Астана қаласы,
Қабанбай батыр к-сі,
«Радуга» тұрғын үй кешені, 5/1

info@aqniet.com

«Ақниет» ҚҚ өкілі Шымкент қаласы Дін істері басқармасының семинарында сөз сөйледі

«Өңірлердегі түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасы шеңберінде «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» ҚҚ Шымкент қаласындағы өкілдігінің жетекшісі Оспанов Дәлелхан Қоңырбайұлы Шымкент қаласының ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері үшін біліктілікті арттыру семинарына қатысты. Іс-шара Шымкент қаласы Дін істері басқармасының қолдауымен өтті.

 

Семинарда Дәлелхан Оспанов «Терроризм, экстремизм және теріс діни ағымдардың таралуының алдын алу» тақырыбында дәріс тезистерімен сөз сөйледі.

 

Қазақ сан ғасырлар бойы ауыр да тауқыметі мол талайлы тағдырды басынан кешірді. Жұбан атамыз айтқандай «мың өліп, мың тірілген» қазақ қаншама қиын істерді де басынан өткізді. Сонда да еңсемізді көтеріп, елімізді тіктей алдық. Мұның бәрі бойымыздағы елдік санамыздың берік, ауызбіршілігіміздің мығым екеніндігін көрсетеді.

 

Қазақстан 130-дан астам ұлыстарды, түрлі сенім өкілдерін біріктіріп отыр. Елбасымыздың негізгі саясаты - әлем діндерінің  бейбіт өмір сүруі, олардың келісімі. Оның айғағы дәстүрлі діндердің  елімізде бас қосуы. Біздің қоғамымызда орын алып жатқан дінге қатысты келеңсіз жағдайлар дін атын жамылған дәстүрлі емес ағымдардан туындап отырғаны белгілі.

 

Қазіргі таңда әрбір отбасы өз жанұясына жауапкершілікпен қарамаса, бірін-бірі сақтандырмаса бірлігімізге зиянын тигізер жалған ағымдардың бар екені ол шындық. Бұл ағымдардың көздегені қазақты бөлу, ұлттық әдет - ғұрып, салт - дәстүрінен жеріндіріп, мәдениетінен айыру болмақ. Осыған орай өмірлік тәжірибесі мен ислам ілімі, діні жайында мағлұматы аз кейбір азаматтар әлгі айтылған ұлттық әдет - ғұрып, салт - сана, дәстүр ұғымдарын исламға, мұсылманшылыққа қатысы жоқ мәселе деп теріс түсіндіруге пейіл жаусақ пенделердің жаңсақ та аса зиянды пікірлеріне иланып, сеніп қалуы мүмкін екендігін ескергенді жөн санаймыз.

 

Мақсатымыз Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны, Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру арқылы дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету және қоғамның салауатты да сауатты өмір салтын қамдап діни сауатын ашу, елдің, мемлекеттің ынтымағына, тұтастығына жұмыс істейтін отаншылдық ішкі сүзгіні қалыпқа келтіру.

 

Діни сауатсыздықтың кесірінен деструктивті діни ағымдардың жетегіндегі азаматтармен жеке-жеке кездесулер ұйымдастырып, теологиялық және психологиялық түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында арнайы оңалту орталықтары ашылып жұмыс жасап жатыр.

 

Жеке кездесулер барысында Қ.Р. қылмыстық кодексте көрсетілген 174/1 (діни алауыздық), 256 (экстремизмге насихаттау) бабы бойынша сотталғандар туралы ескерту ақпараттар берілуде. ҚМДБ-сын басшылыққа алу.

 

Кездесулерде сондай-ақ «Жусан» операциясы арқылы елге оралғандарды қамтып, олармен Сирия, Ирак елдеріндегі діни фанатизмнің жетегінде жүрген содырлардың іс-әрекеттері ешқандай да жиһад емес екендігі туралы, тікелей Құран және сүннетпен жүруге қарапайым мұсылманның білімі жетпейді, сондықтан мәзһаб ұстану керектігі туралы, адамдарды діни негізде бөліп қоғамның бірлігіне жік салуға болмайтындығы, Ислам дінінің тек қана мейірімділікке шақыратындығы, такфир идеологиясының дұрыс еместігі, намаз оқымайтын мұсылманды кәпір деуге болмайтындығы туралы хадистерден қуатты дәлелдер келтіріліп теологиялық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Оған қоса Қазақстандық дәстүрлі құндылықтарға бейімдеу мақсатында мәдени танымдық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Іс-шаралар және түсіндіру нәтижесінде дәстүрлі құндылықтарға бейімделген азаматшалар да баршылық.

 

Біздің басты мақсатымыз - азаматтардың бойында радикалдық идеологияларға қарсы тұра алатын иммунитетті қалыптастырып, діни ахуалды бақылауда ұстау және терроризмге қарсы күрес комиссиясының жұмысы арқылы бақылау талаптарын күшейтіп, діни мәселелердің оң шешімін табуына ықпал ету. Бұл бағытта біздің «Ақниет» орталығы барлық құзырлы органдармен бірлесе еңбектенуде.

 

Адам баласының асыл құндылықтарының бірі - бейбітшілік десек, сол бейбітшілікті мәңгілікке ту етіп, әмәндә тыныштықта өмір сүруді кім армандамады дейсіз?! Кезінде бар қазақтың айбарлы ханы Абылайдың өзін жегідей жеген үш бірдей арманы болғаны екен. Ел аузында азулы жырау Бұхар Қалқаманұлы Абылай ханның ақтық сәтінде: «Оу, Хан ием, не арманыңыз бар?» деп сұрапты. Сондағы Абылай ханның жауабы: «Ее, үш арманым бар еді. Біріншісі сол, елімді бейбіт өмірге жеткізсем деп едім. Қан көп төгілді. Ал екіншісі, халық жер емшегін еме алмады, қала, кент сала алмады. Үшіншісі болса, елімнің басын біріктіре алмадым», - депті.

 

Тегінде «арманы асқақтың, мұраты асыл» болса керекті. Осындайда ата-бабаларымыздың «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бейбіт бір замананы, мамыражай бір бейбітшілікті текке армандамапты-ау деген ойға қаласың. Сондықтан жер бетіндегі бүтін бір халық, көптеген ұлт пен сан мыңдаған ел соғыс атаулының қай-қайсысын да, бұзақылық біткеннің түп-түгелін, зор бүліншілікті мүлдем қаламайды, тіпті қолдамайды да.

 

Сондықтан мұсылман баласы қандайда бір түйткілді мәселені аттандап, құр айқаймен шешпеуге тиіс. Парасаттылыққа, түсіністікке, сондай-ақ ғылымға сүйенген ағартушылық бұл кез келген дерттің емі. Бір жақты ойлау, астамшылдық жасап артық кету бұл шынайы ғылымның жолы емес.

 

Өзін ақтап, ұстанымын жақтау үшін өзі секілді ойламайтындардың бәрін түрлі жолмен қаралап, тілін былапыт сөздермен былғау, жеке басының мәселелерін араластыру мұсылманшылыққа жат. Ондай жолдың пайдасынан зияны басым. Ендеше, ең әуелі тақырыпты жан жақты зерттеп, зерделеу арқылы халыққа мәселенің мәнісін ашып көрсетуіміз ләзім. Сонда әлгіндей бауырларымыз ойланар. Ең болмаса, олардың да өзіндік шариғи дәлелдері бар екен деп астамшылдықтан қайтар деген үміттеміз.

 

«Өңірлердегі түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасын Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қамқорлығымен «Ақниет» АНОО» ҚҚ іске асыруда.