Астана қаласы,
Қабанбай батыр к-сі,
«Радуга» тұрғын үй кешені, 5/1

info@aqniet.com

«Ақниет» ҚҚ өкілі мұсылмандар арасындағы алауыздықтың себептерін талқылады

«Өңірлерде түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» жобасы шеңберінде Шымкент қаласындағы «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» ҚҚ өкілдігінің басшысы Оспанов Дәлелхан Қоңырбайұлы «Ислам әлеміндегі алауыздықтың себептері мен шешу жолдары» тақырыбында діндар адамдармен жеке сұхбат өткізді.

 

Қазіргі таңда тек Ислам әлемі ғана емес, жер беті түрлі алауыздық пен талас-тартыс, теке-тірестердің ордасына айналғандай. Мұның бір ғана емес, бірнеше себептері бар. Мұның қатарына саяси, экономикалық, әлеуметтік, қоғамдық, діни себептерді жатқызуға болады. Осы өзекті мәселенің негізінде түрлі мақсат-мүдделер мен бірқатар факторлардың орын алатынын айтпаса да түсінікті. Десек те, аталмыш мақаламызда үлкен мәселеге айналып отырған діни экстремизм, мұсылмандар арасындағы алауыздық пен қақтығыстардың себептері мен шешу жолдарына тоқталып өтпекпіз.

 

Жалпы дінде экстремизм бола ма? - делінген сияқты мәселелерде ғылыми пікір-талас жүруде. Әсіресе әлеуметтік ғылымдар мен теология ғылымы арасында туындауда. Кейбір ғалымдар дінде ешқандай экстремизм болмайды деген ойды, ал басқа ғалымдар діни экстремизм құбылысы бар деген тұжырымды қолдайды. Бір ғалымдар экстремизмді дінмен байланыстырғысы келеді.

 

Сонымен діни экстремизм дегеніміз не? Оның құқықтық табиғаты қандай? Діни экстремизм деген сөзді қолдану қисынды ма? Төменде келтірілген аргументтер жалпы шынайы дінде экстремизм болмайтындығын дәлелдейді. Тек кейбір адамдардың немесе діни-саяси, террористік-экстремистік қылмыстық ұйымдардың әр түрлі себептерге байланысты қолдан жасаған «дінсымақ» ұйымдары бар екендігі шындық. Терроризм, сепаратизм, экстремизм, діни экстремизм, радикализм сияқты жалпы әлемге, қоғамға, мемлекетке қауіп төндіретін құбылыстар осындай ұйымдардан шығатындығы рас.

 

Діни экстремизмнің құқықтық табиғаты дегеніміз, шынайы діннің өзіндік негізінен шықпайды, тек өзінің діни сенімі мен әрекетін дұрыс дейтін, дінге тән қағидаларды ұстанбайтын, көрсоқыр сенімнің жетегінен шыға алмайтын, әсірешіл, өз эмоциясын ұстай алмайтын, бір псевдодіни ұйымның мүшелері болып табылады.

 

Енді қазіргі таңда неліктен діни экстремизм, терроризм, діни алауыздық, фанатизм сияқты терминдер көбінесе Ислам дініне таңылып жатыр. Әрине бұндай айыптаулар ислам әлеміне үлкен сын. Сонымен талқылап көрейік. Ия, ислам әлемі замана көшіне ілесе алмай артта қалғандығы ащы болса да ақиқат. Кезінде барша әлемге жарығын шашып, ғылым мен білімнің дәнін еккен мұсылмандардың қазіргі күнгі аянышты халге түсуінің өзіндік себептері бар. Бұл өз кезегінде, мәселенің төркіні дінде еместігін айқын көрсетеді. Ендеше кінә дінде болмаса, мұсылмандар неге мұншалықты күйге түсті?

