Астана қаласы,
Қабанбай батыр к-сі,
«Радуга» тұрғын үй кешені, 5/1

info@aqniet.com

Исламдағы көркем мінез

Павлодар облысындағы «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» ҚҚ өкілдігінің басшысы Касенов Есбол Айтмұханбекұлы «Өңірлерде түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасын іске асыру шеңберінде «АП-162/1 мекемесі» РММ қылмыстық жазасын өтеп жатқан сенуші сотталғандармен «Исламдағы көркем мінез» тақырыбында ұжымдық теологиялық сабақ өткізді.

 

Көркем мінез - адам бойындағы ұлы қасиет, әрбір адамның мінез-құлқын көркем етуі отбасы, өскен ортасындағы тәлім-тәрбиесімен бірге өзінің де ақыл-парасат, күш-жігеріне, ынта-ықыласына, ең бастысы, жаратылысына байланысты. Әке-шешенің баласына берер ең үлкен сыйы - жақсы тәрбие болса, көркем мінез сол тәрбиенің шыңы.

 

Айша (Алла оған разы болсын): Хазрет пайғамбарымыз (с.а.у) былай айтты:

 

اللَّهُمَّ كَمَا حَسَّنْتَ خَلْقِي فَحَسِّنْ خُلُقِي

 

«Я, Алла тағалам! Жаратылысымды көркем  еткенің сияқты, мінезімді де көркем етші!» - деп дұға ететін деді.

 

Құран мен Пайғамбарымыздың (с.а.у)  өмірін көбірек оқу.

 

فَقُلتُ : يَا أُمَّ المُؤمِنِينَ ! أَنبئِينِي عَن خُلُقِ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيهِ وَسَلَّمَ ؟ قَالَت : أَلَستَ تَقرَأُ القُرآنَ؟ قُلتُ : بَلَى . قَالَت : فَإِنَّ خُلُقَ نَبِيِّ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيهِ وَسَلَّمَ كَانَ القُرآنَ .

 

Сағд ибн Һишамнан жеткен хадисте Айша анамыздан: Пайғамбарымыздың (с.а.у) мінез-құлқы жайында сұрағанда, ол: «Сендер Құранды оқымайсыңдар ма? Ол: «Ия, оқимын» деді. Айша анамыз: Оның мінез-құлқы - Құран ғой», - деп жауап берген.

 

Әрбір саналы мұсылман баласы көркем меніздің биік үлгісі ретінде пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у) өмір жолын, оның іс-әрекетін негізге алады. Қазіргі уақытта кейбір мұсылман бауырлар пайғамбарымыздың (с.а.у) сыртқы көріністі паш ететін сақал өсіру, балақ қысқарту, мисуак қолдану секілді амалдарын орындап, шариғат талап еткен пайғамбарымыздың (с.а.у) мейірімділігіне, қарапайымдылығына, әділдігіне амал жасамауда. Ислам дінінің талап еткені де адамның ішкі сұлулығы, ислами көркем мінездің әрбір әрекетінде орын алуы. Төмендегі пайғамбарымыз (с.а.у) көркем мінездерінің кейбіріне қарап біздің қаншалықты пайғамбарға (с.а.у) жақын екенімізді анықтау қиын емес.

 

Пайғамбар (с.а.у) жанұясымен:

 

Пайғамбарымыз (с.а.у) адамзатқа жанұямен қандай қарым-қатынаста болу керек екені жайында сөзімен, іс-әрекетімен үлгі-өнеге көрсеткен. Алла елшісі бір хадисінде:

 

خَيْرُكُمْ خَيْرُكُمْ لِأَهْلِهِ وَأَنَا خَيْرُكُمْ لِأَهْلِي

 

«Сендердің жақсыларың жанұяларына жақсы болғаны, мен сендердің ішінде жанұясына ең жақсы қарайтын адаммын» деп айтқаны бар.

 

Пайғамбарымыз (с.а.у) әрдайым әйеліне жылы шырай танытып, мейірім көзімен қарайтын, әр кез әзілдеп, есімдерін еркелетіп атайтын.Айша анамызға «ей Айш» кей кезде «Хумайра (қызғыл түс)» деп, кейде әкесінің құрметін паш ету мақсатында «Ей Сыддықтың қызы» деп, еркелететін.

