Астана қаласы,
Қабанбай батыр к-сі,
«Радуга» тұрғын үй кешені, 5/1

info@aqniet.com

Бауырмалдық - басты байлық

Павлодар облысындағы «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» ҚҚ өкілдігінің басшысы Касенов Есбол Айтмұханбекұлы «Өңірлерде түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасын іске асыру шеңберінде «АП-162/3 мекемесі» РММ қылмыстық жазасын өтеп жатқан сенуші сотталғандармен «Бауырмалдық - басты байлық» тақырыбында ұжымдық теологиялық сабақ өткізді.

 

Адам баласының бойына ең қажетті мейірімділік пен сүйіспеншілік, өзара сыйластық пен кеңпейілділік және тағы да басқа құндылықтарды топтастыратын маңызды қасиеттің бірі - бауырмалдық. Бұл қасиеттің әсіресе, асыл дініміздегі орны өте ерекше. Дінімізде мұсылман мұсылманның бауыры, ол оған еш уақытта тілімен де, қолымен де жаманшылық жасамайды, келеке етпейді, малына, арына сұқтанбайды. Бұл иләһи қағида, исламдағы ең ұлы ұғымдардың бірі.

 

Алла Тағала Құран Кәрімде: (Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер. Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені: Бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды). Яғни, Алла Тағала «бір топ, бір отбасы, бір ұлт немесе бір ел» деп айтпады.

 

Бәлкім «Түп-түгел..» деп мұсылмандардың бөлінбейтін бір үммет екендігін меңзеді. Сондай-ақ, Хужурат сүресінің 10-аятында да ашық та айқын мұсылмандар бір-бірімен ажырамас ағайын-туыс екендігі айтылып, араларында ұрыс-керіс, дау-жанжал болмайтындығы, егер бола қалған жағдайда тез арада татуластырып жіберу ең игі сауапты іс екендігі айтылған: «Шын мәнінде мүміндер туыс. Сондықтан туыстарыңның арасын жарастырыңдар да Алладан қорқыңдар. Мүмкін игілікке бөленерсіңдер».

 

Алла елшісі де (с.ғ.с.) шынайы мұсылман қоғамын мұсылмандар арасындағы өзара бауырмашылдық сезімінсіз суреттеу мүмкін емес екенін өсиет сөздерінде баса назар аударған. Ибн Омар (р.а.) жеткізген хадисте: «Алла елшісі, (с.ғ.с.): «Мұсылман - мұсылманның бауыры. Нағыз мұсылман бауырына озбырлық жасамайды. Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Алла Тағала да оның қажетін өтейді. Кімде-кім мұсылман бауырының қайғы-мұңын сейілтсе, Алла Тағала да оны қиямет-қайымның қайғысынан құтқарады. Сондай-ақ, кімде-кім мұсылманның айыбын жасырса, Алла Тағала да қиямет күні оның айыбын жасырады»,- деп айтты», - делінген.

 

Әбу Дауд хадистер жинағы Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бауырластықтың ең жоғары үлгісін сөзімен де, ісімен де көрсеткен. Ол меккелік және мәдиналық сахабалардың арасында екі дүниедегі теңдессіз бауырластықты орнатты. Бұл, Алла жолындағы өзара сүйіспеншілік пен өзгеге қол ұшын созып, әрдайым көмекке әзір тұру, бір-бірін жақын тартуды көрсеткен бауырластық болды. Осы уақытқа дейін де және кейін де қаншама адамзат баласына бауырластықтың ең жоғарғы ғибрат алар үлгісі болып қала бермек. Абу Жухайфадан (р.а.) жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Салман Фариси (р.а.) мен Абу Дарда (р.а.) арасын бауырластырды. Бірде Салман Абу Дарданың үйіне зиаратқа келгенде оның əйелі Умму Дарданы жүдеу халінде көріп, «Саған не болған? Жүдеп кеткен көрінесің ғой» - деп, сұрайды.

 

Сонда ол кісі жауабында: «Сенің бауырың Абу Дарда бұл уақытша дүниеден ешнəрсені қажет етпейді» - дейді. Кейін Абу Дарда келіп бауыры Салманға тамақ ұсынып: «Алып отыр мен ораза тұтқан едім» - дейді. Сонда Саламан: «Сен жемегенше мен де бұл тамақтан ауыз тимеймін», - дейді. Осы сөзден соң Абу Дарда бауырымен қосылып тамақ жейді. Түн орнаған сəтте Абу Дарда Раббысы үшін артықша нəпіл намаз оқу үшін орнынан тұрады. Салман оған: «Ұйықта», - дейді. Жатады. Кейін біраз уақыттан соң қайта тұрып ғибадатына кіріспекші болғанда, тағы да «Ұйықта» - дейді. Жатады.

