Астана қаласы,
Қабанбай батыр к-сі,
«Радуга» тұрғын үй кешені, 5/1
info@aqniet.com
«Ақниет» АНОО-ның деструктивті және радикалды діни идеологияның жақтаушыларымен түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасын іске асыру шеңберінде Атырау облысы бойынша «Ақниет» орталығының теолог-маманы Мұхит Меруерт Ахметқызы Атырау қаласы «Иманғали» орталық мешітінде әйел жамағатына арналған «Денсаулық аманат» тақырыбында дәріс жүргізді.
Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемнің Раббысы Аллаға ғана лайық. Алланың ардақты Елшісі, адамзаттың ардақтысы Мұхаммедке Оның отбасы мен сахабаларына салауат-сәлемдер болсын. Алла Тағала адам баласын басқа барша жаратылыстан ерекешелендіріп, ақыл мен сана беріп, бойын тіктеп, көркем түрде жаратты. Айта берсе сөз жетпейтін көптеген артықшылықтар берді. Оның бәрін шариғат тілінде «нығмет» деп атайды. Сол нығметтердің бірі - денсаулық.
Адам баласы барында бағалай алмай, айырылып қалса таба алмайтын баға жетпес байлық та сол тәннің саулығы. Абдулла ибн Аббас, Пайғамбар (ﷺ) былай деп айтқанын жеткізеді: «Адамдардың көбі қадіріне жете бермейтін екі нығмет бар, ол - денсаулық және бос уақыт». Сондықтан да әрбір адам денсаулығы үшін Аллаға сансыз шүкір айтып, денсаулығының барында мүмкіншілікті пайдаланып, Аллаға құлшылық, адамдарға қызмет етуге талпынуы қажет. Жастық шақ және он екі мүше саулығы уақытша ғана берілген мүмкіншілік.
Өмірдің басы бала, ортасы адам,
Қартайып шал болған соң кетті шамаң.
Мақтап жүрген өмірің осы болса,
Үш ақ ауыз сөзбенен болды тәмам - деп Шәкәрім атамыз адамның үш кезеңін суреттей келе, жастық шақ адамның кемелденіп, денсаулығының мықты болатын уақыты екенін жырлаған.
Адам баласына Алладан берілген баға жетпес нығметі денсаулықты бағалаудың және оны сақтаудың бір жолы, айнала қоршаған ортамыз бен дене мүшеміздің тазалығын сақтау және ішкен-жеген тамағымыздың да тазалығын қадағалау басты міндет.
Пайғамбарымыз (ﷺ) бір хадисінде: «О, Алланың құлдары! Емделіңдер, себебі дертті жаратқан Алла оның шипасын да жаратқан. Тек кәріліктің емі жоқ» - деген хадисін ұстана отырып, қазіргі таңдағы дамып жатқан медицинаның қызметтерін, бұрыннан келе жатқан халықтың емдердің адал түрлерін, сондай-ақ Пайғамбарымыз үйреткен емдік амалдарды және де Құрандағы шипа аятары мен хадистерде келген шипалық дұғаларды пайдалана отырып емделу, денсаулықты нығайту сауапты да міндетті амал екенін біле жүрейік.
Медицинада дәлелденген сақтануға тиісті нәрселерден сақтана отырып, Пайғамбарымыздың (ﷺ) сүннеттерінде келген күнделікті іс-әрекеттерімізде жасалатын болар-болмас болып көрінген амалдарды естен шығармауымыз абзал. Мысалы, мүмкіндігінше суды, тамақты отырып ішу, дәретханада қажетсіз отырмау, іш дәрет алып жүру, әр дайым дәретпен жүруге дағдылану, тамақты шамадан тыс ішпеу, Рамазан айынан бөлек жиі сүннет оразаларды ұстау, ас алдында және кейін қол жуып, ауызды шаю, тісті тазалау тағы басқа да Пайғамбардан қалған пайдалы кеңестерге көңіл бөлу қажет.
Әбу Һурайра (р.а.): «Күшті мұсылман әлсіз мұсылманға қарағанда жақсырақ, әрі Аллаға ұнамдырақ. Бірақ, екеуінде де қайыр бар. Өзіңе пайдалы дүниеге ұмтыл, Алладан жәрдем сұра, дәрменсіздік танытпа. Бір жағдайға тап бола қалсаң, «Егер мен былай істегенде былайша - былайша болар еді» деп айтпа. Алайда: «Алла Тағала жазды, Оның қалауы болды», деп айт. Өйткені, «егер» деген сөз шайтанға жол ашады», деген хадисті риуаят етеді.
Қазіргі таңдағы елімізде түрлі медициналық орталықтар, зерттеу институттары көпбеп ашылуда. Ана мен бала денсаулығы мен өмірін сақтау орталықтары, жүрек орталықтары т.б. сонымен қатар, заманауи медициналық құрал-жабдықтар. Мұның барлығы сіз бен біздің денсаулығымыз бен өмірімізді жақсарту үшін жасалуда.
Хадисте айтылғандай: «...ауру келмей жатып, денсаулықтың қадірін біл...»,-дегендей Алла Тағаланың берген денсаулығын қадіріне жетейік. Қадірін білу бұл денсаулықты тиісті орнына жұмсау. Құлшылық ету, білім алу және қоғамда пайда тигізу сияқты. Алла Тағала бізге тәрбие беріп, түн ұйқысын төрт бөлген ата-анамызға және өсіріп отырған ұл-қыздарымызға зор денсаулық бергей!
«Өңірлердегі түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасын Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қамқорлығымен «Ақниет» АНОО» ҚҚ іске асыруда.