 

Тұрмыс қамында пайғамбарымыз (с.а.у) әрдайым әйелдерімен араласып, оларға барлық істерінде жәрдемдесетін. Асуадтан жеткен хабарда Айша анамыздан пайғамбарымыздың (с.а.у) үйде не істейтіні жайында сұрадым дегенде:

 

كَانَ يَكُونُ فِي مِهْنَةِ أَهْلِهِ، فَإِذَا حَضَرَتْ الصَّلاةُ يَتَوَضأُ وَيَخْرُجُ إِلَى الصَّلاَةِ

 

Пайғамбар (с.а.у) үйдің қызметінде болатын, егер намаз уақыты кірсе, дәрет алып, намазға шығатын, деп жауап берді.

 

Басқа бір хадисте Айша анамыз:

 

كَانَ يُخِيطُ ثَوْبَهُ ويَخْصِفُ نَعْلَهُ وَيَعْمَلُ مَا يَعْمَلُ الرِّجالُ في بُيُوتِهِمْ

 

«Өз киімін өзі жамайтын, аяқ-киімін жөндейтін, үйде ер адамға тиісті істі жасайтын» деген.

 

Алла елшісі біздерге ер адамның жұбайының алдындағы міндеттерін осылай баян еткен. Тіпті адамның жанұясы үшін напақат табуының өзі ең сауапты амалдардың бірі екенін ескерткен. Алла елшісі (с.а.у) осы турасында:

 

إِنَّ مِنْ أَعْظَمِ الْأُمُورِ أَجْرًا النَّفَقَةُ عَلى اْلأهْلِ

 

«Сауап тұрғысынан ең ұлы амалдардың бірі - жанұясына нәпақат табу», деген.

 

Пайғамбарымыздың (с.а.у) сөйлеу әдебі:

 

Алла елшісінің сөзі анық әрі, нық шығатын. Тыңдаушы адам тез түсініп, жаттап алатын. Бұл жайында Айша анамыздан сұралған кезде:

 

كَانَ يَتَكَلَّمُ بِكَلَامٍ بيِّنٍ فَصْلِ يَتَحَفَّظُهُ مَنْ جَلَسَ إِلَيْهِ

 

Пайғамбарымыз (с.а.у) бір нәрсе жайында айтса, анық, үзіп айтатын қасындағы адам жаттап алатын.

 

Пайғамбар (с.а.у) тек өзіне қатысты болған мәселе бойынша ғана сөйлейтін және тек сауабы бар пайдалы сөз айтатын. Егер бір нәрсені жақтырмаса, мүбарак жүзінен байқалып қалатын.

 

Пайғамбарымыз (с.а.у) балалармен қарым-қатынасы:

 

Анастан жеткен хадисте:

 

كَانَ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَمُرُّ بِالصِّبيانِ فَيُسَلِّمُ عَلَيْهِمْ

 

Пайғамбарымыз (с.а.у) балалардың қасынан өтіп бара жатқан кезде амандасып өтетін.

 

Намаз оқып тұрғанда егер баланың жылағанын естісе, анасы уайымдай ма? деп, намазын тез аяқтайтын. Пайғамбарымыздың (с.а.у) Әбу Хурайрадан жеткен хадисінде:

 

Пайғамбар (с.а.у) (немересі) Әли ұлы Хасанды сүйген еді. Сол уақытта қасында әл-Ақрағ ибн Хабис әт-Тамими отырған еді. Әл-Ақрағ былай деді: Менің он балам бар бірақ ешқайсын осы уақытқа дейін сүйген емеспін. Пайғамбарымыз (с.а.у) оған ұнамаған күйде қарап былай деді: «Кім мейірімді болмаса, рақымшылыққа бөленбейді» деді.

 

Пайғамбардың (с.а.у) мейірімділігі мен кешірімділігі:

 

Алла тағала Құран кәрімде сүйікті елшісі жайында:

 

وَمَا أَرْسَلْنَاكَ إِلَّا رَحْمَةً لِلْعَالَمِينَ

 

«Уа, Мұхаммед!» Біз сені күллі әлемге теңдесі жоқ рақым етіп жібердік.

