Астана қаласы,
Қабанбай батыр к-сі,
«Радуга» тұрғын үй кешені, 5/1
info@aqniet.com
Шымкент қаласында орналасқан ИЧ-167/3 түзеу мекемесінде діни экстремизм мен терроризм бойынша сотталған тізімдегі азаматтармен «Исламда ілім алудың маңыздылығы» тақырыбында топтық кездесу өткізілді. Кездесуде Шымкент қаласы Ақниет» ақпараттық-насихаттаушы және оңалту орталығы» ҚҚ аймақтық өкілдік теолог маманы И. Абулхайров лекция оқыды.
Қазақтың ілім, білім және ғылым деп қолданып жүрген сөздері асылы арабтың илим деген сөзінен тарайды. Сол үшін де осы сөздердің мән-мағынасын білгіміз келсе арабтың илим сөзіне біраз тоқталып кетсек.
Араб тілінде «білу» мағынасына келетін илим (ғылым) сөзі көбінесе білім, мағлұмат деген мағыналарға келеді. Бір нәрсені нақты үйреніп сенуді ғылым дейміз. Білімсіздіктің, надандықтың антонимі болып табылатын «ғылым» сөзінен ғалым, мағлұмат, мұғалім және тағы басқада сөздер шыққан.
Білім дегеніміз белгілі нәрселердің, ғылыми жаңалықтардың үйлесімді жиынтығы. Ислам ғалымдары ғылымды былайша түсіндіреді: «Кісінің ақыл және сана сезіміне сиымды болған мағлұматтарды ғылым деп атаймыз».
«Ғылым бір нәрсенің өз кейіпінде танылуы».
Ғылым екіге бөлінеді біріншісі «Қадим ғылымы (о бастан бар болған ғылым)» екіншісі кейіннен берілген ғылым «Хадис ғылымы».
Қадим ғылымы Аллаһ тағаланың затына және сипатына байланысты болған ғылым. Ол жаратылғандардың ғылымына ұқсамайды. Тек қана Аллаһ тағалаға толық мағынада Алим деп айта аламыз. Өткені тек қана Жаратушымыз барлық нәрсені толық білуші. Ал, хадис ғылымы: жаратылғандардың ғылымы, яғни, Аллаһ тағаланың жаратқандарына берген ғылымы. Ол екіге бөлінеді.
Біріншісі: «Зарури ғылым (қажетті)». Ол, адамның ізденіп үйренуін қажет етпейтін, өз-өздігінен туылғаннан бастап пайда болатын ғылым. Мысалы нәрестенің анасын емуі, жүруі, жеп-ішуі, сөйлеп күлуі, ненің үлкен ненің кіші екендігін, ненің жұмсақ, ненің қатты екендігін білуі сияқты.
Екіншісі: «Назари және Истидләли» ғылым.
Назар - сөздікте қарау, көру, ойлану, зерттеу нәтижесінде шешім беру деген мағынаға келеді.
Истидләл болса дәлелге сүйену, дәлелдер келтіру деген мағынада. Назари және Истидләли ғылым адамдардың қалауымен яғни қарау, көру, ойлану нәтижесінде сағаттар, күндер тіпті жылдар бойы ізденіп дәлелдеуі арқылы пайда болған білім.
Мұндай білімге құл қалау және іздену арқылы жететіндігі үшін біз оған Истидләли (еңбек арқылы қол жеткізілген) ғылым деп атаймыз.
Жоғарыда ғылым терминіне біршама тоқталып кетттік, ендеше оның қаншалықты бізге қажеттігіне тоқталған аят-хадистер мен біртуар ғалымдарымыздың сөздеріне құлақ берсек.
Құран аяттарына назар салсақ Ислам дінінің ғылымға, ғылым үйренуге қатты маңыз бергендігіне көз жеткізуге болады. Ғылым біліммен келсе, білім тек оқумен келеді. Қасиетті Құранның тұңғыш түскен Алақ сүресінің алғашқы аяты: «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы!», - деп басталуы тектен-тек емес. Аллаһ тағала білім үйренуді адам баласына бұйырып міндеттеген.
Сондықтан да Аллаһ тағала Құран Кәрімде Зүмәр сүресінің тоғызыншы аятында «... Білгендер мен білімегендер тең бола ма?» - дейді. Тағы бір аятта «Сендерден иман келтіргендердің, ғылым берілгендердің дәрежелерін көтереді».
Пайғамбарымыз да білім үйренудің мұсылмандар үшін өте маңызды әрі парыз екенін көрсете отырып, былай дейді: «Кімде-кім білім іздеу жолына түссе Аллаһ тағала оған жәннатқа бару жолын жеңілдетеді. Періштелер ғылым іздеушінің талабына разы болып, оның аяғының астына қанаттарын жаяды. Шын мәнінде, ғалымға көктегілер және жердегілер, тіпті судағы балықтарға дейін жарылқау тілейді».
