Астана қаласы,
Қабанбай батыр к-сі,
«Радуга» тұрғын үй кешені, 5/1

info@aqniet.com

Павлодар облысының теологы сотталған діндарларға дәріс өткізді

«Өңірлерде түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасы шеңберінде Павлодар облысындағы «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» ҚҚ өкілдігінің жетекшісі Уныйбаев Ерлан Жиксимбаевич «АП-162/3 мекемесі» РММ-де қылмыстық жазасын өтеп жатқан сотталған діндарлар үшін «Исламдағы әдеп мәселесі» ұжымдық теологиялық сабақ өткізді.

 

Дін ислам діңгегім дейтін иісі қазақ қашан да әдептен озбауды, адамгершілік асыл қасиеттерді сақтауды құп көрген. «Үлкен тұрып, кіші сөйлегеннен без», «Әдепсіз бала - ауыздықсыз атпен тең, Ақылды кәрия - жазып қойған хатпен тең», «Әдепсіз жігіт жүгенсіз атқа ұқсайды», «Әдеп пен құлақтың анасы - тіл», «Алыстан сәлем береді, әдепті елдің баласы» секілді халықтың тұмса тұнық, мол мұралы ауыз әдебиетінде сақталған даналық сөздерінің, мақал-мәтелдерінің бойынан да дәл осы насихат байқалады.

 

Расында бұл сабақтастық «баяғы өткен заманнан, дін мұсылман аманнан» үзілмегенін әрі асыл дінімізден бастау алған дәстүр жалғастығы екенін әр ғибратттан анық байқаймыз. Ислам һәм ахлақ мәселесі - түйткілді маңызды тақырыптардың бірі. Өйткені дініміздің өзі әдепке, көркем мінезге негізделеді.

 

Мұсылман қауымның басты ұмтылатын мақсаттарының бірі де - әдеп сақтау яки көркем мінезді бола білу. Қай-қай амалды алсаңыз да, хақ жолы тек игі жақсылыққа, ізгілікке үндейді. Пайғамбарымыз (ﷺ) бір хадисінде өзінің жіберілу мақсатын былай деп жеткізеді:

 

بُعِثْتُ لِأُتَمِّمَ مَكَارِمَ الْأَخْلاقِ

 

«Шын мәнінде мен көркем мінездерді кемелдендіру үшін жіберілгенмін», - (Әбу Һурайра риуаяты, Ахмед 2/381) деп адамзат пен жындарға соңғы Елші ретінде жіберілуінің басты мақсаттарының адамзат баласына көркем мінездерді жалпыластыру екенін айтады. Пайғамбарымыздың (ﷺ) бұл миссиасы жайлы Құран Кәрімде Алла Тағала:

 

وَ إِنَّكَ لَعَلَى خُلُقٍ عَظِيمٍ

 

«Расында сен үлкен мінез иесісің» («Қалам» сүресі, 4-аят), - деп анықтама береді. Демек, асыл дініміздің негізгі мақсаттарының бірі адамзатты тәриелеу болып саналады. Сондықтан да, біздің бабаларымыз да халық ретінде осы діннің осы мақсатын жете білген. «Әдепті бала - арлы бала, Әдепсіз бала - сорлы бала», «Сіз» деген әдеп,«Біз» деген көмек», «Әдепсіз үйге кірме, Басшысыз елде тұрма» деген мақалдар қалдырған.

 

«Өңірлердегі түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасын Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қамқорлығымен «Ақниет» АНОО» ҚҚ іске асыруда.