 

Пайғамбарымыз (с.а.у) саналы өмірінде мейірімділік пен кешірімділікті ту етіп, әр кез осы ұлы сипаттарды бірінші болып орындаған, тіпті мүшріктерден қорлық көрген кезде оларға қарсы дұға жасамаған. «Неге оларға лағынет айтпайсын дегенде:

 

إِنِّي لَمْ أبْعَثْ لَعَّانًا، وَإنَّمَا بُعِثْتُ رَحْمَةً"

 

«Шынында мен лағынет айту үшін жіберілмедім, асылында мен мейірім ретінде ғана жіберілдім» деді.

 

Бірде пайғамбарымыз (с.а.у) жорықтан келе жатып жолда түнейді. Сонда жаудың бір адамы бәрі ұйықтап жатқанда жасырынып келіп, Пайғамбарымыздың (с.а.у) бас жағында тұрады да қылышын суырып: «Мен сені өлтірем десем кім тоқтата алады» - дегенде. Пайғамбарымыз (с.а.у): «Алла тағала»-дейді. Сол сәтте әлгі адамның қолынан қылышы түсіп кетеді. Қылышты қолына алған Пайғамбарымыз (с.а.у) : «Ал енді мен сені өлтірем десем мені кім тоқтата алады» - деп сұрайды. Әлгі адам: «Шамасы жете тұра зұлымдық істемейтіндердің ең абзалы болыңыз» - деген. Пайғамбарымыз (с.а.у): «Алланың жалғыз екеніне және менің Алланың елшісі екендігіме куәлік келтір», - дейді. Әлгі адам: «Енді адам өлтіруге тырыспаймын, сенімен бірге де болмаймын және сенімен соғысатындардың ішінде де болмаймын», - деп сөз береді. Сонда пайғамбарымыз (с.а.у) әлгі адамды жөніне қоя берді. Әлгі адам өз қауымына келген соң «Мен адамзаттың ішіндегі ең абзалының алдынан келдім», - деген екен.

 

Пайғамбарымыздың (с.а.у) қарапайымдылығы:

 

Пайғамбарымыз адамдардың ішінде өте қарапайымдысы еді. Ол байдың да кедейдің де шақыруын қабыл алатын. Пайғамбарымыз (с.а.у) ешуақытта оған сыйға берілген затты сынамаған оны керексіз қылып кері қайтармаған. Ол сыйлықты мұсылманнан да, мұсылман еместен де еркектен де әйелден де қабыл алған. Пайғамбар (с.а.у) мұны өзінен кейінгілерге де бұйырған.

 

Атақты хадисте:

 

لَوْ دُعِيتُ إِلى ذِراعٍ أَوْ كُراعٍ لَأَجَبْتُ ، وَلَوْ أُهْدِيَ إِليَّ ذِرَاعٌ أَوْ كُراعٌ لَقَبِلْتُ

 

«Мені қойдың жамбас етін пісіріп шақырса да, сирағын асып шақырса да, жауап берер едім және сыйға тартылса, қабыл етер едім», деген екен.

 

Бұл жерде «курағ» еті жоқ құр сүйекті айтып отыр. Адам үшін сыйлықтың сапасы оның құны емес маңыздысы адамның сол сыйлық тарту еткендегі ізгі ниеті мен пейілі.

 

Басқа бір хадисте пайғамбарымыз (с.а.у):

 

أَجِيبُوا الدَّاعِي وَ لَا تَرُدُّوا الْهَدِيَةَ

 

Шақырғанға жауап беріңдер және сыйлықты қайтармаңдар деген.

 

Алла тағала қарапайымдылық жайында қасиетті Құранда:

 

تِلْكَ الدّارُ الاَخِرَةُ نَجْعَلُهَا لِلّذِينَ لاَ يُرِيدُونَ عُلُوّاً فِي الأرْضِ وَلاَ فَسَاداً وَالْعَاقِبَةُ لِلْمُتّقِينَ

 

Ал сонау ақыреттегі мәңгілік бақыт мекеніне келсек, оны жер бетінде (молшылықты көтере алмай) асып-тасуды һәм бүлікшілік шығаруды қаламайтындарға нәсіп етеміз. Ақырғы жетістік - Алланы лайықты түрде ұлықтайтын әрі азабынан сақтанатын тақуа жандарға тиесілі.

