Астана қаласы,
Қабанбай батыр к-сі,
«Радуга» тұрғын үй кешені, 5/1

info@aqniet.com

Шымкент қаласы ҚАЖД қарасты түзеу мекемесінің мамандарына дәріс өткізілді

Шымкент қаласы ҚАЖД-на қарасты түзеу мекемелеріндегі мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған «Өңірлердегі түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» атты әлеуметтік жобаға «Ақниет» ақпараттық және оңалту орталығының өңір басшысы Дәлелхан Оспанов арнайы қатысты. Семинар барысында «Құран іліміндегі мухкам және муташабиһ аяттарын түсіну» жайлы лекция оқыды.

 

Аллаһ Тағаланың шарапатымен Қазақстан тәуелсіздігін алып, егеменді ел болғалы дінімізде бостандық көгінде самғай ұшып, нұр шуақты рухани көктем де қайта оралды. Имандылыққа қайта бет бұрғалы бері халқымыздың ислами еңбектерге деген сұранысы күн өткен сайын артып келеді. Оны елдің бүгінгі Ислам дінін танып білуге деген талпынысынан анық көріп отырмыз.

 

Мұхқам (түсінікті) және мүташаббих (астарлы) аяттар

 

Құранда «мұхқам» (түсінікті) және «мүташаббих» (астарлы) аяттар бар. «Мұхқам аяттар» деп мағынасы айқын, кез-келген адам түсіне алатын аяттарды айтамыз. Ал, «мүташаббих аяттар» дегеніміз - мағынасы айқын емес, сыртқы көрінісі мақлұқтардың сипатына ұқсаған бірақ мағынасы басқа, астарлы аяттар. Бұны ақыл иелері - ақида ғалымдары ғана түсінеді.

 

Муташаббих аяттарды түсінудің екі жолы бар. Біріншісі Салаф ғұламаларының ұстанымы, яғни бұл аяттардың мағынасын Аллаһқа тапсырып, бұл аяттардың тілдік мағынасын Аллаһқа бекітпеу (яғни мақлұққа ұқсатпау). Салаф ғұламалары бұл аяттардың бір мақсаты барын жақсы білді, бірақ сол мағынаны ашып айтпады. Оны терең білу момындарға жүктелген іс емесін жақсы білді де, иман келтіріп тоқтады. Ал екіншісі Халаф ғұламаларының және кейбір Салаф ғұламалары ұстанған жол, яғни муташаббих аяттарға астарлы (тауил) мағына беріп түсіну.

 

Бұлардың астарлы мағына беруі мұсылмандарды қате түсініктен аман алып қалу болды. Өйткені заманында бұл аяттарды сырттай тілдік мағынасында түсініп, Аллаһты жаратылысқа ұқсатушылардың пайда болуы олардың бұл аяттарға астарлы мағына беріп түсінуге мұсылмандарды шақырды. Бүгінгі таңда болып жатқан жағдайларға байланысты бұл аяттардың сұралуы қате түсінудің салдарынан болып жатқан мұсылмандар арасындағы қақтығыстардың өзі Халаф ғұламаларының ұстанымының пайда болуына дәлел болады.

 

 

Аллаһ Тағаланың сипаттарын және мұхқам аяттары мен мүташаббих аяттарын түсіндіретін үш топ бар. Олар - ахли-сунна уәл - жамаға ғалымдары, Мұғтазалия масхабы және Карамия.

 

І. Бірінші топ - Ахли-сунна уәл-жамаға ғалымдары - мұхқам аяттары мен мүташаббих аяттарын екі жолмен түсіндіреді. Бірінші жол - салафи-солихтардың (олар Пайғамбар (с.а.у.) көрген сахабалар), табиғиндердің (салафи-солихтарды көргендер), табо-табиғиндердің (табиғиндерді көргендер) жолы. Екінші жол - холофтардың жолы. Холофтар деп Пайғамбарымыз Мұхаммад (с.а.у) - нан үш ғасыр соң келген мұсылман жамағаты. Пайғамбарымыз Мұхаммад (с.а.у.): «Ең жақсы ғасыр - менің ғасырым, менен кейінгілердің және одан кейінгілердің ғасыры» деп айтқан болатын.

