Астана қаласы,
Қабанбай батыр к-сі,
«Радуга» тұрғын үй кешені, 5/1
info@aqniet.com
Әр қоғамда, әр ұлтта әйел адамға деген көзқарас әрқилы және де дау тудыратындай жағдайда болған. Біреуі қыз баланың дүниеге келуін мақтаныш көрсе, ал біреулері бұл жағдайды ұят санаған. Бұл ретте Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың рахымы мен сәлемі болсын) әйелдерге құрметпен қарап, қамқорлық жасауға үйретуден жалыққан жоқ. Ислам дінінде әйел адамның орны ерекше екені анық. Алла Тағала әйелдің сезімін еркекке қарағанда артығырақ жаратқан. Бұл сезімнің молдығы отбасында әйелдің негізгі әрі табиғи міндеті болып саналатын ұрпақ жалғастығы мен тәрбиесінде үлкен маңызға ие. Құран Кәрімде «Ниса» (Әйелдер) сүресі бар, Еркектер сүресі жоқ. Ислам дінінде Алла Тағала ер адамға әйелін, баласын, ата-анасын, қолына қараған жақын туыстарын асырап, бағып-қағуға жүктесе, әйелге ондай міндет жүктелмеген. Өйткені, әйел адам өмірге ұрпақ әкеліп, оны тәрбиелеу сынды ұлағатты істермен айналысады. Әйелдер үйде немесе сыртта жұмыс істеуге мәжбүр емес. Тұрмыс құрған болса күйеуі, құрмаған болса әкесі әйелге қажеттіліктерін әкеліп беруге тиіс. Бұл жөнінде Құранда әйелдерінің және балаларының ақыларын өтемейінше адамның намаздары, оразалары қабыл болмайтыны айтылады. «Намаздары қабыл болмайды» дегені, намаз борышынан құтылады, бірақ оған берілетін үлкен сауаптарға қауыша алмайды дегенді білдіреді. Алла Тағала әйелді еркекке аманат етіп, аманатқа қиянат жасамауын да әмір еткен. Хадисте былай делінеді: «Әйелдеріңді ренжітпеңдер. Ол Алла Тағаланың сендерге аманаты». Пайғамбарымыз бір хадис шәрифінде: «Үйінде (жетім) балалардың тәрбиесімен айналысып жатқан әйел жәннатта менімен бірге болады» деп бұйырады. Басқа бір хадис шәрифінде: «Дүние – өткінші пайда ғана. Оның пайда тигізетін ең қайырлы жаратылысы – ізгі әйелдер» делінеді. Алысқа кетпей-ақ, осы хадистерден әйел адамның отбасындағы бақыттың көзі, рахымшылықтың құшағы, мейірімділік тірегі екендігіне көз жеткіземіз.