Адамды азғырып тура жолдан тайдырушы әзәзіл шайтан үшін де шариғатты жетік меңгерген ғалым, білімі шамалы қатардағы қарапайым көптеген мұсылманнан, әлде қайда қорқынышты екен. Дінімізді неғұрлым біліп тани түскен сайын азғырушыдан алыстап, тақуалыққа жақындай түсеміз. Хадисте былай бұйырылған: «Бір фақиһ (шариғатты жетік меңгерген ғалым) шайтанға мың қарапайым мұсылманнан қорқыныштырақ».
Басқа бір хадис-шәріпте: «Аллаһ тағала игілігін тілеген пендесін, дін ғылымынан ғұлама етеді», - деп бұйырады.
Діни ғұламалық Аллаһ тағаланың сүйікті пендесіне ғана нәсіп болмақ. Сол нәсіптен үміт етуші әрбір мұсылманға қойылар талап: «Кімде-кім білімді үйренсе Аллаһ тағаланың разылығына лайықты болуы үшін үйренуі тиіс. Ал керісінше тек қана дүниені иелену, байлық, мансап үшін үйренген болса, ол пенде қиямет күні жәннаттың өзі тұрмақ иісін де сезбейді».
Тағы бір хадисте: «Ілім үйрену – еркек болсын, әйел болсын әрбір мұсылманға парыз». Міне, пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистері осылай дейді. Ғылым туралы Ислам ғұламалары былай деп бұйырған: Хазіреті Али (р.а.) Күмейілге бұрылып: «Ей Күмейл ғылым байлықтан қайырлы. Өйткені малды сен қорисың, ал ғылым болса сені қориды. Ғылым бағындырушы, байлық бағынушы. байлық берсең азаяды, білім берсең көбейеді».
«Бір ғалымның дәрежесі аузы берік болса да соғысқа қатысып, түнін ғибадат етумен өткізген мужахид құлдан жоғары».
«Бір ғалымның өлімінен кейін Ислам әлемінде қаңырап қалған бос орынды, сол (ғалым) сияқты ғалым өсіп жетілмегенше (орны) толықтырылмайды».
ӘбулӘсуад: «Ғылымнан бағалы нәрсе болмайды; Өйткені сұлтандар адамдарға басшы, ал ғалымдар сұлтандарға басшы» - дейді.
Фәтхи Мусылы: «Жеп-іше алмайтын ауру сияқты ғылым және хикметтен (Аллаһ Тағаланың сүйікті құлдарына беретін ғылымы) мақұрым жүрек, өлімге душар болды деген сөз өте орынды. Өйткені денені жеп-ішу арқылы сақтаймыз, ал жүректің асы, ғылым және хикмет. Жүрек осы екеуімен өмір сүреді. Ғылымсыз жүрек өлімге жақын...» - деген.
Хасан Басри: «Ғалымдардың қаламы шейіттердің қанымен таразыға тартылады және ауыр басады (жоғары басады)».
Абдуллаһ ибн Масғуд (р.а.) «Ғылым жоқ болмастан алдын оқыңдар. Ғылымның жоғалуы ғалымдардың өлімімен болады. Жаным қолында болған Аллаһтың атымен ант етемін Аллаһ разылығы үшін өлген шынайы шейіттер ғалымдарға берілген жоғары дәрежелерді көргенде, ғалым болу үшін дүниеге қайта келуді тілейді» - дейді.
Абдуллаһ ибн Аббас (р.а.): «Мен үшін түннің азда болса бөлігін ғылым үйренумен өткізу түні бойы ғибадат (Аллаһ тағалаға құлшылық) етуден жоғары» - дейді.
Хасан Басри Бақара сүресінің 201-аятындағы «Уа Раббымыз! Бізге бұл дүниеде жақсылық бер және ақыретте жақсылық бер» - дегендегі бұл дүниедегі жақсылық бізге ғылым және ғибадат, ал ақыреттегі жақсылық жәннатқа кіргізе гөр деген мағынада айтылған дұға» - дейді.
Зубәйр ибн Әбу Бәкір: «Әкем Иракта жүріп, хатында маған былай деп жазды: «Оқы, өйткені ғылым - жоқшылығыңда байлық, байлығыңда сән болар».
Хазіреті Лұқман (ғ.с.) ұлына берген насихатында былай деген: «Ұлым! Ғалымдардың мәжілісіне қатыс. Көктем жаңбырымен жерді көгертетін Аллаһ, хикмет нұрыменде мұсылмандардың жүрегін толтырады».
Ғалымдар: «Ғалымның өліміне, теңіздегі балықтар мен ауадағы құстарға шейін әрбір нәрсе оларды жоқтап жылайды».
Яхя ибн Муаз (р.а.): «Ғалымдар Мұхаммедтің (с.а.у.) үмметіне әке-шешелерінен де мейірімді. Өйткені әке-шешелері оларды дүниедегі оттан қорғайды, ал ғалымдар болса (адамдарды) ақыреттегі оттан қорғайды».
Хасан Басри: «Ғалымдар болмаса адамдардың басқа жандылардан айырмашылығы болмас еді. Өйткені олардың оқытуымен адамдар адамдық дәрежеге жеткен», - дейді.