 

Салафи-солихтардың, табиғиндердің, табо-табиғиндердің түсініктері мынандай еді: олар Аллаһ Тағаланы пәктеді, ешбір мақұлыққа ұқсатпады. «Мұндай астарлы аяттардың нақты мағынасын бір Аллаһ ғана біледі» деп, Аллаһ Тағалаға жүктеді. Олар аяттарға мағына беруден, Аллаһ Тағаланы мақұлыққа ұқсатып алудан және Оның сипаттарын жоққа шығарып алудан қорықты.

 

Холофтардың мүташаббих аяттарын түсіну ұғымы мынандай болатын: олар Аллаһ Тағаланы мақұлыққа ұқсатпай пәктеді. Аллаһ Тағаланы мақұлықтарға ұқсатып алудан қорқып, тауил жасады. Тауил дегеніміз - мүташаббих аяттардың астарына үңіліп, Аллаһ Тағаланың затына лайықты болған ауыспалы мағыныларды алу.

 

2. Екінші топ - Мұғтазалия масхабы (оны Уәсил мен Ато шығарған) Аллаһтың сипаттарын мүлдем мойындамайды. Олар: «Аллаһ затымен естиді, затымен көреді» деп айтады. Бұл - адасқан топ.

 

3. Үшінші топ - Карамия (оны Абдулла бин Карам шығарған). Олар Аллаһ Тағаланы суреттейді және Оған құрал береді. Мысалы: «Аллаһ Тағаланың құлағы бар, бірақ біздің құлағымызға ұқсамайды. Аллаһ Тағаланың көзі бар, бірақ біздің көзімізге ұқсамайды», - деп, Аллаһ Тағалаға ағза береді.

 

Аллаһ Тағаланың рахматыменен ахли-сунна уал-жамаға ғұламалары бұп екі топқа тойтарыс беріп, олардың фитнасын тоқтатты. Ахли-сунна ғұламаларының ақида жөнінде бірнеше кітаптары бар. Мысалы: Абу Ханифа «Фихқул Акбар», «Васоя», Имам Матруди «Таухид», Имам Ашғари «Ибана», Абу Жағфар Тахауи «Ақидатул Тахауия» деген кітап жазды. Осы жерде тоқталып кететін жайт: Тахауидың он төрт шарқы (түсіндірмесі) бар. Осы он төрт шарықтың ішінде Али ибн Мұхаммад ибн Изаның шарқы дұрыс емес. Өйткені, ол Карамия сияқты Аллаһ Тағалаға жысым (дене) береді.

 

Мұхаммад (с.а.у.) Пайғамбарымыздың және Салаф ғұламаларының сөздерін мысалға келтіретін болсақ, Имам Бухари риуаят еткен мына хадисте «Пайғамбар Мұхаммад (с.а.у.): «Аллаһ Тағала болды, Одан баска еш нәрсе болған жоқ» дейді.

 

150-ші жылы қайтыс болған Әбу Ханифа (р.ғ.): «Сен ойлан, - дейді, - егер «Аллаһ қайда?» деп айтса, әлбетте айтар едім: «Жаратылысты жаратпай жатып, орын мен уақыт болмай жатып, Аллаһ Тағала болды. Аллаһ Тағала әзәли болғанда, жалпы «қайда?» деген сұрақтың өзі де болмады. Өйткені, Аллаһтан басқа жаратылыс болған жоқ. Аллаһ Тағала жаратылыстың бәрін Өзі жаратты».

 

Имам Шафиғи (рахметулахи алейх): «Аллаһ Тағала болды, орын болған жоқ. Кейін Ол орындыжаратты. Аллаһ Тағаланың заты, сипаттары орынды, мақұлықтарды жаратқаннан кейін де өзгерген жоқ» деген.

 

Имам Тахауи: «Аллаһ Тағала ұлық болды, ұлы болды. Шекаралардан, биіктерден, бұрыштардан, мүшелерден, еңбек құралдарынан, зиян қайтарушы және пайда беруші аспаптардан жоғары, жаратылыстың алты жағы болғандай (асты, үсті, алды, арты, оңы, солы - нәрсенің алты жағы) жаратылысты алты жақ қамтығандай оны қамтымайды. Және де «Таһа» сүресінің: «Ар-Рахман, ъәла ъАрши истәуә» деген 5-аяты келгенде, «истәуә» сөзінің сыртқы мағынасын алып, Аллаһ Тағаланы «Аршының (тақтың) үстіне отырды» деп, («Аршының» сөздіктегі тура мағынасы - «тақ», «жаннаттың шатыры», «мүлік» дегенді білдіреді) Аллаһ Тағаланы Аршыға тәуелді етеді».

