Астана қаласы,
Қабанбай батыр к-сі,
«Радуга» тұрғын үй кешені, 5/1

info@aqniet.com

Салафилік пен өзара түрлерге бөлінуі

Түркістан облысы бойынша «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» КҚ-ның Түркістан облысы бойынша жетекшісі Ботакараев Бауыржан Куанышбаевич, «Аймақтарда деструктивті және радикалды діни идеологияны ұстанушыларға түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай механизмдерін ұсыну» әлеуметтік жобасы аясында «Саләфилік пен өзара түрлерге бөлінуі» тақырыбында Түркістан облысы ҚАЖ департаменті қызметкерлеріне дәріс өткізді.

 

Қазақстан аймағындағы мадхалиттер «тақия» үкімін қолдана отырып, өз мақсаттары жолында біршама істер атқаруда. Басқа да сәләфилік ағымдар сияқты бұл ағымның да негізгі мақсаты, сәләфиттік-мадхали ілімді кеңінен таратып, жақтастарын көбейту. Алайда сәләфиттік ағымдардың Қазақстанның, тіпті әлемнің атақты ғалымдары, теологтары мен саясаттанушылары тарапынан мемлекеттілік пен ұлттық құндылыққа қатер төндіретін ағым ретінде қатты сынға алынуы, мадхализмнің еркін таралуына кедергі болды.

 

Тағы басқа да кедергілерден айналып өту үшін мадхалиттер «тақияны» теріс пайдаланып айлаға көшкен. Яғни, мадхалиттік-сәләфиттік ілімді тарата отырып, ешқашан өздерін «мадхалиміз» деп мойындамайды.

 

Керісінше «біз таза исламды ұстанамыз» деп жарияға жар салады. Мадхалиттік-сәләфиттік идеяларды насихаттау үшін арнайы сайттар мен діни-ағарту порталдары жұмыс жасайды. Сонымен қатар осындай бағыттағы сайттарда қазіргі кезде ақпарат кеңістігін жақсы игерген аталған ағым өкілдері әрқашан мемлекеттік саясатты қолдайтынын білдіріп, билікті мадақтап, жағымпаздық жасап отырады.

 

Бұл өз кезегінде мадхалиттер тарапынан шынайы бет-бейнесін жасыру және өз ілімдерін таратуда билік пен халықтың сеніміне кіру үшін жасалып жатқан шаралар. Өз ілімдерін таратуда мадхалиттер сөздерін қуаттауға және шынайы бейнесін жасыруға халық арасындағы танымал адамдардың сөздері, мақал-мәтел, басқа да мәдени құндылықтарды пайдаланады. Сәләфиттердің «мемлекеттік және ұлттық тұтастыққа қатерлі» деп сыналғанын жоғарыда келтіріп едік.

 

Осы сыннан құтылу мақсатында мадхалиттік-сәләфиттік сайттарында қазақы ою өрнектермен, мемлеттік тудың түсімен әрлеу, ұлт ардақтылары Абай, Шәкәрім сынды тұлғалардың сөздерін көз алдау үшін қолданады. Тіпті шектен шыққандары мемлекет басшысының да сөздерін өз мүдделеріне пайдалануда.

 

«Байсалды» (умеренный) ұғымы арқылы мадхалиттік ағым мадхалиттік-сәләфиттік идеянының дұрыстығын дәлелдеуге тырысты. Мадхалиттер өздерінің сүттен ақ, судан таза екенін көрсету үшін такфиристерді жамандап, өздерінің ол идеологияға қатысы жоқ екенін дәлелдемек болып, ақпарат кеңістігіне әртүрлі видео, аудио, мақалалар, үндеулер жариялады. Бұл өз кезегінде жемісін беріп, әлі күнге дейін ағымның бүркеніп жұмыс жасауына мүмкіндіктер туындады.