 

Таң намазының уақыты жақындай бастаған сəтте Салман оған: «Ал енді тұр», - дейді. Сөйтіп, екеуі де, таһажжуд намазына тұрады. Одан соң Салман оған: «Расында сенде нəпсіңнің хақысы бар, Раббыңның хақысы бар, қонағыңның хақысы бар жəне шынында əйеліңнің де хақысы бар. Əрқайсысына өзінің хақысын бер»,-деп ақылын айтады. Ол екеуі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) алдына келген уақыттарында осы жайында хабарлайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Салман дұрыс айтқан екен»[4]- дейді. Ал, ата-бабаларымыз жеті атаға дейін бір-бірін туыс көріп жақынға да, жатқа да жанашырлық танытқан. Пақыр-міскінге, мүсәпір жолаушыға көмек қолын созып, қиын жағдайда қалған жандарға жәрдем етуді адамдық борыш, сауапты іс деп санап, бауырмалдықтың жоғарғы үлгісін көрсете білген.

 

«Жатырқау жаттың ісі, жақындау Хақтың ісі». «Жақсы адамда жаттық жоқ, жақсы жарда қарттық жоқ». «Жақсы адам жатырқамайды» деген секілді ұлағатты сөздермен келер ұрпақты тәрбиелеп отырған. Жалпы мұсылман мен мұсылманның арасындадағы бауырмалдықтың нығайуына және одан тежейтін әртүрлі рухани дерттерден адам өзін және нәпсісін сақтауға көмек беретін мына төмендегі ережелерге көңіл бөлген абзал.

 

1. Бауырыңды Алла үшін жақсы көру.

 

Яғни басқа дүниелік мақсат үшін емес тек Алла разылығы үшін жақсы көру. Егер бір мұсылманды жақсы көргенде Алланың разылығы емес, адамның биік мансабы, абыройы, байлығы себеп болса ол Алла қалаған бауырмашылыққа жатпайды.

 

Осыған байланысты мына хадиске назар салайық. Омар ибн әл-Хаттабтан (р.а.): «Алла Елшісі (с.ғ.с.) айтты: «Ақиқатында, Алланың құлдарының арасында бір адамдар бар, олар пайғамбарлар да, Алла жолында жан тапсырғандар да емес. Қиямет күні олардың Алла алдында алатын орнын пайғамбарлар да, Алла жолында жан тапсырғандар да қызғанады». Сонда сахабалар: «Ей, Алланың елшісі, олардың кім екендігінен хабар бересіз бе?» деп сұрады.

 

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Олар - бір-бірін туыстық байланыс үшін емес, алмасатын дүние үшін емес, Алла разылығы үшін жақсы көрген адамдар. Алланың атымен ант етейін, олардың жүздерінде нұр болады, олар адамдар қорыққан кезде қорықпайтын болады, басқалар қайғырған кезде қайғырмайтын болады», - деді де, мына аятты оқыды: «Біліңдер! Расында Алланың достарына қауіп-қатер жоқ әрі олар қайғырмайды».

 

Әбу Дауд хадистер жинағы Сондай-ақ мына бір хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.) «Иман келтірмейінше Жәннәтқа кірмейсіңдер, ал бір-біріңді жақсы көрмейінше иман келтірген болмайсыңдар, сондықтан сендерге, араларыңда, егер оны ұстанатын болсаңдар, сүйіспеншілік тудыратын амал үйретейін бе? Бір-бірлеріңе сәлем беруді көбейтіңдер», - деген. Расында, дініміз Ислам бауырмашылдықты иманмен бірге бір дәрежеге қоюуы мұсылмандар арасындағы бірліктің, бауырластық қарым-қатынастың қаншалықты маңызды екенін көрсету.

 

2. Бауырыңа өшпенділік, көреалмаушылық жасамау.