 

Ислам бейбітшілікке, білімге, мейрімділікке, адалдыққа, қиянат жасамауға, жақсы амалдарға т.б. үгіттейтіні хақ. Алайда біз осы құндылықтарды қаншалықты іске асырып отырмыз (Ислам әлемі бойынша). Байқасақ Ислам әлемі «білім» мен «мейрімділіктен» алшақтап бара жатқандай. Қоғамда білім мен мейрімділік жоғалатын болса, түбі неге апаратынын қазірден бастап болжамдауға болады. Әрине «бүлікке»!

 

2017 жылы қыркүйек айында Астанада өткен «Ислам ынтымақтастық» форумында Ислам әлеміндегі «білім» мәселесі көңіл көншітпейтіні тағыда айтылды. Президенттер қатысқан бұл жиында мұсылмандар жайлы адам айтуға ауыз бармайтын, масқара көрсеткіш айтылды. Ислам әлемінің 55 пайызы оқу-жазуды білмейді. Бұл дегеніміз біржарым миллиард мұсылманның ішінен сегіз жүз миллион адам оқу-жазуды білмейді деген сөз. Білмейтін адамды басқару оңайырақ екені шындық. Ондай адамдар түптің түбінде қылмысқа, бұзақылыққа бейім болады немесе ондай адамдарды біреулер пайдаланады (бүлікке, экстремистке т.б.) Қазір Ислам әлемінің жағдайы нені көрсетіп тұр. Ойлана беріңіздер.

 

Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев: «Қол ұстасып Құдайға - ғылым мен дін бірге бар»! деп, дін мен ғылымды қатар қойып, Аллаға дінмен, ал, дінге ғылыммен ғана жақындай алуға болатындығын дөп басып берген. Бұның философиясы - ғылым мен білімнің жолымен ғана өркендеген дін – тура әрі баянды болмақ. Мұның нәтижесі де көңілге демеу береді. Өйткені ғылым мен білім адамзатты жарыққа қарай жетелейді.

 

Құран адамзатты бір мәселеде қақ екіге бөледі. Ұлтқа, байлыққа байланысты бөлмейді. Тек, білім мәселесінде бөлген. Білімді және білімсіз. Зумәр сүресінің 9-аятында «Білетіндер мен білмейтіндер тең бола ма?» - дейді. Ендеше, білімсіздік пен білімнің нәтижесіне қысқаша тоқталып өтейік:

 

Білімсіздік + кедейлік = қылмыс,

Білімсіздік + байлық = бұзақылық, 

Білімсіздік + еркіндік = анархия,

Білімсіздік + билік = диктатура, 

Білімсіздік + діндарлық = экстремизм. 

Ал енді білімсіздіктің орнына білімді қойып, нәтижесін көрелік: 

Білім + кедейлік = қанағат,

Білім + байлық = шығармашылық, 

Білім + еркіндік = бақыт,

Білім + билік = әділдік, 

Білім + діндарлық = тура жол. 

 

Яғни білімсіз қоғам әрзаман білімдіге тәуелді. Осы тұрғыдан ислам әлемінде білім деңгейін саралай беріңіздер. Қарапайым мысал Ислам әлемі бойынша «бренд» өніміміз жоқтың қасы.

 

Екінші меселе, жалпы ислам әлемінде «мейрімділіктің» жарығы бірте-бірте сөніп жатыр. Себеп, Пайғамбарымыздың (ﷺ) «Иман етпейінше жәннатқа кіре алмайсыңдар, бір-бірлеріңе мейірім етпейінше, иман еткен болып саналмайсыңдар» деген хадисі өз деңгейінде атқарылмай жатыр. Керісінше, сенімге, ұлтқа байланысты бөлініп, бір-бірімізге бидғатшы, кәпір, адасқан, мүшрик, араб, түрік, парсы деп жеккөруді үйреніп жатырмыз. Бір-бірімізге деген мейрімділік, достық, бірлік деген сезімдерімізді аяққа таптап, тұншықтырып келеміз. Нәтижесінде мейрімділік кеткен жерде имандылық кетеді, имандылық кеткен жерде бүлік, алауыздық пен қақтығыс орын алады. Нәтижесінде Ислам әлеміндегі жағдайдың қандай болатыны айтпаса да түсінікті.