 

Тағы бір көңіл бөлерлік мәселе мадхалиттік-сәләфиттік ағым өкілдерінің Қазақстандағы бүркене жүріп, бәсекелестері мен қарсыластарына соққы беру тәсілі. Мадхалиттердің басты қарсыластары мен бәсекелестеріне сәләфиттік идеологияны сынаған ғалымдар мен беделді теологтар жатады. Сәләфиттік идеологияны сынаған адамдарды мадхалиттік –сәләфиттер жамандау, видео, аудио монтаждармен орынсыз жала жауып, «адақан сопы», «хабашит» деген секілді діндегі ағымдарға теліп қою жиі кездесетін жайт. Бұл тұста мадхалиттік-сәләфиттердің сопылық пен мазхаб ұстануға тікелей қарсы әрекет ететіні аңғару қиын емес. Соңғы кездері мадхалиттік-сәләфиттердің тақияны теріс ұстанып, бүркенгені сондай, өзінің мадхалис екенін жоққа шығарып «мен Ханафи мазхабындамын » деп айтқан фактілер де кездесуде.

 

Мадхалиттердің жоғарыда келтірілген негізгі бейнесін жасыруы, яғни, тақия жасауы ислам дініндегі «тақия» жасаудың қолданысымен мүлде сәйкес емес. Себебі қазіргі күні мыңдаған мешіттерде милиондаған адам құлшылық қылып жатқан, зайырлы елімізде тақия жасауға ешқандай мәжбүрлік жоқ.

 

Ешкім сен мұсылмансың, дініңнен бас тарт!» демейді. Сондықтан мадхалиттік-сәләфиттердің бұл әрекеті «тақия» деп желеу етіп, тек жымысқы ойларын күні оңынан туғанша уақытша жасыра тұруы ғана деп бағалауға болады.

 

«Сәләфизмге толықтай тыйым салу - кезек күттірмейтін мәселе» Белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы «сәләфизмге ағым ретінде толықтай тыйым салыну керек» деп есептейді. «Бұл мәселеге жан-жақты қарау керек. Осы уақытқа дейін біраз жұмыстар жасалды. Сәләфизм ағымына заң жүзінде толық тыйым салынбаған. Десе де осыдан 5-6 жыл бұрынғы жағдайға қарағанда, ағымның алдын алуға байланысты бірқатар мәселелер шешімін тауып келеді.

 

Біріншіден, қазір интернеттегі теріс насихаттарға шектеу қойылған. Бұрынғыдай емін-еркін, ойларына келгенін жазып, насихаттап жатқан жоқ. Осы жағы бір жүйеге келіп қалды деп айтуға болады. Дегенмен толықтай жойылды деп те айта алмаймыз.

 

Екіншіден теріс ағымды насихаттап жүрген Ділмұрат, Ибрахим Халил секілді адамдар депортацияланып, үстінен қылмыстық іс қозғалып, түрмеге жабылды. Бұл да ауқымды жұмыс. Жат ағымның басты серкелерін қамауға алғаннан кейін біраз адам ойланды деген ойдамын.

 

Үшіншіден, ағым ретінде толықтай тыйым салуға әлі де кеш емес. Тіпті кезек күттірмейтін мәселе деп есептеймін. Бұған қазіргі таңда ешқандай кедергі жоқ. Тек қана бізге саяси шешім мен батылдық қажет. Мысалы, таблиғи жамағатқа заң жүзінде тыйым салынды. Тыйым салынғаннан кейін олардың радикализмге айналып кеткенін байқамадық. Керісінше тыйылды.

 

Ал Қырғызстанда бұл жамағатқа тыйым салынбады, кейін олар кеңінен етек жайып, көбейіп кетті. Сондықтан мен сәләфизмге ағым ретінде заңмен тыйым салыну керек деп айтып жүрмін. Әрине, сәләфилердің бәрін түрмеге қамау міндетті емес. Шартты түрде жазалауға немесе белгілі бір әкімшілік жазаға тартуға болады. Жасаған насихатына қарай, қоғамның бірлігін бұзуға қарай түрмеге дейінгі біраз жазаларды қолдану керек», - дейді Қайрат Жолдыбайұлы.

 

«Өңірлерде түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасын Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қамқорлығымен «Ақниет» АНОО» ҚҚ іске асыруда.