 

Шындығында, мұсылман адам - жаны таза, қоршаған ортасына арамдығы жоқ, тіпті кешкілік төсегіне жатарда: «Йя, Алла, жан баласына деген жамандық, өшпенділік және көреалмаушылық деген жаман қылықтардан бойымды тазарттым. Куә бол!» деп айтып жатқан жөн.

 

Абу Хурайра (р.а.) жеткізген хадисте Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Бір-біріңе көре алмаушылық пиғылда болмаңдар, бағаларды көтермеңдер, бір-біріңді жек көрмеңдер, бір-біріңе арқаларыңды қаратпаңдар, бірің біріңнің саудасының үстінен сауда жасамаңдар, бір-біріңе бауыр болыңдар», - деген.

 

Негізі көреалмаушылық адам жүрегіндегі ең қатерлі дерттерден. Көреалмаушылық - қандай да бір адамда артықшылықтың немесе бір нығметтің болмауын жүрекпен қалауы. Сонымен бірге ол Жаратушыға әділетсіз деп жала жауып, әдепсіздік жасап, Алланың ақ жолына қарсы шығады. Егер біз, бойымызға барлық нәрсені беретін Алла, игіліктің бәрін де беруші Алла екендігін мықтап сіңдіретін болсақ, өзімізге қалағанды өзгеге қалай білсек бұл «дерттен» сауыға алады екенбіз. Ол үшін иманымызды күшейтіп, білімімізді арттырып, дұғамен қаруланған абзал. Сондай-ақ, көреалмаушылықты сыйлықпен өшіруге де болады.

 

Хадисте: «Бір-бірлеріңмен (шынайы) қол алысыңдар, іштеріңдегі кекшілдік жойылсын. Бір-бірлеріңе сый-сияпат жасаңдар, сүйіспеншілік артсын және араларыңдағы көре алмаушылық жойылсын» делінген. Имам Мәликтің «Муатта» хадистер жинағы Әнәс (р.а.) былай деп баяндаған: «Бір күні біз Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) бірге отырғанымызда, ол бізге: «Қазір мына жерге Жәннатқа кіретін кісі келеді» - деді. Сол мезетте бір ансарлық кісі келді. Оның сақалынан дәреттен қалған су тамшылары тамшылап тұрды, ал сол қолында аяқ киімі болғанды.

 

Келесі күні пайғамбарымыз әлгі сөзді қайта айтып еді, кешегі кісі қайта кіріп келді. Одан кейінгі күні осы оқиға тағы да қайталанды. Пайғамбарымыз басқа жаққа кетіп қалған кезде Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) әлгі кісінің ізіне түсті де, жетіп алып: «Мен әкеммен жанжалдасып қалып едім, сөйтіп оған үш күн бойы үйге оралмаймын деп уәде берген едім. Егер қарсы болмасаңыз, осы күндері сіздің үйіңізде болайын?!» - деді. Әлгі кісі онымен келісті. Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Ас былай деп баяндады: «Мен оның үйінде үш күн болдым, бірақ ерекше еш нәрсе көрмедім. Тек көргенім таң намазына дейін түнде тұрып немесе жамбастап жатып Алланы еске алып, мадақтар айтатын. Үш күн өтті, көргеніме риза болмадым. Сонда мен оған: «Әй, Алланың құлы! Мені мен әкемнің арамызда еш нәрсе болған жоқ.

 

Мен тек Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үш рет: «Қазір мына жерге Жұмаққа кіретін кісі келеді», - деген сөзін естідім, әрі әр айтқан сайын сіз кіріп келдіңіз. Кейіннен мен сіздің не істейтініңізді білу үшін жаныңызда болғым келді. Сөйтіп сіздің жаныңызда бірге болдым. Алайда, мен сіздің амалдарыңыздан ерекше ешнәрсе көргенім жоқ. Олай болса, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сіз туралы не үшін былай айтты екен?»-дедім. Әлгі кісі: «Мен сіз көрген нәрседен артық еш нәрсе жасамаймын. Алайда, сонымен қоса, мен мұсылманның ешқайсысын алдамаймын, Алланың оларға берген нығметін қызғанбаймын», - деді. Сонда Абдулла: «Сіз расында да мына деңгейге осы себепті жеткен екенсіз! Шынында, мұндай деңгейге жету оңай емес», - деді.

 

3. Тілге сақ болу. Тіл адам дене мүшелерінің ішіндегі көлемі жағынан кішкентай болғанына қарамастан, оның орны мен оған жүктелген міндет орасан зор. Ата-бабаларымыз «Басқа бәле тілден», - деп бекер айтпаса керек.