 

Қоғам халі аталмыш жағдайға жетіп тұрса, онда елді, дұрысы тұтас үмметті бөліп, мұсылман елдері арасына «қан құйлы» соғыс өртін тұтату екені аян. Көріп жатқанымыздай кейбір азаматтар ғылым мен білімге бойламай немесе мәселенің соңы мен салдарын ойламай, саяси тапсырыс аясындағы «діни көрсоқырлық» шекпенін киген фитна-бүлікті уағыздап жатса, оның түбі неге апаратындығынан бейхабар. Яғни, дін мен білімсіздіктің нәтижесінде туындаған таассуб (көрсоқыр сенушілік) үрдісі бастау алса, соңы  бүлікке апарары хақ.

 

Жығылғанға жұдырық демекші тағы бір проблеманың қарсы алдында тұрмыз. Ол, ақпарат алудың мәдениетін қалыптастыра алмауымыз. Эмоцияға бой алдандырып, қадамымызды нақты баса алмай келеміз. Салдарынан опық жеп жатамыз. Жалпы ХХІ ғасырда ақпарат кеңістігі тез дамып, әлемнің түкпір-түкпірінен болып жатқан оқиғаларды сол мезетте біліп отыратындай жағдайға жеттік. Бұл заманда ақпарат көп, бірақ қоғамның қабылдайтын ақпараты қай дәрежеде?

 

Қазір бір пікірді қабылдатқызу үшін, бір затты өткізу үшін неше түрлі айла-тәсілдерді ойлап тауып қойған заман. Қоғамға бір ақпарат жіберілген кезде бірінші соққы ақылға емес, сезімге жасалады. Себеп, пікірді қабылдатқызудың, затты өткізудің ең тиімді жолы «сезім» болып тұр. Мұны әр сала жеке бастың пайдасына қарай қолданып әлек болуда. Мысалы, жарнамалардағы ақпараттар. Жүз мың теңгелік ұялы телефонды тоқсан тоғыз мың тоғыз жүз тоқсан теңге деп жарнамалап жатыр. Неге? Өйткені ақпарат ақылға қарай бағытталып тұрған жоқ, сезімімізбен ойнап отыр. Сол тауардың жарнамасындағы баға бізге арзан сияқты болып көрінуі. «Арзан сияқты» қиялмен барып сол өнімді аламыз.

 

Негізінде төленген ақша сол жүз мың теңгеге бірақ барады. Сол сияқты діни ақпараттар да көбінесе сезімге бағытталады. Ол ақпарат адамды жылатуы мүмкін, шабыттандыруы мүмкін. Дінді тек сезімге беріліп қабылдайтын болсақ «таассуптан» (көрсоқыр сенім) ары аса алмайтынымыз анық. Нәтижесінде «отан» ұғымын түсінбейтін, тудың құндылығын сезіне алмайтын, ширк, бидғат деп туыстардан ажырайтын, жиһад деп Сирияға кетіп қалатын мәңгүрт тобырлардан басқа не шығуы мүмкін? Бұл жерде мына проблема бар. Алған ақпаратты електен өткізбейміз, ізденбейміз, салыстырмаймыз, сұрамаймыз. Құранда: «Әй мүміндер! Бұзық біреу хабар келтірсе, оны анықтаңдар. Әйтпесе білмей бір елге кесірлерің тиіп, істегендеріңе өкінесіңдер» - дейді (Хужурат сүресі 6 аят).

 

Сондықтан қандайда бір пікірді, ақпаратты алмастан бұрын алдымен оқиық, сұрайық, салыстырайық, анық-қанығына жетейік содан кейін нақты шешімімізді қабылдайық. Осылайша ақпарат алудың мәдениетін де қалыптастырған боламыз. Жоғарыда айтылғандай қоғамда ғылым, білім, сауаттылық қаншалықты жоғары болса, діни алауыздықта соншалықты төмен болатыны талассыз. Сіз не дейсіз?

 

«Өңірлердегі түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасын Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қамқорлығымен «Ақниет» АНОО» ҚҚ іске асыруда.