 

«Истәуә» сөзінің араб тіліндегі мағыналарын терең зерттеген Файруз Забади атты тіл ғалымы «истәуә» сөзіне он бес мағына берген: 1. Пара-пар болды. 2. Көтерілді. З. Жетілді. 4. Пісті. 5. Орнықты. 6. Отырды. 7. Меңгерді. 8. Жаулап алды. 9. Басқарды. 10. Сақтады. 11. Қорғады. 12. Көңіл аударды. ... тағы басқалар.

 

«Таһа» сүресінің: «Ар-Рахман, ъәла ъАрши истәуә» деген 5-аяты келгенде, салаф ғұламалары Аллаһ Тағаланы пәктеп: «Аллаһ Тағала орынға, уақытқа, құралға мұқтаж емес, не мағынада айтқанын Аллаһ Тағаланың өзі біледі» деп, Аллаһ Тағалаға тапсырған.

 

Оған мысал: Али (радиаллаһу анһу) Бағдатта болғанда, Нуфу Бин Абдулла келіп, ішке кіріп: «Әй, мүъміндердің әмірі, есіктің алдында яхудилердің қырық адамы келіп тұр. Сізбен жолығып, сұрақтарына жауап алуды өтініп тұр» дейді. Али (радиаллаһу анһу): «Кірсін!» - деді. Олар Алидің (р.а) алдына келгенде: «Әй, Али, аспандағы Раббыңды бізге сипаттап бер. Ол қандай? Ол қандай нәрседе?» - деп сұрады.

 

Яхудилер «Аллаһ Тағалағаның денесі бар, Аршының үстінде отыр. Аллаһ Тағала аспанда» деп сенетін еді. Алла сақтасын олардың сенімінен! Сонда Али (р.а) қомданып тұрып: «Әй, яхудилер жамағаты, менен Аллаһ Тағаланың сипаттарын естіңдер. Одан кейін менен басқа ешкімнен сұрамаңдар. Раббым ең алғашқы басталусыз, ол еш нәрсемен араласпайды (денемен дене сияқты қосылмайды, ажырап тұрмайды). Оған ой жетпейді. Ол жысым (дене) емес. Оған орын қажет емес және де одан жоқтық озбаған» деп жауап береді.

 

Имам Малик (рахматулахи алейх) мешітте жамағатқа уағыз айтып отырғанда, бір адам келіп: «Әй, имам, «Ар-Рохман ъәла ъАрши истәуә» деген аяттағы «истәуәнің» мағынасы не?» дейді. Сонда имам Маликтің ұнжырғасы түсіп, қиналып қара терге түсті. Сосын басын көтеріп, терін сүртті де, денесін тік ұстап: «Аяттағы «истәуә» сөзі белгілі, бірақ оны қандай деп ақылға салып айтуға болмайды. Ол жөнінде сұрау - дінге кіргізген жаңалық (опасыздық). Мұндай бидғатшыны мешіттен қуып шығындар!» дейді.

 

«Истәуә» - әрбір мұсылман адам иман келтіруге (сенуге) тиісті Алла Тағаладан келген хабар. Оны жеткізу Пайғамбарға (с.ғ.с.) жүктелген еді. «Оны жеткізу деген не?» дегенде, ол: «Аллаһ Тағала әуелден болды. Орын, уақыт болған жоқ. Орын мен уақытты жаратқаннан кейін, Алла Тағаланың заты, сипаттары өзгерген жоқ. Өйткені, Алла Тағала жаратылысты өзгертеді. Ал, Оның заты, сипаттары өзгермейді,»-деді.

 

Али (р.а.): «Кім Раббымызды «шектелген» деп айтса, шындығында оның құлшылық қылатын Жаратушыны тануда надан болғаны. Аллаһ Тағала Аршыны жаратқанда - құдыретін көрсету үшін жаратты, затына орын қылып алу үшін емес. Өйткені, Оның заты, сипаттары еш нәрсеге мұқтаж емес,» - деген.

 

«Өңірлердегі түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» әлеуметтік жобасын Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қамқорлығымен «Ақниет» АНОО» ҚҚ іске асыруда.