Астана қаласы,
Қабанбай батыр к-сі,
«Радуга» тұрғын үй кешені, 5/1

info@aqniet.com

Берекеміз төгіліп, бірлігіміз сөгілмесін десек...

Осы ретте Ислам діні бірлік пен үйлесімділікті мұсылман үмбетіне ғана емес, барша адамзатқа қажетті негізгі қағида ретінде ұсынды. Бұл тақырыпқа ерекше мән беріліп, оның практикалық үлгісі ардақты пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірінен көрініс тапты. Соның арқасында әділ халифалар мен олардың ізбасарлары мұсылман елдерінде ғана емес, жалпы әлем бойынша жоғары мәртебеге қол жеткізді.

Ислам тарихындағы бірліктің іргетасы Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзін пайғамбармын деп жариялаған кезден бастап қаланды. Араб тайпалары жеке мүдделерінен, түрлі наным-сенімдерден бас тартып бір тудың астына бірікті.

Бұл туралы қасиетті Құранда:

«Барлығың да Алланың желісіне (яғни хақ дініне) мықтап жармасыңдар және өзара бөлінбеңдер. Сондай-ақ, Алланың өздеріңе (үйіп-төгіп) берген нығметін естеріңе алыңдар. Кезінде біріңе-бірің бітіспес дұшпан едіңдер, ал бүгін Алла Тағала жүректеріңді жарастырды. Сөйтіп, Оның (иман, хақ дін Ислам сынды) баға жетпес нығметінің арқасында біріңе-бірің бауыр болдыңдар. Сондай-ақ кезінде сендер тозақ шыңырауының шетінде тұрған едіңдер, алайда Алла сендерді одан сақтады. Сендер тура жолға түссін деп, Алла өзінің аяттарын осылайша ашық баяндайды», - деп айтылады.

Бұл аят бізді Алланың жіберген сеніміне берік болып, бөлінуден, ауызбіршілікке сызат түсіруден сақ болуға үндейді.

Нәтижесінде мұсылман халықтары жеңілмейтін Рим және Парсы патшалықтарын жаулап қана қоймай, өздерінің білімі мен әдебиеті, саясаты пен басқаруы, әділдігі мен шешендік өнері және т.б. арқасында төрткүл дүниені түгел тамсандырды. Дегенмен, үмметіміз бірлігі мен ынтымағынан айырылған тарихи кезеңдерде, беделінің де төмендеуі орын алғаны ащы болса да шындық.
Өткенге көз қиығын тастап, тарих тұңғиығына терең бойласақ бірліктен артық байлық көрмейміз. Бұны жете түсінген қазақ халқы бірліктің күнделікті тіршіліктегі орны мен маңызын «бірлік болмай тірлік болмас», «бірлік түбі – береке», «алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп түйген. Ерте заманнан бірлік елдіктің басты кепілі саналған.

Қазір біз жаһандық ауқымдағы мәселелер мен сын-қатерлер көбейіп келе жатқан заманда өмір сүріп жатырмыз. Осы тұста бір-бірімізге түсіністікпен қарап, қоғамымызда қарапайым сыйластық ұстанымдарын орнатсақ, бұл да бір игі іс болар еді деген үміттемін.

Жаратушы Алла елімізге береке-бірлік нәсіп етіп, ынтымағымыздан айырмасын деп тілейік.