Астана қаласы,
Қабанбай батыр к-сі,
«Радуга» тұрғын үй кешені, 5/1

info@aqniet.com

«Ақниет» ҚҚ өкілі полиция қызметкерлеріне дәріс оқыды

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» қоғамдық қорының Маңғыстау облысы бойынша теолог-кеңесшісі Тыныштықов Асланбек Сағынайұлы ҚР көліктегі полиция департаментінің Маңғыстау станциясындағы желілік полиция бөліміне барып, жеке құрамға арналған «Қоғамдық қауіпсіздік және діни теріс идеологияларға қарсылық» атты тақырыпта лекция оқыды.

Мемлекеттік мекеменің қызметкерлеріне келелі кездесуді ұйымдастырудың басты мақсаты қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке тікелей жауапты азаматтардың діни теріс идеологияларға қарсы тұрудағы біліктіліктерін арттыру. Сонымен қатар әртүрлі ағымдардан жұғуы мүмкін болған вирустарға тойтарыс берудің алғы шарттарын үйрету. Әрі қарсы тарапқа контраргументтерді айтудың әдістемелік тәсілдерін баяндау еді.

Қоғамдық тәртіптің сақшыларына адамның құқығы мен ар-ожданы, сенімі мен сезімі зайырлық принциптердің негізінде қорғалатындығын айту көзделді. Осыған орай, топтық басқосу желілік полиция мекемесінің бөлім бастығының орынбасары, полиция капитаны Умарбаев Асхат Аманбаевичтің кіріспе сөзімен басталды. Ол қызметкерлерге мұндай кездесуді өңірде өткізудің мақсаты мен мәні туралы айтып, қоғам мен мемлекет алдындағы жауапкершілікті мінсіз атқаруды қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ тыңдаушыларға теологты таныстырып, өзара ықпалдастық пен кері байланыс орнату арқылы шарада белсенділік танытып және айтарлықтай өтуіне ат салысуға шақырды.

Осылайша, маман тарапынан қатысушыларға теологиялық оңалту жұмыстары жөнінде жалпы ұғым беріліп, «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығының облыс көлемінде жүргізіп жатқан жұмыстарынан хабардар қылды. Әсіресе, Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті, елбасының тікелей тапсырмасымен тарихи маңызы бар «Жусан» гуманитарлық операциясының іске асырылғандығы қайталанбас ерлік әрі еңбек екендігі тыңдаушыларға жан-жақты жеткізілді. Сонымен бірге діни жатжұрттық керітартпа идеологияларға қарсы тұрудағы иммунитетті қалыптастырудың әуелгі шарттары мен қажеттілігі жайында кеңінен түсіндірілді. Яки, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз қылудағы қызметкерлердің негізгі рөлі төңірегінде тарқатып айтылды. Осыған қоса, теміржол мен әуе қатынасының көмегін пайдаланып, заңсыз шетел асуға бел байлағандардың және түрлі жарылғыш заттар мен діни мазмұндағы бұрыс материалдарды (флешка, кітаптар мен бүктемелер және ауди-видео таспалар) таратушылардың жолын кесу отан алдындағы абыройлы міндет екендігі жиналғандардың естеріне салынды.

Іс-шара барысында KazIslam.kz ақпараттық танымдық порталы тарапынан дайындалған «Абақтыға арбаған әке» атты бейнематериал кездесуге қатысушыларға көрсететілді. Тәжірибелі теолог тағдырларын экстремизм және терроризммен табыстырып, тоғыстырғандардың темір торға тоғытылатындықтарын тыңдаушыларға түсіндірді. Сондай-ақ мұндай жағдайлардың болашақта болмауы үшін, кемел келешек жолында бір ұлттай ұйысудың және лаңкестіктің барлық түрлеріне қарсы күш біріктірудің қажеттілігі ұқтырылды. Спикер лекция соңында қызметкерлердің ойларын ортаға салуларын сұрап, екі жақты пікір алмасу болды. Нәтижесінде, қызметкерлердің тарапынан қойылған көкейкесті сауалдардың барлығына бірдей жауап берілді. Мекеме басшылығы келер күндері бірлескен іс-шараларды ынтымақтастықпен ұйымдастыруға уағдаласты.

«Өңірлердегі түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасын Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қамқорлығымен «Ақниет» АНОО» ҚҚ іске асыруда.