Астана қаласы,
Қабанбай батыр к-сі,
«Радуга» тұрғын үй кешені, 5/1

info@aqniet.com

«Ақниет» ҚҚ өкілі сотталғандар үшін теологиялық сабақ өткізді

Павлодар облысындағы «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» ҚҚ өкілдігінің басшысы Касенов Есбол Айтмұханбекұлы «Өңірлерде түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасын іске асыру шеңберінде «АП-162/2 мекемесі» РММ қылмыстық жазасын өтеп жатқан сенуші сотталғандармен «Тағдырға, қиындықтарға сабыр» тақырыбында ұжымдық теологиялық сабақ өткізді.

 

Өмірдің тәттісімен қоса ашысы, қызығымен қоса қайғысы да бар. Басқа қиындық туғанда «Қылша мойным - талша» деген күйі жүректегі иман нұрымен бойдағы бар күш-қуатты жиып, сабыр сақтап, тағдырға налымау - иман кемелдігінің белгісі. «Жазмыштан озмыш жоқ» демекші, тағдырдың ауыр сынын да ризашылықпен қабылдау керек.

 

Ауыр сынға сабыр ете білудің қандай болатындығын Пайғамбарымыз үйреткен. Хаттаби бұл жайлы: «Діни тұрғыдан мақталған сабыр - тосыннан тап болған қиындыққа көрсетілген ең алғашқы сабыр. Одан кейінгісі сабырға жатпайды. Өйткені, белгілі бір уақыт өткеннен кейін қандай қиындық болмасын сөзсіз ұмытылады. Адам қиындықты еңсеруімен емес, керісінше сол қиындыққа ұшыраған сәттегі ұстамдылығы мен сабырлылығының арқасында сауапқа ие болады» дейді.

 

Өмірдегі сынақ әр түрлі. Алла құлдарына ауру-сырқау беріп те сынайды. Егер кісі сырқатқа шалдыққан кезде тағдырға налудың орнына, қайта шүкіршілік етіп, ел-жұртқа шағым айтып арызданбай шыдамдылық көрсете білсе, оның әр сағаты бір күндік ғибадат сауабына теңеліп, өмірі де берекетке кенелмек.

 

Сабыр жайлы төмендегі сөздер хазірет Әлиге тән: «Адам денесінде бастың орны қандай болса, иман тұрғысынан алғанда сабырдың орны да дәл сондай». Сабырдың ауырлығымен қоса оның артықшылығы жайлы «Сабырдың уын жұтымдап ішіп, оны бойыңа сіңір. Егер сабыр сені өлтірсе шейіт боласың, егер аман қалсаң ұлық боп өмір сүресің» делінеді.

 

Яғни, басқа келген қиындыққа барынша төзіп, сабырлық танытып тағдырға ризашылығын білдірсе, кісі шейіт болады, ал ол қиындық өтіп орнына жақсылық келген жағдайда, Жаратушының алдында мол сыйға бөленіп, мақталған құлдардың қатарынан орын алады. «Ең көркем сабырмен сабырлық көрсет» деп «Маариж» сүресінің 5-аятында, ұлық сабыр - қандай да бір апатқа, қиындыққа тап болған адамға айтылған.

 

«Өңірлерде түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасын Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қамқорлығымен «Ақниет» АНОО» ҚҚ іске асыруда.