 

Шындығында, біреу аузына арам ас алмаса да, қолымен ұрлық қылып, аяғымен қылмысқа бармаса да, тілінен шыққан бірауыз күнәлі сөзі себепті жан-тәнімен жаһаннамда күйіп-жануы әбден мүмкін. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: Адам баласы ұйқыдан оянғанда бүкіл дене мүшелері тіліне қарап: «Біз үшін Құдайдан қорық. Сен түзелсең, біз де түзелеміз. Сен бұзылсаң, біз де бұзыламыз», - деп жалына бастайды екен. Әрі осы көрініс әр күні таңертең қайталанып отырады. Алла Құран Кәрімде: «Әй, мүміндер! Алладан қорқыңдар да дұрыс сөз сөйлеңдер. Алла істеріңді оңалтып, күнәларыңды жарылқайды», - деген. Яғни, Алладан қорқып дұрыс сөз сөйлеуіміз – ісіміздің оңалуына әрі күнәларымыздың кешірілуіне себеп болады. Ахзаб сүресі, 70-71 аят.

 

Билал ибн Харис әл Музани (р.а) риуаят етеді. Пайғамбар (с.ғ.у.) айтты: «Расында бір адам Алланың ризалығынан болған бір сөзді айтады. Ол сөздің мәнінің соншалықты дәрежесінің барын білмейді. Сол сөзді сөйлегені себепті, Алла оған өзіне жолығатын күнге дейін өз ризалығын жазып қояды. Сондай – ақ, бір адам Алланың ашуынан болған бір сөзді айтады. Ол сөздің мәнінің соншалықты дәрежесі барын білмейді. Сол себепті, Алла оған өзіне жолығатын күнге дейін өз ашуын жазып қояды» - деген.

 

Яхия ибн Рашидтен жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтты: «Кімде-кім бір мүмин туралы онда жоқ нәрсені айтса, яғни жала жапса, Алла оны тозақтағы рәдғат әл-хабалға (тозақтың ең лас жері) орналастырады» - деген.

 

4. Шамаң жеткенше бауырыңның дүниелік істерін өтеуге көмек көрсету.

 

Абдулла ибн Омардан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бір кісі келіп: «Ия, Алланың Елшісі! Алланың алдында адамдардың ең жақсы кім? және амалдардың ең жақсысы қандай?»-деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адамдардың Аллаға ең жақсырағы адамдарға пайдалы болғаны, ал амалдардың Аллаға ең жақсырағы мұсылманның көңіліне кіргізген қуаныш немесе қайғысы болса қайғысын сейілтуі немесе қарызы болса қарызын өтесуі немесе аш болса қарнын тойдыруы, Мұсылман бауырының бір қажетін өтеуі мына мешіті бір ай иғтикафта (мешіттен шықпай құлшылық жасау) тұрғаннан абзал, кім ашуын жүгендесе Алла оның кемшілігін жабады, кім ашуының есесін алуға шамасы жетіп тұрып ашуын басқан болса, Алла ол кісінің жүреген қиямет күні ризалыққа толтырады. Ал кімде-кім мұсылман бауырының қажетін өтеуге көмектессе,онда Алла қиямет күні оның қажетін өтейді, шындығында сірке су балды бұзғандай жаман мінез адамның жасаған амалын бұзады», - деді. Имам Табарани «Кабир» кітабында.

 

5. Бауырыңа насихат айту.

 

Шындығында мұсылман насихатшыл болып, бауырының кемшіліктерін толықтырып, түзетуге тырысу керек. Бірақ насихат айтудың жөні осы екен деп ақыл-кеңес берудің де өзіндік әдептерін сақтаған абзал. Имам Шафиғи (р.а.): «Кімде-кім бауырына басқа адамдардың көзінше насихат айтса, оны балағаттағанмен тең, ал кімде-кім, өз бауырына оңаша насихат айтатын болса, адалдық жасаған болады»,- деген. Сол секілді өмірлік тәжірибесі мол кісілерден насихат сұралған болса, қайырлы кеңес беріп, насихат айту міндет.

