Астана қаласы,
Қабанбай батыр к-сі,
«Радуга» тұрғын үй кешені, 5/1
info@aqniet.com
«Өңірлерде түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасы шеңберінде «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» ҚҚ жетекші теологы Рахымжан Сағынай Қабдулуахитұлы «Қарашаңырақ» ҚБ балалар мекемелерінің басшылығы және мамандары үшін ұйымдастырған «Отан отбасынан басталады» оқыту семинарының жұмысына қатысты. Сағынай-қажы сөйлеген сөздерінде балалардың негізгі тұлғалық ерекшеліктері отбасында қалыптасатынын айтты. Сондықтан бұл бала үшін жағымды үлгі болуы керек отбасы. Бұл ретте балаларға, ең алдымен, қазақ халқының мәдени-ұлттық дәстүрлерін сіңіру жолымен олардың өзіндік бірегейлік сезімін тәрбиелеуге баса назар аудару қажет.
Біз аталған семинар жұмысына арналған жарияланымның көшірмесін жасаймыз.
ОТАН ОТБАСЫНАН БАСТАЛАДЫ
Бүгін «Қарашаңырақ» ҚБ өкілдері елордамыздың бірнеше балабақшасы меңгерушілерімен, әдіскерлерімен кездесіп, «Отан отбасынан басталады» тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатысты.
Дөңгелек үстел барысында этнолог Тұрар Сәттарқызы бірлестіктің мақсатымен таныстырып өтті, «Әр отбасы - мемлекеттің бір бөлшегі. Отбасындағы келеңсіздіктер мемлекеттің дамуына да кері әсер етеді. Сондықтан отбасылық құндылықтарды насихаттап, отбасылық институттың мәртебесін көтеру керек», - дей келе, бүгінгі ұрпақты ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын толық кемелді, ұлтжанды тұлға етіп тәрбиелеуге қоғам болып атсалысудың маңызын атап өтті.
Одан кейін «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» ҚҚ жетекші теологы Сағынай Қабдулуахитұлы сөз алып, отбасындағы әкенің рөліне тоқталды. «Материалдық құндылықтың рухани құндылықтан жоғары қою әке беделінің оның тапқан табысымен айқындалуына әкеп соқты. Түп-тамырдан, ұлттық тәрбиеден ажырамау керек.
Әсіресе, ер бала тәрбиесінде әкенің тысқары қалмағаны жөн. Бала - ата-ананың айнасы. Сондықтан, кінәны басқадан, қоғамнан іздей бермейік, отбасының берекесі өз қолымызда. «Адам баласы ұрпағымен мың жасайды» деген дана халқым. Олай болса, артымызда салиқалы ұрпақ қалдырып, мың жасаудың қамын ойлайық», - деп сөзін қорытындылады.
Дөңгелек үстелдің тағы бір қонағы балаларға арналған «Айтшы, әжетай» журналының бас редакторы Сандуғаш Болатқанқызы рухани толысудың таптырмас құралы, ақыл-ойдың алтын сандығы кітап туралы ойын ортаға салды. Баланы кітап оқуға ынталандыруда ата-ана өнегесінің өлшеусіз екенін, сондай-ақ кітап оқу мәдениетін қалыптастыруда балалар басылымдарының маңызы зор екенін атап өтті.
№46 «Самал» балабақша меңгерушісі Балауса Төлеуғалиқызы білім берудегі инновациялар жөніндегі Түркияда өткен семинар туралы ой бөлісіп, мектепке дейінгі мекемелердің тәжірибесіне оқыту мен тәрбиелеудің қандай заманауи технологиясы енгізіліп жатса да, бастауында ұлттық тәрбиенің тұруы керек деп түйіндеді.
Елордамыздағы мектепке дейінгі мекемелердің ішінде рухани құндылық, салт-дәстүрге қатысты әдістемелік жұмысты жандандырып жүрген №75 балабақша меңгерушісі Айман Нұрсейітқызы да өз тәжірибесін ортаға салды.
Осыған орай мектепке дейінгі мекемелердің тәжірибесіне оқыту мен тәрбиелеудің әртүрлі технологиялары енгізілуде. Мәселен, ынтымақтастық педагогикасы, білім беруді ізгілендіру, ойын арқылы оқыту, түсіндіре басқарып оза оқыту, өздігінен оқыту, сын тұрғысынан ойлауды дамыту, оқытудың компьютерлік технологиясы, психологиялық, педагогикалық әдістемелік білімді, педагогикалық шеберлікті, балалардың жан-дүниесіне терең үңіліп оны ұғына білуді талап етеді.
№86 «Зияткер» балабақшасының меңгерушісі Нұрқабылова Алмагүл Жеткергенқызы әріптестері атынан келелі кездесуді ұйымдастыруға мұрындық болған Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының мектепке дейінгі білім беру бөлімінің басшысы Ережепова Айгүл Қайратқызына алғыс білдіре отырып, «Рухани жаңғыру» жобасы аясында ұлттық құндылыққа, оның ішінде отбасылық тәрбиеге негізделген білім беру бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде әңгімелеп берді.
Сонымен бірге, алдағы уақытта да «Қарашаңырақ» қоғамдық бірлестігімен бірлесе жұмыс істеуге мүдделі екенін айта келе, балабақшадағы шағын кездесу үлкен бастамаларға жол ашсын деген тілегін білдірді.
https://www.facebook.com/307557049997058/posts/676776603075099/?d=n
«Өңірлерде түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасын Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қамқорлығымен «Ақниет» АНОО» ҚҚ іске асыруда.