінбеген жан ешқашан Алланың мейіріміне бөлене алмайды.

 

«Алла сендермен дін жайында соғыспаған және жұрттарыңнан шығармағандарға жақсылық жасауларыңа, әділдік етулеріңе тыйым салмайды. Расында, Алла әділдікті жақсы көреді» («Мумтәхинә» сүресі, 8-ші аят), деп айтылады. Ең алдымен, адамдармен араласқан кезде сіздің ниетіңіз шынайы және ізгі болуы керек, қарама-қарсы жыныспен қарым-қатынас кезінде шектен шықпау (дінімізде қарастырылған ережелерден аспау) керек.

 

«Күлімсіреу - сүннет» екенін үнемі есте сақтаңыз. Кез-келген адаммен сөйлеспей тұрып күлімсіреңіз. Бұл әңгімені жақсы бастаудың таптырмас құралы болып табылады. Үммү Дәрда (р.а.) былай дейді: «Күйеуім Әбу Дәрда бір нәрсе айтпақ болса, сөзін күлімсіреп барып бастайтын. Бір күні мен оған: – Сенің мына қылығыңды көрген ел не ойлайды? - дегенімде, ол: – Алла Елшісі (с.ғ.с.) сөйлемекші болғанда үнемі күлімсірейтін, деп жауап берген еді».

 

Даусыңыздың үнін бақылауда ұстаңыз. Дауысыңызды көтермеңіз, үніңізге назар аударыңыз, анық, бірақ жұмсақ сөйлеуге тырысыңыз. Сіздің не айтқаныңыз ғана емес, оны қалай жасағаныңыз да маңызды. Кей-кезде, адамдардың арасындағы реніш қаттырақ шыққан сөздің кесірінен пайда болатынын ұмытпаңыз.

 

Адамдардың өміріндегі жаңалықтарға қызығушылық танытыңыз. Адамдардан олардың денсаулығы мен әл-ауқаты, отбасы мен достары туралы сұраңыз, жай ғана сұрап қоймай мұқият тыңдаңыз, сол кезде олар қамқорлық пен сүйіспеншілікті сезінеді.

 

«Он бәленің тоғызы тілден» екенін ұмытпаңыз. Адамдардың қарым-қатынасы әртүрлі «тіл күнәларына» әкелуі мүмкін: басқалар туралы әңгімелер, өсек айту, жалған сөйлеу және т.б. Бұл бізді екі дүние бақытынан мақұрым қалдыруы мүмкін. Сол себепті қарым-қатынас кезінде мұқият болыңыз. Тыйым салынған нәтижеге алып келуі мүмкін нәрселерді жөнінде сұхбат құрмаңыз.

 

«Өңірлердегі түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасын Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қамқорлығымен «Ақниет» АНОО» ҚҚ іске асыруда.