 

Бірде Абдулла ибн Мубарактың мәжілісіне бір кісі келіп, бір мұсылман жайлы ғайбат айта бастады. Сонда оған Абдулла ибн Мубарак: «Сен өзің римдықтармен немесе парсылармен болған соғыстарда болып пе едің?»-деді. Әлгі кісі: «Жоқ», - деп жауап қаты. Сосын Абдулла ибн Мубарак оған: римдықтар да, парсылар да сенен аман қалып, ал мынау мұсылман бауырың сенен құтыла алмаған екен»,-деп, астарлап насихат айтқан.

 

6. Өзара жәрдемдесу.

 

Хазіреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір сахабасына: «Бауырың жауыз болса да, жәбірленуші болса да жәрдем ет», - деп айтты. Мұны естіген сахаба таң қалып: Жәбірленушіге жәрдем етермін, ал жауызға қалай көмектесемін, - деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Оның жауыздық іс-әрекетінен бас тартуына көмек беруің - оған жасаған көмегің болмақ», - деп жауап берген. Имам Бухари сахихында келген.

 

7. Бауырыңның айыптарын жауып, қателіктерін кешіре білу.

 

Бауырың күнәдан пәк періште де, пайғамбар да емес сондықтан кейбір қателіктеріне кешіріммен қарау өте маңызды. Ғұламалар адамдарды екі топқа бөлген. Біріншісі: адамдардың арасында жақсы істермен танылып, күнә істерден алыс болумен белгілі болған кісілер. Мұндай кісілердің жіберген кейбір кемшіліктерін көрсе де көрмегенсіп кешіріммен қарау міндет. Ал, екіншісі: күнә саналған істерді жарыса жасап, әрі жария істейтін, не Құдайдан да, адамдардан да ұялмайтын адамдар.

 

Ибн Омардан (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Тілімен иман келтіріп, иманы жүрегіне жетпегендер, мұсылмандарды жәбірлемеңдер, балағаттамаңдар, олардың кемшіліктерін іздемеңдер! Шындығында Алла мұсылман бауырының кемшілігін аңдығанның өзінің кемшілігін әшкере етеді. Ал Алла кімнің кемшілігін әшкере етер болса, ол үйінің ортасында жасырынып отырса да масқарасын шығарады», - деді. Термези, Ибн Хиббан риуаят еткен.

 

Ақиқатында, асыл дініміз бауырмашылдық пен кеңпейілділік, бейбітшілік пен татулық, игі қарым-қатынас пен көркем мінез, жақсылық пен тақуалық және өзара жәрдемдесу секілді ізгілікті істердің бәрін өз ішіне қамтыған. Мұсылмандардың бауырмашылдығы берік болса, алынбайтын қамал, өте алмайтын асу болмайды. Өкініштісі, қазіргі таңда мұсылмандар арасында достық, бауырмалдық мінездерден гөрі, алауыздық көбірек байқалатыны жасырын емес. Кейде адамдар болмашы бір дүниелік іске бола, пендешілікке салынып, мұсылман бауырларымен қарым-қатынасын үзіп жатады.

 

Ислам шариғатында мұсылманның мұсылман бауырына үш күннен артық ренжіуіне тиым салынады. Елімізде халықтың діни-сауаттылығын арттырып, атадан қалған асыл дініміздің тағылымды тәрбиелік құндылықтарын бойымызға сіңіріп, іске асыра білсек қана халқымыздың бірін-біріне деген бауырмашылдығы арта түсері ақиқат. Расында, дін мен дәстүрімізді ұстансақ қана ізгілік пен берке-бірлікке қол жеткізе алатынымыз хақ. Осыған байланысты мына оқиғаға зер салып көрсек. Бірде сабын сатушы мен діндар кісінің арасында мынадай сұхбат болыпты.

 

Сабын сатушы: «Осы Ислам діні жақсылыққа үндеп, жамандықтан қайтаратын болса, неге онда оның пайдасы әлі көрініс таппайды, қоғамада көптеген дүрдараздықтар орын алып жатады?» - дейді. Діндар: «Егер сенің сабыныңның пайдасы болғанда дүниеде кір атаулы болмас еді ғой» - деп жауап қайтарады. Сабын иесі: «Адамдар сабынымды пайдаланбаса менің қандай кінам бар дейді? Діндар: «Егер адамдар дінді ұстанбаса діннің қандай кінасы бар?» - деп байыптылықпен жауап берген екен.

 

Бір-бірімізге мейірімді һәм кешірімді, жанашыр, көркем мінезділік танытып, қамқор және бауырмашыл бола білейік!