Астана қаласы,
Қабанбай батыр к-сі,
«Радуга» тұрғын үй кешені, 5/1

info@aqniet.com

«Ақниет»АНОО» ҚҚ теолог-кеңесшілері Дін жолында жүрген, сотталған азаматтарға дәріс оқыды»

«Ақниет»  ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» қоғамдық қорының Жамбыл облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен жалпы режимдегі колония (Тараз қ.) № 158/2 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан  сотталғандармен «Қазақтардың шынайы ақидасы» атты тақырыбында топтық кездесу өткізілді.

 

Кездесу барысында «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» қоғамдық қорының Жамбыл облысы бойынша өкілі Зунинқожа Зұлқарнайн Бұрханұлы Исламды жақсы білмейтіндерге айта кететін жайт, біздің дінімізде фиқһ және ақида деген ғылымдар бар. Фиқһ ғылымы намаз оқу, қажылық жасау, зекет беру, ораза ұстау т.б. секілді құлшылық мәселелерімен, сондай-ақ, харам және хәләл мәселелерімен айналысады.

 

Қазақ халқы фиқһта бастапқы заманда Исламның көрнекті ғұламаларының бірі негізін салған діни құқықтық мектепті, яғни, Әбу Ханифаның мәзһабын ұстанған. Ақидада қазақ халқы имам Матуридиге ерген, өйткені, көптеген ханафиттер соның мектебіне ерген. Мұның себебі, имам Матуриди имам Әбу Ханифаның сенімдерін бір жүйеге келтіріп, сол сенімдерді пікірталастарда қорғап шыққан.

 

Жалпы алғанда, ақида саласындағы сүнниттік ілімде екі мектеп бар: имам Матуридидің мектебі – матуриди және имам Әшғаридің мектебі - әшғари. Негізгі мәселелердің барлығында бұл екі мектептің сенімдері бірдей, алайда, кейбір мәселелерде олардың арасында айырмашылықтар бар. Соған қарамастан, аталмыш екі мектептің ешқайсысы бір-бірін адасушы деп санамайды. Ол екеуінің арасындағы келіспеушіліктердің бәріне Шариғат тұрғысынан рұқсат етіледі.

 

Екі сүнниттік мектептің арасындағы болар-болмас айырмашылықтардың бірі мынада: әшғари ақидасында Алланың әрбір мұсылман білуі тиіс жеті субути-сыфаты (мағыналық сыфат – сипат, атрибут) айтылады. Ал, матуриди ақидасында ондай сипаттың сегізі бар: сегізіншісі – Әт-Тәкуин (Жарату) сипаты, оны матуридиттерден басқа ешкім қолданбайды. Шындығында, сипаттардың саны бұдан да көп, бірақ, қазір субути сипаттар туралы сөз болып отыр. Ал, олардың саны екі мектепте екі түрлі.

 

Сүнниттік мектептердің арасындағы аталмыш айырмашылықтар көңілге қонымды әрі оларға рұқсат етіледі. Ал, сүнниттік мектептер мен сәләфиттердің арасындағы айырмашылықтар көңілге қонымсыз және оларға рұқсат етілмейді. Мәселен, екі сүнниттік мектепке сәйкес, Аллаға кеңістікте орын алу тән емес. Өйткені, сол кеңістікті жаратқан – Алла, Ол Өзі соны жаратқаннан кейін өзгерген жоқ. Себебі, өзгеру тек қана жаратылыстарға тән қасиет, Жаратушыға тән емес. Осылайша, Алла кеңістікті жаратқанға дейін қандай болса, сол қалпында қалды. Алланың мекенсіз екенін араб тілінде «лә мәкән» – яғни, «мекенсіз» деген сөзбен сипаттауға болады.

 

Осылайша, Алла мекенді жаратпас бұрын мекенсіз болғаны секілді, Ол мекенді иемденуден және уақытқа тәуелді болудан пәк. Себебі, мекен мен уақыт – жаратылыстың категориялары. Сүнниттер тура мағынасы кеңістіктегі мекенді немесе жаратылыстармен басқа да ұқсастықтарды білдіретін Құран аяттары мен хадистерді аса қажеттілік болмаса, мүлде талқыламайды, олардың мағынасы жайлы ақиқи білімді Аллаға қалдырады. Яки ауыспалы мағынасында түсінеді, бірақ, Шариғат орнатқан қағидалар мен араб тілінің ережелерінің шегінен шықпай түсінеді. Соның өзінде амалсыз жағдайда ғана кейбіреулерді сол аяттар мен хадистерді тура талдап қоюдан сақтандыру үшін ғана талдап береді.

 

Алланың мекенсіз болуы мүмкін емес дейтіндердің мұнысы ештеңе жоқ кезде Алламен бірге мекен де болды дегенге кеп саяды. Ал, біз «Алла болған кезде ештеңе болған жоқ, кеңістік те болған жоқ, Ол кеңістікті жаратпас бұрын оған мұқтаж болмағаны сияқты жаратқаннан кейін де оған мұқтаж емес» деп санаймыз. Қықаша түсіндірсек осылай.