 

Пайғамбарымыздың (с.а.у) уәдеге беріктігі:

 

Пайғамбарымыздың (с.а.у) мүбәрак хадисінде:

 

اِضْمِنُوا لِي سِتًّا مِنْ أَنْفُسِكُمْ ، أَضْمَنُ لَكُمْ الْجَنَّةَ : اُصْدُقُوا إِذَا حَدَّثْتُمْ، وَأَوْفُوا إِذَا وَعَدْتُمْ، وَأَدُّوا إِذَا اُؤْتُمِنْتُمْ، وَاحْفَظُوا فُرُوجَكُمْ، وَغَضُّوا أَبْصَارَكُمْ، وَكَفُّوا أَيْدِيَكُمْ.

 

«Маған алты нәрсеге кепілдік берсеңдер, мен сендердің жәннатқа кіретіндеріңе кепілдік беремін: Сөздеріңе берік болыңдар, уәделеріңде тұрыңдар, аманатты қайтарыңдар, ұятты жерлеріңді сақтаңдар, көздеріңді төмен салыңдар, қолдарыңа ие болыңдар», деді.

 

Уәдеде тұрмайтын адамдарды пайғамбарымыз екі жүзділер санатына кіргізген. Пайғамбарымыз (с.а.у) хадисінде:

 

آيَةُ الْمُنَافِقِ ثَلاثٌ إِذَا حَدَّثَ كَذَبَ ، وَإِذَا وَعَدَ أَخْلَفَ ، وَإِذَا اؤْتُمِنَ خَانَ

 

Мұнафиқтың белгісі үшеу, егер сөйлесе өтірік айтады, уәдесін орындамайды, аманат қылынса, қиянат жасайды.

 

Пайғамбарымыздың (с.а.у) әзілдеуі;

 

Адам жанын жадыратып, көңілін бір серпітіп тастайтын қасиетке ие бұл әзілге Ислам діні де өзінше бір баға беріп, шегі мен шекарасын белгілеген. Себебі, ұшы-қиыры жоқ әзіл-қалжыңның шегін белгілемеске тағы болмайды. Орынсыз қалжың, шектен шыққан әзілдің реніш тудырып, ашу мен ыза шақыратын да қасиеті бар.

 

Дін-Ислам әзілді тыймайды, бірақ белгілі бір шарт-талаптар қояды. Кейде арамызда бір-бірімізбен әзілдесіп жатып, Ислам діні белгілеп берген, Пайғамбарымыз (с.а.у) сызып берген шекарадан аттап, белгілеп берген шектен шығып кетіп жатамыз. Сондықтан да, әзілдің де мөлшерін біле жүргеніміз жөн болар.

 

Пайғамбарымыздың салихалы өмірінде болған бір мысал келтірсек:

 

Бірде қартайып қалған бір әже Пайғамбарымызға (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм) келіп:

 

- Уа, Алланың Елшісі (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм), Жәннатқа кіруім үшін дұға етші!», - деп сұрайды. Пайғамбарымыз да (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм);

 

- Қарт әйелдер Жәннатқа кірмейді, - дейді. Пайғамбарымыздан мұны естіген қарт ана әлгі жерден көңілі құлазып, жылап кетеді. Пайғамбарымыз артынша соңынан бір сахабаны жіберіп: «Оған айт қарт әйелдер жәннатқа кәрі күйінде емес, жас болып кіреді», - деп сәлем жолдайды).

 

Көркем мінез - дінімізбен қоса екі дүниеде де бақытқа бастайтын бірден-бір жол. Егер біз ислам ұсынған көркем мінез үлгілерін дәріптеп, иманымыздың кәмілдігін Пайғамбарымыз бен сахабалар секілді іспен көрсете білсек және оны өмірлік дәстүрге айналдыра алсақ, төрткүл дүниенің түкпіріне тарыдай шашылған адамзат баласының исламға деген махаббаты да арта түспек.

 

Ендеше, құдіреті күшті Алла тағаладан мінезімізді көркем етіп, ақыреттегі есепте таразымыз сауап жағынан ауыр келуін сұраймыз.

 

«Өңірлерде түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасын Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қамқорлығымен «Ақниет» АНОО» ҚҚ іске асыруда.